«Назарбаев» Университетінде өтіп жатқан Self-made форумы аясында қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеевтің шөбересі Айсәнім қазақы нақыштағы киім үлгілерін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақ ұлттық университетінде 4-курста оқимын. Мамандығым - костюм суретшісі. Осы мамандығым бойынша қазақы нақыштағы киімдер тігуді қолға алғаныма бір жыл болды. Осы шығармашылық жұмыстарым арқылы қазақтың салт-дәстүрін әлемге танытқым келеді. Мәселен, мына костюмде ұзатылатын қазақ қызы суреттелген. Келесі киімде сәукеле киген қазақ қызының тойға дайындалып жатқаны бейнеленген», - деді форум аясында ұйымдастырылған көрме барысында жұмыстарын таныстырған Айсәнім Қастеева.
Ә.Қастеевтің шөбересі мұнан да өзге идеяларының бар екенін, алайда оны жүзеге асыруға қаражат қол байлау болып отырғанын айтты. Осы ретте Жастар жылынан күтері көп екенін атап өтті.
«Үкімет немесе түрлі қоғамдастықтар тарапынан қолдау болса, халыққа қажетті дүниелерді жасап шығаратын едім. Арманым - қазақтың әйгілі суретшісі, бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, атам Әбілхан Қастеевтің өнер жолын жалғастыру. Болашақта ағылшын тіліне басымдық беру арқылы балаларды шығармашылыққа баулитын орталық та ашқым келеді», - деді Айсәнім Қастеева.