Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасына әлі де бірқатар мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган көшкен жоқ. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік ақпарат саясатын іске асыру мәселелері жөніндегі комиссияның 7 маусымдағы №3 хаттамасына сәйкес іске асырылып жатыр. Бүгінгі күні осы интернет-ресурстардың бірыңғай тұғырнамасына 76 мемлекеттік орган мен 17 жергілікті атқарушы органды көшіруді жоспарладық. Бірақ, бүгінгі күні олардың ішінен 69 мемлекеттік орган мен 12 жергілікті атқарушы орган көшірілді. Осы шараны ары қарай жалғастыру керек. Сол себептен біздің тарапымыздан ұсыныс - осы қалған 7 мемлекеттік орган және 5 жергілікті атқарушы орган жедел түрде интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасына көшірілсе», - деді вице-министр Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында.
Оның атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдардан Нұр-Сұлтан, Алматы және Атырау, Ақтөбе, және Жамбыл облыстары интернет-ресурстардың бірыңғай тұғырнамасына көшулері қажет.
«Біз оқыту курстарын өткіздік. Бүгінгі күнге дейін 623 мемлекеттік қызметшілер оқытылды. 863 мемлекеттік қызметтің паспорттары толтырылды. Тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жоспарланған жұмыстарды орындаймыз деп үміттенемін», - деді Абылайхан Оспанов.
Осы ретте отырысқа төрағалық еткен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жоғарыда аталған өңірлердің әкімдіктеріне интернет-ресурстардың бірыңғай тұғырнамасына көшулерін жеделдету қажеттігін ескертті. Сонымен қатар министр бірыңғай тұғырнамада ақпарат жүйелі түрде жаңарып отыруы қажеттігін баса айтты.
«Кейде айлап ақпарат жаңартылмайды. Бізге дер уақытында берілмеген, ескіріп кеткен ақпараттың қажеті қанша? Бұл да үлкен мәселе. Себебі ақпарат барлық уақытта да өзекті болуы тиіс. Біз қате ақпарат тарады деп, адамдар өсек-аяңға сенеді деп ренжиміз. Түптеп келгенде мұндай жайттың орын алуына ресурстардағы ақпараттарды жүйелі түрде жаңартпай өзіміз түрткі болып отырмыз. Сондықтан мемлекеттік органдар ресурстардағы ақпараттарды жүйелі түрде жаңартып отыру мәселесін ерекше бақылауға алу тиіс»,- деді Аида Балаева.
Айта кетейік, онлайн форматта өткен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселелері, мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейін жыл сайынғы бағалаудың негізгі қорытындылары, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасының жұмысы, сондай-ақ «Ашық бюджеттер» порталын жетілдіру бойынша жұмыс жоспарының орындалуы талқыланды.