Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Серік Жайлауұлы Пірәлиев зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Өкімімен Такир Оспанұлы Балықбаев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры қызметіне тағайындалды.
Тахир Оспанұлы Балықбаев – С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік университетінің математика факультетін «математика» мамандығы бойынша бітірген. 1986 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғады. 2003 жылы «Жоғары оқу орындарында студенттер контингентін қалыптастырудағы ақпараттық үлгінің теориялық-әдістемелік негіздері» тақырыбында диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми атағын алды.
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру мен тестілеу мемлекеттік стандарттары Ұлттық орталығының директоры, ҚР БҒМ ғылым және білім беру саласын бақылау мен аттестациясы жөніндегі Комитеттің Төрағасы, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының Президенті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының міндетін атқарушы және басқа да қызметтер атқарған. Қазақ технология және бизнес университетінің, Халықаралық Бизнес Академиясының ректоры қызметтерінде болды.
Т.О.Балықбаевтың ғылыми басшылығымен 8 кандидаттық және 4 докторлық диссертация қорғалған.