08 жел, 2021 сағат 14:54

35°C-қа дейін аяз: алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?


Қазгидромет 9-11 желтоқсанда ауа райы қандай болатынын болжады.

Синоптиктердің мәліметінше 9 желтоқсанда ел аумағының басым бөлігі антициклонның ықпалында қалып, ауа райы жауын-шашынсыз болады.

Осылайша түнде Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы 20-25, кей жерлерде 30 градусқа дейін, 10 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында 35 градусқа дейін төмендейді деп болжанып отыр.

Елдің батыс өңірлеріне Қара теңіз аймағынан ығысатын циклон әсер ете бастайды. Ол кейінгі екі тәулікте республиканың қалған аумақтарына — шығысқа қарай ауысады, жаңбыр, қар жауып, көктайғақ болады, жел 15-25 м/с күшейеді.

11 желтоқсанның түнінде республиканың солтүстік жартысында ауа температурасы 5-10, кей жерлерде 15-20 градусқа дейін төмендейді, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында 25 градусқа дейін аяз болады деп болжанып отыр.