31 шіл, 2017 сағат 07:37

Әділетсіз, имансыз қайда барамыз?

Өркениет – заттық даму. Техника, құрылыс, егіншілік деген сияқты. Көзге көрінетін құбылыс нәрсе. Өркениет адамзаттың дамуы, қозғалысы. Ол тоқтап тұрмайды. Ол тоқтауы үшін қозғалыс тоқтауы керек. Ал, қозғалыс тоқтамайды. Қозғалыс өлсе бәрі өледі. Қозғалыстың зор бір түрі – жан (рух). Жан денені жұмсайды. Дене сол жанның жұмсауымен өркениет жасайды. Біз өркениеттен бөлектене алмаймыз. Өркениеттің ішіндеміз. Қазір өркениет өршіп тұр. Өркениетпен тіл табысқан қоғам, қоғам қалпын сақтайды. Тіл табыса алмаған қоғам тарайды. Америка – әлемдік өркениет жиынтығы. Қазіргі әлемнің көрінісі. ХХІ ғасырдың. Өркениет тек заттық нәрсе. Рухани нәрсе емес. Рухани нәрсе ол біздің ішімізде. Ішкі рухани дүние мен сыртқы заттық өркениет тіл табысқанда ғана шын нағыз өркениет орнайды. Өркениет ол қоғам. Отан. Мемлекет. Осы сөздердің синонимі тәріздес. Өйткені, қазір ғылымның, білімнің қадірі қатты артып тұрған ғасыр. Өркениет туралы көп айтылып жатқаны содан. ХХ ғасыр әсіресе білімнің патшалық құрған ғасыры болды. Бірақ ол білім өз бетімен кетсе ойран салады. Оны адастырмай жолға салып отыратын ол – иман. Құдайға сену. Біз Құдайға сенуіміз керек. Өркениет бізге құл қызметші болу керек.

Қазір араб өркениеті үлкен бір әлем. Араб, Америка өркениеттерін салыстырып қарау керек бізге. Бір жақты кетуге болмайды. Білім иманның қызметшісі болу керек. Білім нәпсінің қызметшісі болса онда өркениет бұзылады. Өз қалпынан, қоғам өз өсінен үнемі ауытқуда болады. Ал, бізге керегі оның ауытқымай, дірілдемей тыныштық қалпын сақтағаны. Қоғам шайқалмауы үшін екі тепе-теңдік, білім-иман өз орнында болуы керек. Құдайға сену – қоғамдағы басты фактор. Құдайға сенбеген қоғамның болашағы болмайды. Жерде түрлі өркениеттер бар. Тек Америка емес, тек араб емес. Мысалы қытай – өз алдына бір өркениеттік бөлшек. Жапонияда. Еуропа ол да бір  өз алдына құжынаған өркениет  илеуі. Иран өркениеті де бар. Ирандық өркениет ережесі бар. Осылардың бәрін біріктіретін бір фактор ол – білім өркениеті, затшылдық. Ал, рухани тұрғыдан бір емес. Иман дәрежесі қандай? Қытайда бұл жағынан бұддашылдық, конфуцишілдік, даошылдық түсініктермен еуропадан қалып қояды. Еуропада христиандық таным түсінік жұқанағы қалған. Америка кезінде протестанттық дін ұшқынымен ел болған еді, бүгінде ол діни құбылудың ордасына айналып, таза жалаң техникалық өркениетпен, затшылдықпен қалған қоғам болып отыр. Бүгінде американың діні – либерализм.  Либералшыл қоғамда еркіндік болуы мүмкін, бірақ рухани-заттық тепе-теңдік орнауы екіталай.  Тепе-теңдік заңының механизмі ол – өркениет һәм иман түзімі. Құстың екі қанаты секілді. Қоржынның екі басы секілді. Бірі болмаса бірі ауады. Бізге осы теңнің екі жағында тең ұстау керек. Осы екі теңді ұстауға қазір мұсылман мемлекеттер ұмтылып отыр. Мысалы –  Иран. Оның өркениеттік ережесі: иман-өркениет. Сол сияқты Сауд арабиясы – еуропа үшін жабық қоғам, біз үшін олай емес. Катар мемлекеті де қор, кедейшілікте, рухани құлдырауда өмір сүріп жатпағанға құсайды. Сол сияқты Кувейтте. Сол сияқты Эмираттар да, сол сияқты Иордания да. Олар мұнайды дінмен байланыстыра білді. Газ да, мұнай да иманмен өлшенсе ғана елге шын, дұрыс қызмет етеді.

Ол тек кубметр, баралелмен өлшенсе онда елге толық қызмет ете алмайды. Тек өркениетке қызмет теуі мүмкін. Ал, өркениет деген ол толық ел деген ұғым емес. Ел деген ұғымға ең жақындаудың тәсілі ол: Иман-Өркениет. Басқаша жақындау мүмкін емес. Басқаша жол, ереже, тәртіп жоқ. Осы күнге дейін әлемдік аренада қарастырылып келе жатқан екі даму моделі – социализм, капитализм шын мәнінде әлемдік даму жолын анықтап бере алмады. Социализм жеке меншікті жойды. Сөйтіп, әділетсіздікке барды. Әділетсіздік арқылы әділетті қоғам орнатпақшы болды. Капитализм керісінше жеке меншіктің шашбауын көтерді. Социализм рухани дүниені бір партиялық, атейістік қысымда сығымдап ұстаса, капитализм Құдайды жоққа шығарған жоқ, бірақ, рухты, жанды тежеусіз толық өз еркіне жіберді. Бұл жолда Құдай жолынан шығуға әкелді. Осы екі жолда қазір тығырыққа тіреліп отыр. Қазір осы екі жолдың ортасында бір жол табу керек боп тұр. Ол жол іздестірілуде. Осы орайда қазіргі таңда дүние жүзінде Ислам жайлы әңгіменің өршіп тұруы да тегін емес. Қазір сол үшінші ең бір дұрыс жол табылса, әлде де сол Ислам құндылықтарына табылады. Өйткені, Ислам – орташа жол. Ислам адамзатты  шектен шығуға шақырмайды, керісінше әр нәрсенің шек-мөлшерін дұрыс ұстануды үйретеді. Ел болып бізге енді ес жиятын уақыт жетті. Кім екенімізді еске мықтап түсіретін заман келді. Бізге жай өркениетті мемлекет құруға болмайды. Иманмен безендірілген өркениетті мемлекет құру керек. Иман, өркениет ара-қатынасын адамзаттың ой алыбы Лев Толстой осыдан жүз жыл бұрын саралап берген екен. Ол: «Устройство внешних форм общественной жизни без внутренного совершенствования – это все равно, что перекладывать без известки, но на новый манер разваливающееся здание из неотесанных камней. Как ни клади, все не будеть защищено от непогоды и будеть разваливаться» деген болатын.  Бұл иман деген нәрсенің шырын дәмін татқан данышпан, құдайшыл жанның шын жүрек сөзі.

Шынында иман сөзі патшалық құратын кез келді ме дейміз?! Бос әурешілікті, ақыл азабын ХХ ғасырда адамзат қатты тартты. ХХ ғасыр трагедиясы ол – имансыздық трагедиясы. Имансыз өркениеттердің өлу көрінісі. Рим империясы, кешегі, бүгінгі  совет империяларының құру себебі біреу-ақ – иман өлімі, құдайсыздық. Құран кәримде тарихы баян етілген өркениет иелері Лұт, Ғад, Семұд, Бабилония, Медиен ел-жұрт, қауымдары дәл осылай құдайсыздық зардабынан жер бетінен ізі өшірілгендерден еді. Бұны Ұлы Кітапта үлгі сабақ, тарих ретінде хабарлайды. Құранда тарих философиясы тұжырымдалған. Ол философия: «Құран жолымен жүрмеген ешбір өркениет, ел табысқа жете алмайды. Белгілі бір мерзімнен кейін апатқа ұшырайды» дейді. Ол Хақтық формуласы әлі өзгерген жоқ. Сол күйі. Аллаһ Тағала өйткені, өзгермейді. Иманның маңызын осылай аңғару керек. Құдай жолын, иман жолын іздеу қазір әлемде белсенділікпен жүріп жатыр. Бұл процестен біздің ел де шет қалып жатқан жоқ. Белгілі философ, профессор Әбдімәлік Нысанбаев бұл тұрғысында мынадай сараптама жасайды: «Қазақстандық жаңа философия үшінші мыңжылдықтың буырқаныстарына жауап беретіндей жаңа онтологиялық стратегия қалыптастырып үлгерді. Оның негізгі темірқазығы Шығыс және Батыстың дүниетанымдық типтерін оңтайлы синтездеу болып табылады, яғни батыстық өркениеттің ресурстары мен жетістіктерін, қазіргі заманғы ғылыми және технологиялық қуатын сақтай отырып, ол жоғалтқан рухани дәстүрлерді қайта қалпына келтіру, Шығыстың рухани тағылымын, «адам-әлем» қарым-қатынасының біртұтастығын қайта жаңғырту. «адамзат ұрпағы жаһандану заманында жер бетінде сақталып қала ма, қалмай ма?» деген ғаламдық мәселе алдынан шыққан бүгінгі адам баласы ғылымды адамгершілік пен руханилықтан жоғары қойған батыстық өркениеттің ілім-білімді адамзатқа қарсы бағытталған жат, дүлей күшке айналдырғанын түсіне бастады» (Ә.Нысанбаев. «Өзіндік таным» пәні және оның негіздері.  «Қазақ әдебиеті» газеті, 26. 04. 2002).

Бұл екі ұдай, екі жар күйде болушылықты қазақ азаматы Ерлан Жиенбайда (Алматы Технология және бизнес университеті компьютер орталығының меңгерушісі) жақсы талдайды. Ол: «Қазіргі заман – ғылым мен техникалық прогрестің шырқау шыңына жетіп, жеті қабат жер асты мен космосты қиналмай игеріп жатқан білімділердің заманы. Бірақ, ғылым дамып, білімділердің көбеюімен, қоғамның рухани құндылықтары саф алтынмен құндақталудың орнына, құлдырап құрып барады» дейді (Е.Жиенбай. Абай игерген ілімді біз неге игермейміз? «Қазақ әдебиеті» газеті, 01.12. 2000). Мәшһүр Жүсіп: «Сен маған Құдай ақыл берген екен, ғылым, білім берген екен деп, ақылыңа, ғылым, біліміңе сенбе! Сенгіш  болсаң, Құдайға сен!» деп ескертеді. Бұл бекер ме? Әрине, бекер емес. Мұртаза Бұлұтайдан мысал келтірейік: «Ғасырлар бойы дүние жүзінің көптеген аймақтарын отарға айналдырған Францияның мәшһүр философы Роже Гарди 1981 жылы Ислам дінін қабылдаған. Ол Франция коммунистік партиясының бас идеологы ретінде ондаған жылдар бойы материализм мен атеизмді насихаттаған еді. Сондықтан оның мұсылман болуы Франция мен Еуропа елдерінде үлкен жаңалық болды. Мұсылман болғаны жөніндегі баспасөз маслихатында Гарди былай дейді: «Ислам – ғасырлардың алдында жүретін дін. Өзге діндер болса, уақыттың артында жүрді. Исламнан басқа діндердің барлығы да уақытқа сәйкестендірілді, реформаланды. Киелі кітаптар уақыт талабына сай өзгертілді. Құран Кәрім болса жіберілген сәттен бастап уақытты биледі. Ол уақыттың емес, уақыт оның ізімен жүрді. Уақыт кәртейген сайын Құран жасара береді. Бұл уақыттан тыс керемет уақиға. Бүгінге дейін жойқын соғыстар мен әлеуметтік, саяси һәм экономикалық дағдарыстардың бәрінен де үлкен уақиға. Ислам материализмге, позивитистердің пікірлеріне һәм экзистенциялистердің пікірлеріне билік етеді. Бірақ бұлардың ешқайсысы да Исламға билік ете алмайды!»  Содан бастап, философтың қаламы Ислам үшін жұмыс істейді. Кейбір туындылары: «Исламның уәделері» (1983), «Тірілерге жолдауым»  (1986), «Ислам және адамзаттың болашағы» (1990), «Энтегризм – мәдени суицид» (1992)». Батыстық ақылдың, өркениет басшысының  Құран, Иман алдында бас иіп, екі күштің, екі ағымның тоғысуы деген осы болар. Бірақ, бұл тек бір жеке тұлғаның ғана тоғысуы. Әлем өркениеті апаттан аман қалу үшін қоғамдар тоғысуы керек. Қоғамдар жақындасуы керек. Әлемдік жақындасудың болмай қоймайтыны айқын. Оған дәлел –  ғаламдасу (глоболизация) деген процесс. Бірақ, бұл процестің бастаушы күші де  әзірге сол өркениет боп тұр. Ондағы Иманның рөлі жетекші не тең дәрежеде деп айта алмаймыз. Бірақ, ол болашақта болатын құбылыс. Яғни, Исламның өрлеуі ол болатын құбылыс. Оған қазіргі заман дәлел бола алады. Ендігі әңгіме үлкен әлемдік құрылымның жеке бөлшек, единицалары туралы болмақ. Оған әуелі жеке қоғамдар ыңғайласуы керек. Ол ыңғайласу: «Өркениет-Иман» ыңғайласуы. Біздің жас Ел де осы тұрғыдан өзінің басын ашып алуы керек. Дағдарысқа барып тірелетін жолды емес, шын жетіліп, дамитын жолды таңдап алуы керек. Біздің Ел қазір нөлде тұр. Алда өлшемдер басталатын жол тұр! Ендігі әрбір қадамымыз өлшемге түседі. Қазір бәрі кешірімді. Бұдан былайғы  бағытымыз, жүрер жолымызға кешірім болмайды. Соны аңғару керек.

Бұл тұрғыдан тарих өзі бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Тәуелсіздік әперді. Құжынаған адамзаттық өркениет қоғамын  алдымызға жайып салып отыр. Соған ойланбай қойып кетпей, күшті сараптау жүргізуіміз керек. Әсіресе, рухани тұсымызға абай болуымыз керек. Рухани бағыттан қателессек, материалдық тұрмысымызды бүлдіреміз. Бұл ажырағысыз, нәзік байланыстағы нәрселер. Батыс өркениетіндегі ғылымның алға шығып кетуіне, рухани өмірде де  ақыл-ойдың лидер болуына философия кінәлі. Оның басы, философияның бұлай қателесуі неден туындап отыр? Ол діннен бөлектеніп, дінмен ерегіске түсуінен. Ғылым неге дінмен ерегіске түседі?  Ол жүректі  ақылдың жете бағаламауынан туады. Таза ақылмен Құдайды тану мүмкін емес. Құдайды тану үшін адам денесінде орнатылған зат ол – жүрек. Батыс қатты  бағалаған ғалым, философ, математик, физик, физиолог Рене Декарт (1596-1650) осындай қателікке ұрынған жан. Ол туралы философиялық сөздікте былай дейді: «сущность души, по Д., в мышлении. В животных Д. Видел лишь сложные автоматы, лишенные души и способности мыслить. Вместе с Ф.Бэконом Д. Конечную задачу знания видел в господстве человека над силами природы, в открытии и изобретений технических средств, в познании причин и действий в усовершенствовании природы человека» (Философский словарь, Издательство политической литературы, М., 1975). Тек ақылға жүгінуден позивитизм пайда болды.  Ол ғылым тек көзге көрінгенге, нақты фактіге ғана жүгінуге шақырады. Бұл ғылым өзінше қатал, сол қаталдығымен шектеушілікке де ұрынады. Позитивизмнен – эмпиризм, эмотивизм келіп шығады. Біреуі таным үшін тек тәжірбиеге сүйенейік десе, екіншісі, эмотовизм (лат. возбуждать, волновать) жеке индивидтің бет алды рухани лағуына жол ашып береді. Яғни, «жеке адамның рухани өмірінде ойына не келсе, соны істеуіне болады. Бұл жерде ол абсолюттік құқыққа ие. Ол үшін оны сөгуге ешкімнің құқы жоқ» дейді. Бұл жерде ар-ұят деген түсінік роль атқармайды. Осылай, ғылымда шектен тыс шектеушілік, шектен шығуға әкеп соғады екен. Осы сияқты батыстағы ХХ ғасырдағы ең бір сәнді философиялық ағым олэкзистенциализм. Оның негізгі мағынасы да күңгірт нәрсе ғана. Бір парасы ол – өмірдің мағынаға ие еместігі. Адам өмірін мағынасыз деп  табады. Яғни, бұл жеке тұлғаның анық өзін-өзі жоғалтуына әкеп соғатын, соққан ғылым. Оның күйзелістен басқа беретіні шамалы. Ал, адам тек жан күйзеліспен ғана азапты өмір сүру үшін жаратылған зат емес. 

Осындай ақыл-ойдың батпағына әкеліп адамды шықпастай ғып батырып кеткен философия батысқа, ондағы қазіргі өркениетке опа әперіп жатқан жоқ. Жоғарыда, біз Құран Кәримде баян етілген, өздерінің рухани құлдырауынан апатқа ұшыратылған елдер жайлы айтқан едік. Сол  елдердің ең бір көрнектісі ол – Самуд еді. Самуд елі не үшін Аллаһ тарапынан қырғынға ұшыратылды? Самуд елі үлкен рухани ауытқуларға жол берді. Олар әйелдерді қойып, еркек пен еркек жыныстық қатынастарға баратын ең бір жексұрындық істерге барды. Олардың апатқа ұшыратылуының ең басты себебі осы тірліктері еді. Құран Кәримнің Ағраф сүресінің 80-84 аяттарында бұл жайт былай баяндалады: «Лұт (Аллаһтың оған сәлемі болсын) сол уақытта еліне: «Сендерден бұрын әлемнен ешкімнің істемеген арсыздығын істейсіңдер ме?» деді. «Сендер әйелдерді қойып еркектерге қызығып келесіңдер ме? Әрине, сендер шектен шыққан елсіңдер». Елінің жауабы: «Оларды кенттеріңнен шығарыңдар. Өйткені, олар өте тазасынған адамдар» деу ғана болды. Сонда, Лұтты және семьясын құтқардық. Бірақ қатыны ғана апатқа ұшырағандардан болды. Оларға жаңбыр жаудырдық. Күнәкәрлардың соңының қалай болғанын көр!»

Бұл тарихи жәйт түрік ғалымы Харун Яхьяның «Апатқа ұшыраған халықтар» (Погибшие народы. Харун Яхья. Культура, М., 2002) атты кітабында егжей-тегжей баяндалады. Оларға жіберілген апат түрі де Құранда анық айтылған: «Оларға апат әміріміз келген сәтте, ол жердің үстін астына келтірдік. Сондай-ақ, үстеріне ерекше әзірленіп қыздырылған тас жаудырдық» (Һұд сүресі, 82 аят). Неміс археологы Вернер Келлер қазіргі кезде бұл жерде үлкен жер сілкінісі мен вулкан атқылауы болғанын дәлелдеп отыр. Бұл апат археологтардың айтуынша б.э.б. 1800 жылдарда болған. Оның географиялық мекені қазіргі Иордания мемлекетіндегі Өлі теңіз маңы. Рим империясындағы Помпей қаласының да трагедиясы тура осы –  Лұт пайғамбар елінің басына түскен апатпен сабақтас. Помпей қаласы бұзылған жыныстық қатынастың ордасы болған. Қазіргі Италиядағы Капри аралы (Помпей оқиғасы болған жер) гомосексуалистердің бас қосатын жын ойнағына айналған көрінеді. Тарих қайталануда. Адамдардың есі кірмейді. Біздің енді тәуелсіздік алған Қазақстан да кейбір демограф ғалымдар «Қазақстанда жезөкшелер үйін ашу керек» деп даурығатын құсайды. Олардың әрине, Құран Кәримнен хабары жоқ. Оларды жетектейтін тек, ғылыми негізі жоқ болжам.

Ғылыми негізі жоқ болжам, түсініктер адамдарды тек қателікке ұрындырады. Әрине, батыс ғылымдардың анасы боп табылатын Құран Кәримді басшылыққа аламайды. Сондықтан да дамыған өркениетті батыста гомосексуалистерді құқықтық тұрғыдан олардың іс-әрекеттеріне рұқсат беріп, дәріптеп отыр. Гомосексуализм – олар үшін қазіргі таңда мәдени көрсеткіш.

Ол азғындықтың, рухани ластықтың көрсеткіші емес. Енді біз батыстан бұрын өзіміздің ішкі рухани дүниемізді бекітуіміз керек. Батыс қазір рухани күйреуге қарсы шара таппай дал болып отыр. Олар рухани имунитеттен біржола айырылу қаупі алдында тұр. Біз егер өз жолымызды таба алмасақ, сол апатқа қарай бет алған боламыз. Ол жол бізге – Кұран Кәрим! Құран нормалары. Құран Кәримді біз ғылыми тұрғыдан түсініп, зерттей, зерделей алмасақ, өткен тарихи қателерді шиырлап айналшықтаумен боламыз. Ал, ол бізге не керек?

Анық болып отырғандай, елдік, өркениет мәселелері иман категориясына өте байланысты әрі мұқтаж, әрі тәуелді. Әрине, біз өркениеттің маңызын бағалай алмай отырған жоқпыз. Өркениет бүгінгі заман талабы. Онсыз заманмен қоян-қолтық араласып, бір болу мүмкін емес. Өркениетті жасау керек не оны пайдалана білудің жолын, көзін таба білу керек. Бұл тұрғыда қазақ математигі Асқар Жұмаділдаев газетке берген сұхбатында жақсы ой-пікір білдіріпті: «Қазір қазақта бай көп. Біреуі өзінің ақыл-күшін сатып байыған емес. Не әкесінің байлығын пайдаланады, не алыпсатарлықпен айналысады, не ұрлайды. Өнертапқыштықтың не екенін білмейді. Біздің қоғамда ол туралы насихат та жоқ. Техникалық журналистика, техниканы түсінгісі келген талпыныс, психология жоқ. Көпшілік қауымның математикаға өкпелеуінің өзі осыдан шығады. Словения деген елде 2 миллион халық тұрады. Тек қана математика туралы 20 журнал шығады екен! Математиканы білген, математикасын дамытқан елдің бәрі алға шығып кетті. Математикамен, басқамен де ісі жоқ дамушы елдерді қара – әлі сол дамушы күйінде ілініп-салынып келе жатыр. Ақын мен математикті қарсы қойғым келмейді. Бірақ адамдардың ойы техникаға, өнертапқыштыққа ауса, шын егемен ел боламыз» (Асқар Жұмаділдаев. Қазір қазақта бай көп. Біреуі өзінің ақыл-күшін сатып байыған емес. «Жас алаш» газеті, 22 қаңтар, 2002). Ол рас. Біздің Қазақстанда математика өлі, абстрактылы ғылымға айналған. Олай болатыны оны біз күнделікті тұрмыста пайдаға асырмайтындығымыз. Ал, әлем не боп жатыр? Әлем біздің ойымызбен, тұрмысымызбен шектеліп қала ма екен? Олай бола қоймас. Шынында, осы біз кейде, қазақтар өзіміздің әлем көшінен қайда артта қалып қойғанымызды түсінбейтін сияқтымыз. Әлем бейне бір біз тұрған жерде тұрған сияқты, немесе ол шіркін біздің табанымыздың астында жатқан сияқты. Біз әлі сол қызметке таласумен есіл уақытымызды қор қылып жатқанда, әлем тегершігі қайда айналып бара жатыр?  Біз әлі фольклорлық санамен жүрген сияқтымыз. Біз ұйықтап жүрміз. Дін деп әруақты, шамандықты ұстағымыз келеді. Демократия дейміз де, рулық асабийатты қоздырамыз. Мәдениет біз үшін тек – айтыс, «Тамаша» ойын-сауық отауы, «Бауыржан-шоу»...  шапан жабу!  Олжас Сүлейменов айтпақшы –  «шапанизм»! Ал, Өркениетке барар жол – өнертапқыштық, не математика екен деп уайым жеп жүрмегеніміз кәдік! Бар кемшілікті «тәуелсіздік» ұғымымен жауып, бүркеп, жасыруды қоятын кез жеткен сияқты. Сонда ғана алға жылжу болмай ма? Елдік деген қасиетті ұғымның, түсініктің үдесінен біз шыға аламыз ба!? Ең зор қауіп осы! Осы қауіп бар ма? Бар! Нақты проблеманың бетіне нақты түрде қарау керек. Әйтпесе, Елдік жоқ. Елдік бәрімізге керек. Бір руға, бір партияға, бір тұлғаға ғана керек емес. Елдік деген ол ондай тар түсініктерге, идеяларға сиятын нәрсе емес. Біз елдікті алдап, өз ыңғайымызға тартып, бұра алмаймыз! Елдік деген ұғымның, идеяның астында бекерге жаншылып қалмайық, ағайын!

Елдік келді. Хош! Қазір ең көп айтылатын осы сөз. Егемендік дейміз, тәуелсіздік дейміз, ел-жер дейміз. Айтылудан, жарнамадан ақсап тұрған жағдайымыз жоқ-ау. Ең оңбағаны әркімнің, жеке адамның өзіне деген сыни көзқарастың жоқтығынан болып тұр. А.Байтұрсынов кезінде ел жұмысы туралы мынадай сындар айтып еді: «Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндей жұмыс сияқты. Құмырсқаша жабыла тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырсқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады. Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы. Қазақтың ісі қолынан келмейтіндерге сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр.

Осы күні қазаққа керек нәрсенің көбі әркімге-ақ мағлұм. Қазаққа не керек екенін білмегеннен істей алмай тұрған адам жоқ. Қазақ керегі айтылып жатыр һәм айтылар да. Жұртқа керегін білетіндер көп көп, ісейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді».  Немесе: «Расында айтқанда біздің қазақ балаларының жұрт жұмысын істеу әдетінде жоқ. Көбіміз ондай жұмысқа бөлерлік уақытты карта ойынына жұмсағанымызды қызықтырақ  көреміз. Сондықтан ойыншымыз көп, жұмысшымыз аз».  

Жеке  тұлғаның елдік жұмысындағы жауапкерлігін халық көсемі дөп көрсетіп, айтып отыр. Қазірде көбіміз ауызбен орақ орғанды кәсіп қылып барамыз. Еңбекқор құмырсқа емес, «көгалды қуып гөлайттап, ыршып жүріп ән салған» шегірткеге құсаймыз. Бұлай бола берсе «елдік», «тәуелсіздік» деген сөздерден де мағына кетіп, өлі ұғымға айналып кету қаупі бар. Ең бірінші әрбір адам өзін қатаң есепке, тергеуге алып, ар-ұждан (совесть)  қыспағына алмай біз ел бола алмаймыз. Ар-ұждан тірілмей, оянбай иман да орнықпайды. Иман да зорлықпен, яки бостан-босқа келетін егілетін нәрсе емес. Дана, хакім Абай: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?

Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» (Он бесінші қара сөз) дегені қандай тұжырымды, нақты сөз. Бұл жерде бар жүк, мәселе әр адамның өзінде, өз ішінде екенін көрсетіп тұр ғой. Яғни, өзінен-өзі есеп алмайтын адам ол адам емес, одан ешқандай есеп алуға болмайды. Ештеңе сұрауға да болмайды. Өйткені, ол өзінен ештеңе сұрамайды. Тек сырттан сұрайды, бар нәрсені сырттан іздейді. Сыртқа өкпелейді. Өзіне-өзі ешқашанда өкпелемейді. Тіпті, өзіне тимейді. Өзін сақтайды. Не үшін, кім үшін? Қоғам жеке тұлғалардан тұрады. Жеке тұлғасыз қоғам жоқ. Жеке тұлға кім? – қоғам сол! Жеке тұлғаның бәрі бұзық болып, қоғамның өзді-өзінен оңды, бақытты болып кетуі мүмкін емес. Жеке тұлғаның жауапкершілігі бұл жерде бек зор. Жеке тұлға жауапкершілігінен ой ойлауынан, уайым-қайғы жеуінен барып бәрі шығады. Сөзімізді Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңімен аяқтағымыз келіп отыр:

Жеке-жеке сөйлесең бәрі таза, 
Өзі емес анау күншіл, онда жаза. 
Ойларсың: «мынау нағыз адам ғой» деп, 
Біреуді сөйлегенде мінін қаза. 
Көп жұртқа ләнет оқыр мінезі үшін: 
«Көп жауыз, келе ала ма көпке күшім?» 
Байқасаң, көп жауыздық көбі өзінде, 
Сөзімен болсадағы аппақ кісің. 
Әркім өзін түземей ел оңбайды, 
Біреудің теріс деумен қылған ісін. 
Ел оңсын десең, әуелі өзіңді оңда, 
Өзіңді біл, өзіңе әбден түсін. 
Өзіңе-өзің ие бола алмасаң, 
Елге қалай келмекші сенің күшің? 
Міндетті санау керек әркім өзін, 
Басқа жақсы, жаман ба салмай көзін. 
Адамзат түзелмей ме өзі істесе, 
Басқаға ақыл қылып айтқан сөзін. 
Әркім өзін міндетті санамаған, 
Бірліксіз, алты бақан өңкей надан. 
Үшінші өнер-білім сенде жоқ, сол елдікті, 
Көктен алып бермек пе Құдай саған.

Қысқаша айтқанда, жеке бастың жауапкершілігін арттырып, Абай айтқандай ең бірінші өзімізді күшейтіп, иманға, әділетке қарай бет бұрайық, ағайын. Әділетсіз, имансыз қайда барамыз? Имансыз, әділетсіз ешқандай қоғамдық форма (мейлі супердемократиялық болса да) бізді ұшпаққа шығара алмайды.

Одан кейін шын нағыз елдіктің, өркениеттің кезегі келеді.

 Ақжол ҚАЛШАБЕК

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Ұлт порталы