Денсаулық сақтау министрлігі 5 тамызға дейін жұмысы жанданатын нысандарға қойылатын санитарлық талаптарды әзірлеп, жариялайды. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз білетіндей карантин шаралары аяқталғаннан кейін бірінші кезекте жұмысы жанданатын кәсіпкерлік субъектілерінің алдын ала тізімі жасалған болатын. Бұл – ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық санаттағы азық-түліктік және азық-түліктік емес базарлар, балалардың коррекциялық кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары, топтық үйірмелер (бес баладан аспауы керек), балалардың мектепке дейінгі мекемелері (кезекші топ режимінде жұмыс істеуге рұқсат), сән-салондары, косметикалық қызмет көрсететін орталықтар (алдын ала жазылу бойынша). Алдағы екі аптада кәсіпкерліктің осы субъектілері күшейтілген дайындық жұмыстарын жүргізуі керек. Кеше ғана ведомствоаралық комиссияның отырысында осы мәселенің бәрін қарадық», - деді ол ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, әрбір нысан бойынша санитарлық режимнің нақты шаралары қабылданатын болады.
«5 тамызға дейін Денсаулық сақтау министрлігі жұмысы жанданатын нысандарға қойылатын санитарлық талаптарды әзірлеп, жариялайды. Ол бойынша кәсіпкерлік нысандары санитарлық маскалық режим, әлеуметтік қашықтық, санитайзерлер бойынша талаптарды қатаң сақтауға міндеттеледі», - деді ол.