Әдебиетке бағыт әкелу - сирек құбылыс. Тіпті, сол бағытты әкелген күннің өзінде "ол солай екен" деп айту үшін де жүрек керек. Дәл осылай деген белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек «Үркер» хабарында Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» жыр кітабын автордың өзімен бірге талқылады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Оның айтуынша, Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» атты өлеңдері мен публицистикалық мақалалары, әдеби сын мақалалары мен эсселері солай мойындалды, елдің барлығы біледі.
«Әбіш Кекілбайұлы ағамыз сіздің осы үштомдық жинағыңыздың бірінші томына алғысөз жазған екен. «Жортқанда жолың болсын, жолбарысым» деп. Енді екінің біріне өйтіп айта бермейтін шығар. Сонда сіздің жас кезіңізді былайша суреттепті. «Қарсы алдымдағы қара баланың қалқан құлағы тікірейіп, жұдырықтай өндіршегі одан бетер зорайып, көзінің аласы молайып, тал-тал кірпіктері андыздай көтеріліп бетіме бақырая қарады» дейді. Қарап отырсам, көп өзгермепсіз, аға. Әлі де, еркелеп айтайық, құлағыңыз қалқандай болып біздің ортамызда отырсыз. Қош келдіңіз, аға. Осы жерде Әбіш Кекілбаев былай деп жазады. Сіз енді Әбіш Кекілбайұлының алдына келіп отырсыз ғой. «Әб аға, мен оқуды тастадым. Үйлендім. Келініңіздің аты Шолпан. Алтай жағының қызы. Жаман адам емес сияқты. Бөпеміз де бар. Қызметке тұрдым. Бірақ аты бар да, заты жоқ. Өмір өлеңді жарылқағанмен, өлең өмірді жарылқай алмайтынын байқатты. Бүйтіп жүре бергенше деп, бір тоқтамға келдім» деп сіз өзіңіздің шешіміңізді айтасыз. «Мен Алматыдан кеттім. Мұнайшы болам» дейсіз ғой енді. Маңғыстау жаққа кеттім дейсіз», – деді Жүсіпбек Қорғасбек.
Ал автордың өзі ақындарға өмірбаян жасау, тағдырдың бір сынынан өту қаншалықты керек екенін айта келе, оның әртүрлі екенін тілге тиек етті.
«Біреулер жақсы өмірде, жақсы тірлікте жүреді. Мен Маңғыстауға ешқандай романтика іздеп барғам жоқ. Тағдырымды өзгертейін, тағдырыма жазылып қалсын деген жоқпын. Ол кезде әкем қайтыс болды да қайтып келгеннен кейін мені жұмыстан шығарып жіберіпті. Одан кейін барар жер, басар тау жоқ. Газеттерге, одан кейін журналдарға түрлі-түрлі жұмысқа тұрайын десем, ешкім жұмысқа алмайды. Ол кезде алдында телевидениеде істегем. Ешкім жұмысқа алмағаннан кейін, амал жоқ, бір жаққа кетуім керек болды. Ал елге барсам, елден шыға алмай қалам», – деді Темірхан Медетбек.
Модератордың айтуынша, автор қазақтың нағыз қаймағы дейтін Оңтүстікте Түркістанда туып-өскен. Ол жерде де қазақтың тілі бай. Сонымен бірге Маңғыстау жақтың тілі ерекше.
«Оның байлығын біз Әбіш Кекілбайұлы арқылы білеміз ғой. Осы жерде сіз бір кітабыңызда айтасыз. Абайдың өлеңі бар ғой, «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы» деген өлеңін мысалға келтіресіз де, «Біз сол өлеңді біржақты түсінеміз, біртекті талдаймыз» деп айтасыз. Мысалы үшін көң, қоқыр деген сияқты сөзді айтып қалса оған тыжырына қараймыз. Сонымен бірге трактор, бұрғының түр-түрі деген сияқты терминдерді айтып, жаза-тұғын болсақ сыншылар жақтырмай қарайды дейсіз. Сонымен бірге диалекті туралы айтасыз. Диалекті қазақтың сөзін байытып тұр дейсіз ғой. Ал бірақ әдебиет сыншылары диалект сөздерді кейіпкердің аузына салса кешіріммен қарайды, ал өз атымыздан жазсақ бізге біртүрлі қарайды деген сөзіңіз бар. Біртүрлі қарайды деген сөзге осыған сіз жауап бересіз»,– деді Жүсіпбек Қорғасбек.
Ал автордың айтуынша, ол шығармашылықта көрініп тұруы керек. Оның қыр-сыры, оның бүкіл бойына сіңіріп алған мінез. Әрбір тілдің өзінің шыққан жерінде мінез болады. Мәселен, доғалдау, ірілеу, кесектеу сөйлейді Маңғыстауда. Абайдың «бастау» дейтін сөзі бар. Бастауды әзір түсінбейтін адам жоқ. Ал бірақ кезінде бастау дейтін сөз оңтүстікте де, батыста да жоқ болатын. Сондықтан Абай сөздің керемет демократиясын жасаған адам. «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы» деген шын мәнінде өзінің орнымен тұрмайтын сөздерді қолданған. Мәселен, көң деген сөзді бір қап көңді пайдаланады. Бірақ оны ешкім де қазіргі заманда да, сол заманда да жаман сөз деп ешкім айтқан жоқ.
«Бізде диалект дейтін аз. Университетте де, институтта да лингвистердің өздері айтады. Бізде аз. Мәселен, өзбектерде өте көп. Бір ауылы мен екінші ауылы бір-бірін түсінбей қалатын да сөздер бар. Ал бізде бәрі түсінікті. Неге олай? Өйткені біз көшпелі болғанбыз. Далиған жер. Ал өзбектердің жері кішкентай ғана. Соның өзінде бір-бірін түсінбей қалады отырықшылар. Ал бізде үнемі тұрақты түрде анау Маңғыстаудан Ырғызға дейін көшіп келген, Ырғыздан Маңғыстауға дейін немесе Ырғыздағы адамдар Семей жаққа дейін барған. Сөйтіп, бір-біріне тілін түсінікті, бірқалыпты нормалары қазақ тілінде сақталып қалған. Сондықтан тіліміздің шұбарланбағаны, өзінің өте бір демократиялық деңгейде қарым-қатынаста болғаны, халқымыздың бәрі бір-біріне түсінікті болғаны. Қазір шығыстың адамы мен оңтүстіктің адамы немесе батыстың адамы бір-бірімен жатсынбай еркін сөйлеседі», – деді Темірхан Медетбек.
Осы кезде әңгімеге жазушы Әмірхан Меңдеке қосылды. Оның айтуынша, Темірхан Медетбек Абайдың Лермонтовтан аударғанын айтып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Марқұм Тәкен Әлімқұлов былай дейді: Қазақта бірінші орынды Абайға тиемелдейді. Екінші, үшінші, төртінші деп таласа беріңдер. Бірақ бірінші орынға таласпаңдар дегені ғой. Өйткені қазақта бірінші орын Абайға тиемел. Жарайды Абай гений, кемеңгер, данышпан. Бірақ кейіндері тағы кемеңгер шығуы мүмкін ғой. Бәрібір Абайға бірінші орын тиемел дейді Тәкен Әлімқұлов. Ол кейінгі кемеңгерлерің екінші, үшінші болсын деген сияқты ой айтады. Сол Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жанында» Абайды талдайды ғой. Талдағанда қазір де оқимын. Қызық-қызық талдайды. Мысалы, тек цифрлармен сөйлейді. Сібір қазақтарының сол кездегі уалаятында он поручик болған, жеті майор болған, он екі капитан болған. Он поучиктің бірі Құнанбай Өскенбай. Абайдың әкесі. Жеті майордың бірі Шыңғыс Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың әкесі деп талдайды. Абай Лермонтовтан 28 өлең аударған дейді. Санаған. Сөйтеді де өлеңдерді талдайды. Ал енді Тем ағаң Абайдың Лермонтовтан аударғанын айтып келеді. Бірақ Абайдың кемеңгерлігіне, Абайдың генийлігіне, Абайдың Данышпандығына ешқандай көлеңке түсірмейді. Мысалы, Лермонтов пен Абайды салыстырады да, Абай әлдеқайда тереңдетіп, кеңейтіп аударған дейді. Ол салыстырмалы өлеңнен білініп тұр», – деді Әмірхан Меңдеке.
Айта кетейік, бүгін «Үркер» хабарында Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» жыр кітабы автордың өзімен бірге талқыланды. Белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің айтуынша, Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» атты өлеңдері мен публицистикалық мақалаларын, әдеби сын мақалалары мен эсселері солай мойындалды, елдің барлығы біледі.