26 мау, 2017 сағат 14:48

Әбдрахманов Кейкі батырдың бассүйегін қалыпқа келтірген Венгрия тарапына алғыс айтты

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов Венгрия СІМ басшысы Петер Сийяртомен кездесуден кейін Кейкі батырдың бейнесіне реконструкция жасаған венгр мамандарына алғыс білдірді. 

"Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, венгрлік тарапқа, оның басшылығы мен үкіметіне, сонымен қатар венгр мамандарына Кейкі батырдың бейнесіне реконструкция жасағаны үшін зор алғыс білдіргім келеді", — деді Әбдрахманов бірлескен баспасөз мәслихаты барысында. 

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың тамыз айында Сочидегі кездесу барысында сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Кәрім Мәсімов ресейлік әріптесіне өтініш білдіріп, Кейкі батыр мен Кенесары хандардың сүйегін қайтаруды сұраған болатын. Дмитрий Медведев өз кезегінде бұл мәселе бойынша көмектесуге уәде берген.

Ал 2016 жылы 6 қазан күні таңертең Кейкі батырдың бас сүйегі Астанаға жеткізілді. Батырдың сүйегі ДНҚ анализін жүргізу және бейнесін қалпына келтіру үшін Венгрияның  Жаратылыстану ғылымдары музейінің бас директоры Золтан Коршошке берілді. Кейіннен батырдың бас сүйегі елге қайтарылды.