19 қаң, 2022 сағат 09:55

Әділхан Ержановтың «Штурм» фильмі Rotterdam халықаралық кинофестивалінде көрсетіледі


Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Штурм» фильмі 51-ші халықаралық Роттердам кинофестивалінің негізгі бағдарламасына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мәлімет таратты. 

Фильм Big Screen Competition байқауы аясында көрсетіледі, ал фестивальдің өзі 26 қаңтар мен 6 ақпан аралығында онлайн режимде өтеді.

«Штурм» — ресейлік LOOKFILM және FORESTFILM компанияларының қолдауымен ShortBrothers продюсерлік компаниясы түсірген Қазақстан-Ресей бірлескен туындысы.

Сондай-ақ жобаны жасауға «Қазақфильм», Cinerental киностудиясы және әйгілі Nomad Stunts каскадерлер тобы атсалысты.

Басты рөлдерді «Шәкірт» және «Движение вверх» фильмдері арқылы танымал ресейлік актерлер Александра Ревенко мен режиссерлер Ким Дружинин және Андрей Шалопаның «28 панфиловшы» және Алексей Мизгиревтің «Конвой» фильмдерінде басты рөлде ойнаған Азамат Нығманов сомдады.

Фильмнің актерлік құрамында Берік Айтжанов, Данияр Алшынов, Нұрлан Батыров, Нұрбек Мұқышев, Еркен Ғұбашев және Ерден Телемісов бар.

Фильмнің сценарий авторы және режиссері - Әділхан Ержанов. Продюсерлер Серік Әбішев, Ольга Хлащева, Александр Плотников, Борис Хлебников, Наталья Дрозд, Анна Тихонова, Аблайхан Әшімов, Жайдарбек Күнғожинов. 

Фильмнің сюжеті бойынша, Қаратастағы мектепті белгісіз біреулер басып алады. Олар балаларды кепілге алады, бірақ талап қоймайды. 

Қарлы боран салдарынан байланыс ақауына байланысты жергілікті полиция қаладан қосымша күш сұрай алмайды. 

Жергілікті ұстаз Тазшы көмектің көпке дейін келмейтінін түсініп, балалары кепілде отырған ата-аналардан құралған шабуылшылар тобын жинайды. 

Түнде олар шабуылға қатысты мәселелерді шешіп, маңызды шешім қабылдауы керек.