Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесінің мүшесі, доцент, дінтанушы ғалым Абдулла қажы Жолдасұлымен ел ішіндегі діни көзқарастар туралы аз-кем сұхбат құрған едік. Назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Батыс елдерінде Ислам діні - соғыс діні, тоталитарлық дін деген пікір жиі айтылады. Осы тұжырымға нендей пікір айтасыз?
– Бисмилләһир-рохмәнир-рохим. Әл-хәмду лилләһ, уас-солату уәс-сәләму ‘алә Расулилләһ. Аллаһ Тағаланың діні – әр уақытта бейбіт дін. Адам баласы өз тарихында көптеген өтпелі кезеңдерді басынан кешірді. Оның діни танымы да осы кезеңдермен байланысты өзгеріп, құбылып отырды. Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмнің бір хадисінде 124 мың пайғамбар өткендігі айтылады. Ұлы Жаратушының соншама мыңдардан таңдап жіберілген бір де бір өкілі – Елшісі әскери, кісі өлтіруге бейімделген құралды, не қаруды ойлап шығармаған. Нұх пайғамбар ‘аләйһис-сәләм адамзат баласын алапат топаннан құтқару үшін кеме жасады, Ыдырыс пайғамбар ‘аләйһис-сәләм ағартушылықпен, ал Иса пайғамбар ‘аләйһис-сәләм емшілік мұғжызасымен танылды. Әр пайғамбардың өзі тұрған ортасына сай мұғжызасы мен кәсібі болды. Бірақ, ешқайсысы адам баласына күш қолданатын, кісі өлтіретін қару, не бірер құрал жасаған емес. Бұл – Ислам дінінің бейбіт дін екендігінің жарқын бір дәлелі.
– Террорлық актілер кезінде көптеген жазықсыз адамдар қаза тауып жатады. Құран аяттары мен Пайғамбарымыз с.а.с. хадистері осы аса қатыгездікпен, зұлымдықпен адам өлтіру жайлы не не дейді?
– Мысалы, «Ниса» сүресінің 93-аятында Аллаһ (Тағала) мұсылмандарға былай деп бұйырады: «Кім бір момынды әдейі өлтіретін болса, оның жазасы мәңгілікке жәһәннәм. Оған Аллаһ (Тағала) қаһар етеді, лағнеттейді және оған өте зор азап әзірлейді». Кісі өлтірудің жазасы өте ауыр, өйткені, пенде атаулының ажалы мен өлтірілуі тек Жаратушы Иенің еркіндегі нәрсе, адам өлтіру – Аллаһтың құзыретіне қол сұғу болып табылады. Расуліміз тағы бір хадисінде: «Адамдардың арасында ең алдымен қиямет күні қанның төрелігі беріледі» деген.
– Мұсылмандардың басқа дін өкілдеріне көзқарасы мен қарым-қатынасы қандай болуы керек?
– Мұсылман елдерінде тұратын өзге дін өкілдерін де Ислам өзінің қамқорлығынан кенде қылмаған. Алдымен Хақ Иеміз «Юнус» сүресінің 99-аятында былай дейді: «Сен жұрттың бәрін момын мұсылман болсын деп мәжбүр қылмақпысың?». Ал «Бақара» суресінің 256-аятында: «Дінге зорлық жоқ» дейді. Мұсылман елінде мұсылман билігін мойындап және билікке алым-салық төлеп тұрған кітәбимен дауласуға, не оларға қысым көрсетуге ислам жол бермейді, олардың құқықтарын қорғайды. Кітәбилер үшін халал болған нәрселер бар, оларды ислам харам еткен деп тыюға болмайды. Яһудилер үшін сенбі күні жұмыс істеу харам. Оларды сенбіде жұмысқа жегуге болмайды, христиан жексенбіде шіркеуге баруы тиіс, оларға осы істе бөгет болу жарамайды. Мұсылман елдерінде осыны ескерген, олар ешқандай кедергісіз өз құлшылықтарын атқарып жатыр. Кітәби қауымдардан бір топ нажрандықтар Мәдинеде Пайғамбарымыздың ‘аләйһис-солату уәс-сәләм мешітінде ғибадат қылуға рұқсат алып, осы мешітте намаздарын оқығанын ислам тарихшылары хабарлайды. Оларға өз сахабаларынан ешкімнің қарсылық білдіріп, бөгет болуына рұқсат етпегендігін жазады. Міне, басқа дін өкілдерімен қарым-қатынастың нағыз ислами үлгісі осындай!
– Қазір кейбір қандастарымыз «кәпір» деген қорқынышты үкімді оңай, оңды-солды шығаратын болды. Осы жайлы айта кетсеңіз.
– Біздің еліміз – зайырлы, демократиялық ел. Намазымызды ешбір кедергісіз оқып жатырмыз, жаңа мешіттер ашылып жатыр. Десе де, біздің ішкі проблемаларымыз жеткілікті. Мешіттерде қазір жастар – негізгі жамағат, бірақ, олардың жақыннан бері ғана дінге бұрылғандығын кейбіреулер теріс пиғылда пайдаланып жүр. Олар "кім намаз оқымаса - кәпір, кім ананы істемесе - кәпір, мынаны істемесе - кәпір" дегенге кірісіп кетті. Ал қазір кейбір желөкпелер «намаз оқымаса болды», деп, ондай адамдардың мал-мүлкі тұрмақ өзіне де қастандық жасаудан қаймықпай отыр емес пе? Бұл, әрине, сол «кәпір» деп айдар таңушылардың қандас, діндес бауырларына жасаған үлкен зұлымдығы. Ең бастысы – бұл айыптаулар дінге, оның қайнар көздеріне негізделмеген. Мұсылман баласын мұсылманшылықтан шығару әрекеті асқына түскен қазіргі таңда жүгінгенде адаспайтындай риуаяттар мол. Оған да шүкір.
– Бүгінде өрімдей жастарға дейін ұзын сақал қою мәселесі күн тәртібіндегі тартысты тақырыпқа айналды. Осы жайлы пікіріңізді білдіре кетсеңіз.
– Кейбір Ділмұрат, Әбдіхалық секілді адамдар кезінде дәстүрлі исламды мойындамай, өздерінше жұртшылықты дұрыс жолға бастаған болып, елді бүлдіру істеріне мұрындық болды. Бүгінде бұл белсенділер араб елдерінде бой тасалап жүр. Дәстүрлі исламды мойындамау қасіретінен, тіпті, сақал қою да даулы мәселелердің біріне айналды. Жұма намазында (Атыраудың «Тақуа» мешітіндегі әңгімеде) сақал қойған жігіттерге:
Сақал қою парыз ба, сүннәт пе, не уәжіп пе? – деп сауал қойдым.
Уәжіп, оны қыру харам деген, - десті олар.
Жарайды, мен оған таласпай-ақ қояйын, бала-шағаны бағудың үкімі не?
Парыз.
Ендеше, осы бір сүннәт немесе содан сәл ғана жоғары тұрған амал үшін (олар үшін жұмыс табу өте қиын, олардың сақалдары үшін ешкім жұмыс бергісі келмейді) сендер жұмыс таппай тентіреп, бала-шағаларың қанғырып жүргеніне кім жазықты? Осы жақсы ма?
Әрине, олар маған бұл сауалыма жауап бере алмады. Олар менен әр шарғи амал сайын анық, нақты риуаят жөнінде сұрады. Әр амалға оларды тоқтатардай риуаят келтіре беру оңай тірлік емес. Олардың, тіпті, өз ата-аналарын мұсылман емес деулерін тоқтату қиын. Мұндай тағлым оларға аспаннан жаумайды, ол араб елдерінен келіп жатыр. Осыдан кейін сақал туралы риуаяттарды да қарап шығу қажет болды. Бұл күннің аса даулы мәселесі екенін ескере отырып, сол риуаяттардың бір қатарын келтіре кетейін.
Мұхаммәд ибн Хасан «Әл-Әсәр» кітабында Имам Әбу Ханифа Һәйсәм рохматуллооһи ‘аләйһиден, ол Ибн Омар родиаллооһу ‘анһудан, «ол кісі сақалының астынан уыстап ұстайды екен де одан төмен жағын кесіп тастайды екен» деген дерек келтіреді. (900-бет). Имам Мухаммәд рохматуллооһи ‘аләйһ: «Осыны біз ұстанамыз, ол Әбу Ханифаның қаулысы», - дейді.
Имам Тирмизи рохматуллооһи ‘аләйһи де Әмір ибн Шу‘айыб, ол әкесінен, ал әкесі атасынан нақыл етеді. «Нәби соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм сақалының астынан да, жан-жағынан да алып тастаушы еді», дейді. Исламда белгілі тұлғалардың бірі Хасан Басри рохматуллооһи ‘аләйһи де: «Сақалдың ұзынынан да, енінен де алынады. Тым шектен шықпасын» - депті. Алайда, қайбір шейхтардың айтқандарын арқаланып, тек сонымен амал етуді жөн көретін әлгі желөкпелерге бұл айтқанымыз әсер ете ме, жоқ па, бұл жағы уақыттың еншісінде. Олардың қазіргі ұстаз тұтып жүрген кісілері, оларша «шейхтары» біз айтып отырған ғұламалардың құзырында кісі деуге татымайды да ғой.
– Жік-жікке бөліну тенденциясы – бүгінгі күннің кертартпа болмысына айналып келеді. Ислами ұстанымдар бұл болмыс жайлы не дейді?
– Ендеше, осындай адасушылыққа ұшырамаудың ең тура, әрі сенімді жолы түрлі күдікті топтарға немесе жамағаттарға ілесуден аулақ болу, ең тура, сенімді «Сауады ағзам» жолын ұстану. «Сауады ағзам» – «Ең үлкен топ». Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм: «Әлбетте, менің үммәтім адасуға (қателесу, салғыласу, жолдан таю сияқты істерге) ұжым болмайды. Егер (түрлі топтар пайда болып) ихтилафқа (қайшылықтарға) кездессеңдер, сендерге «Сауады ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады»- деген. Демек, жамағаттан ажырауға, ұзақтауға ешқандай дәлел жоқ, сонда да өз дегенін жөн көретін кісілер ахыреттік халінің мүшкіл болатынын ойласын. Көпшіліктен қол үзу жақсылыққа апармайды, қайта ынтымақ үшін өз талаптарын қоя тұрып, өзге бауырлармен қоғамдасқан көп артық.
– Қожа Ахмет Ясауи бабаның атқарған үддесі (миссиясы) жайлы түрлі пікірлер айтылып жүр...
– Біздің жете бағалай алмай жүрген Қожа Ахмет Ясауи бабаны, оның жазған «Диуаны хикметі» қазақ халқының тарихында рухани тірек және діни ұстанымдарында басшылыққа алған, өздері үшін түсінікті қайнар болып қызмет қылғанын жұрт біле бермейді. Өйткені, 1510 жылы Исмаил шах Дешті Қыпшақты өзіне бас идіріп, алауит дініне тартпақ болды. Сол кезде қазақтың көзі ашық оқығандары осы бір Хикмет кітабын жалау етіп көтерді. Рухы асқақ қазақ даласы Исмаил шах алдында бас имеді.
Жаратқан Ие бізге мейірбан екендігін жоғарыда келтірген аяттар мен хадистерден көріп тұрмыз, бірақ, көбіне сол кең мархаматтан кенде қалып отырамыз. Біз болмашы риуаяттарға бола тартысып, таласып отырсақ, өзгелерге көрсете аларлықтай өнегеміз болмай қалады. Бәріміз де өміріміздің мәні де, сәні де болған Хақ тағаланың жіберген дінімен жүргеніміз абзал дегім келеді.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сейіт Иматов
Түпнұсқадағы тақырып: ПАРЫЗ СҮННӘТТАН ЖОҒАРЫ. САҚАЛДЫ ЖАСТАР ОСЫНЫ ТҮСІНБЕЙДІ