25 қаз, 2017 сағат 11:44

Әділет министрі Lexus көлігін айырбастағысы келмейтінін айтты

ҚР Парламенті Мәжілісінің кулуарында Марат Бекетаев өзінің қызметтік көлігін айырбастағысы келмейтінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Әділет министрі барлық министрлер сияқты ҚР Президентінің Іс-басқарамасынан қызметтік көлікті жалға алады. Ол жалға берілген қызметтік көлікке қанша ақша төлейтіні жөніндегі ақпарат қолжетімді екенін атап өтті.

«Министрлердің мемлекеттік бюджет есебінен берілетін қызметтік көлікпен жұмысқа баруы қалыпты жағдай. Жеке көлік – бұл жеке ақпарат. ҚР Президентінің Іс-басқарамасынан министрлердің көлікті жалға алатыны сияқты мен де қызметтік көлікті жалға алдым. Оның маркасы – Лексус. Жалға алу бағасы белгіленген. Бұл – ақпарат ашық. Мен бұл сұраққа неге сонша мән беріп отырғандарыңызды түсінбедім», - деді ол.

Сондай-ақ журналистер министрге «сіздің қызметтік көлігіңіз қымбат емес пе, Қазақстанда жасалған автокөлікке отырғыңыз келмей ме?» деген сауал жолдады.

«Менің қызметтік көлігім соншалықты қымбат емес. Егер біз Астананың ауа райын есепке алсақ, мен қазір министрлер велосипедке кенеттен отырып кетеді деп ойламаймын», - деді Марат Бекетаев БАҚ өкілдерінің сұрағына.

Осы орайда министр аталған мәселеге байланысты журналистерді шу шығармауға шақырды. Оның айтуынша, бұл мәселені БАҚ өкілдері әдейі ушықтырып жүр екен.

«Менің көптеген әріптестерімнің отандық автопромның өніміне көңілдері толады. Олар отандық көліктерді пайдалануда. Мен тағы да сіздерді аталған мәселе жөнінде шу шығармауға шақырамын. Бұл жерден «интрига» іздеудің қажеті жоқ», - деп түйіндеді сөзін Әділет министрі.