Әбу-Дабидің денсаулық сақтау департаментінің төрағасы шейх Абдалла бин Мухаммед Аль Хамед пен оның орынбасары міндетін атқарушы дәрігер Джамаль Алькааби COVID19-ға қарсы екпені клиникалық сынақтан өткізетін еріктілер қатарына қосылды. Бұл туралы WAM агенттігі хабарлады.
Сынақ әмірліктің түрлі мемлекеттік медициналық мекемелерінде өтеді.
Қазіргі уақытта Қытайдың China National Biotec Group (CNBG) компаниясы жасап шығарған COVID-19-ға қарсы екпенің III сынақ мерзімі жүріп жатыр. Оны Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен Әбу-Дабидің мамандандырылған медициналық командасы сынақтан өткізуде.
Аль Хамед пен Алькааби екпенің дозасын қабылдау үшін Шейх Халиф атындағы медициналық қалашыққа келді.
«Бүгінде БАӘ тек өз халқы үшін ғана емес, барлық адамзат үшін екпе іздеуге өз үлесін қосуда. Біз азаматтарымыздың денсаулығын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, барынша күш салуымыз қажет», - деп мәлімдеді Аль Хамед.
Ол БАӘ барлық азаматтары мен тұрғындарын коронавирус инфекциясына қарсы екпені клиникалық сынақтан өткізуге қатысуға шақырды.
Еске салайық, БАӘ денсаулық сақтау органдары 15000 еріктінің клиникалық сынақтан өткізуге қатысуына рұқсат етті.
Вакцинаны сынақтан өткізудің I және II кезеңі сәтті аяқталып, еріктілердің жүз пайызынан антидене анықталды.