14 мау, 2021 сағат 12:06

Қазақстанда мыңға жуық адамнан коронавирус пен пневмония анықталды


Қазақстанда өткен тәулікте 967 адамның анализінен коронавирус анықталды. Үштен бірі – Нұр-Сұлтан (215) мен Қарағанды облысының (165) тұрғындары. 2020 жылдың наурыз айынан бері елде 402 239 адамның коронавирус тесті оң шыққан

12 маусымда тағы 11 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан. Елде коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар бөлек есептеледі. Бірақ халықаралық ұйымдардың сайтында екі көрсеткіш біріктірілген. 2020 жылдың 1 тамызынан бері елде 56 213 адам "пневмониямен" ауырған. 

Індет басталғалы бері 4171 адам (12 маусымда 11 адам қайтыс болған) коронавирустан қайтыс болған. Тағы 3415 адамның өліміне корнавирус пневмониясы себеп болды деп айтылады. Одан бөлек, індет басталғалы бері шамамен 2 мың адам коронавирустың "жанама әсерінен" қайтыс болған. Қазақстанда мұндай адам өлімі көрсеткіші Covid статистикасына енгізілмейді. 

14 маусым таңертеңгі мәлімет бойынша, елде 21 537 адам (20 426-сына вирус жұққаны тестпен дәлелденген) коронавирустан емделіп жатыр. Стационарда 7 075 адам емделіп жатыр. 512 адамның жағдайы – ауыр, 113-інің жағдайы өте ауыр, 70 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған. 

Соңғы мәлімет бойынша, елде 2 млн 506 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 384 мыңы екі дозасын алған. Азаматтарға ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және қытайлық Sinopharm және "Sinovac Biotech Ltd" компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасы егіліп жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 175,8 млн 206 мың адамнан коронавирус анықталған. 3,7 млн адам қайтыс болған.