Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылатыны – тарихи әділеттіліктің орнауы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауында бұрынтаратылған облыстардың қайта құрылып, жаңа атауға ие болатыны туралы бастамасына байланысты атыраулық ғалым Аққали Ахмет осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әр елдің даму тарихында жетістіктер де, кемшіліктер пен олқылықтар да кездесетіні даусыз. Бұл – заңдылық. Дегенмен, тәуелсіздіктің 30 жылында экономикалық өрлеуге қол жеткіздік. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға қордаланған проблемаларға толық шеше алмағанымызды жоққа шығаруға болмайды. Біз биылғы қаралы қаңтардағы дүрбелеңге толы оқиғалардан соң бұрынғы таптаурын жолмен жүре беруге болмайтынын түсіндік. Енді елдің мызғымас бірлігін одан әрі нығайтып, экономикалық-әлеуметтік мәселелерді оң шешудің жедел әрі оңтайлы жолын табуымыз қажет. Бұл – жаңа Қазақстанды құру. Өйткені, қаңтардағы оқиғалардан кейін ел тарихының жаңа дәуірі басталды», - дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет.
Ғалымның айтуынша, кезінде Семей, Жезқазған, Талдықорған облыстарының таратылғаны ежелден нағыз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірлердің тұрғындарын, жалпы, қазақ қоғамын әрі-сәрі күйге түсіргені даусыз.
«Өйткені, еліміздің шежірелі тарихында аталған облыстардың қай-қайсысының да алатын лайықты орны бар. Мәселен, Семей өңірі – Алашорданың туы тігілген, қазақтың дара данасы Абай мен солақай саясаттың құрбаны болған Шәкәрімнің кіндік қаны тамған киелі мекен. Бұл өңірде ұлы Абайды әлемге танытқан жазушы Мұхтар Әуезов пен абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтай ұлтымыздың біртуар зиялылары дүниеге келген. Абай – ұлттың намысы, ұлттың рухы ретінде әр қазақтың жүрегінен орын алған дана. Алайда, кезінде КСРО-ның басшылары Семей жерін атом бомбасының сынақ алаңына айналдырып, қазақтың басына зобалаң тудырды. Соның зардабы әлі жойылған жоқ.
Ал, Ұлытау – ұлтымыздың тұңғыш құрылтайы өткен ұлық мекен. Мұнда ел тарихының қайталанбас жәдігеріне айналған қорғандар мен қорымдар, Жошы хан мен Алаша ханның кесенелері орналасқан. Халқымыз «Жер жаннаты – Жетісу» деп тегін айтпаған. Барша қазақ қадір тұтатын, жүрегіне жылылық ұялататын ыстық мекенге айналған осындай өңірлер жаңа атаумен облыс ретінде қайта құрылғалы отыр. Президенттің аталған өңірлерді Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары ретінде қайта құру жөніндегі бастамасы –тарихи әділеттіліктің орнауы», - дейді профессор.
Ғалымның пікірінше, үш облыс қайта құрылса, сол өңірлердегі тұрғындар үшін тиімді тұстары бар.
«Бұл қазіргі облыстардың орталықтарынан шалғайда орналасқан аудандар мен ауылдардағы тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жол ашатын оң шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Дербес облыстың орталығы ретінде Семей, Жезқазған, Қапшағай қалаларының тыныс-тіршілігіне қан жүгіреді. Аудандар мен ауылдардың инженерлік инфрақұрылымын жаңартуға қаржы көбірек бөліне бастайды. Ендігі басты мәселе – жаңадан құрылатын облыстарға жергілікті тұрғындармен тіл табыса алатын, олардың көңіліндегі әлеуметтік түйткілді тап баса білетін, қазақша ойлап, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртуда батыл қимылдайтын, жаңаша ойлайтын іскер басшылар тағайындалар деген үміт бар. Әсіресе, жаңашыл жастарға басымдық берілгенін қалар едім», - дейді Аққали Ахмет.