2022 жылы халықаралық әйелдер күні мен Конституция мерекесінде жұмыс және демалыс күндері ауыстырылады. Ең ұзақ демалыс – Наурыз мейрамы қарсаңындағы 5 күн болмақ, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Елімізде қаңтардың 1 мен 2-сі күндері Жаңа жылға орай ресми түрде демалыс күні саналады. Ал 2022 жылдары бұл күндер сенбі мен жексенбіге дөп келіп тұр. Демек, 3-і мен 4-і дүйсенбі мен сейсенбі де қазақстандықтар үшін демалыс болады. Өйткені, мереке күндері сенбі мен жексенбіге тура келгенде демалыс келесі күндерге созылады.
Қазақстанда 2 діни мереке күндері демалыс деп жарияланған. Келер жылдың 7 қаңтары – Рождество мерекесі жұма күніне түсіп, 7, 8, 9 қаңтар демалыс күні болады. Осылайша жалпы сенбі-жексенбі күндерін қосқанда, қазақстандықтарды қаңтар айында 13 демалыс күні күтіп тұр.
Сонымен бірге, қазан айында Үкімет басшысы Асқар Мамин 2022 жылдың демалыс күндерін ауыстыру туралы қаулыға қол қойған еді. Осыған орай, демалыс 2022 жылғы 5 наурыз сенбіден 2022 жылғы 7 наурыздағы дүйсенбіге ауыстырылды. Тиісінше, қазақстандықтар 5 наурызда жұмыс істеп, халықаралық әйелдер күніне 6, 7, 8 наурыз күндері үш күн және Наурыз мейрамында – 19-23 аралығында бес күн демалады.
Мамырда қазақстандықтар 3 мерекені атап өтеді. Дәлірек айтқанда, 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі жексенбіге келгендіктен, 2 мамыр да демалыс болып саналады. Ал 7 мамыр – Отан қорғаушылары күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 4 күн демалыс беріледі.
6 шілде – Астана күні сәрсенбіде және Құрбан айттың бірінші күні өтетін 9 шілде сенбі күні демалыс болады.
Конституция күні тойланатын 30 тамыз биыл сейсенбіге тура келеді. Сондықтан жоғарыда аталған Үкімет басшысының қаулысымен демалыс 2022 жылғы 27 тамыз сенбіден 2022 жылғы 29 тамыз дүйсенбіге ауыстырылған. Осылайша, қазақстандықтар 27 тамызда жұмыс істеп, 29, 30 тамыз күндері демалады.
Ал 1 желтоқсанда елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні тойланады. Яғни, бейсенбі күні демалады. Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай 16-нан 19-ына дейін үш күн демалыс болады.
Сондай-ақ, 2022 жылдың соңғы күні 31 желтоқсан сенбі – демалыс күніне сәйкес келеді.