«Қазпошта» АҚ Пошта қызметтері және E-commerce бойынша басқарушы директоры Әлия Сүгірбаева жоғалған пошталық жөнелтімдер туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы «Қазпоштаға» жүгінетін клиенттердің көпшілігі сапасыз тауар салынғанын немесе қандай да бір тауардың жетпей тұрғанын айтады. Сондықтан, болашақта осындай проблемалық мәселелерді болдырмау үшін барлық клиентімізге – Қазақстан тұрғындарына өздерін жақсы қырынан көрсеткен, тексерілген интернет-алаңдардан, сайттардан ғана тауар алуға кеңес береміз», - деді Ә. Сүгірбаева «Қазпошта» ғимаратында өткен брифингіде.
Оның айтуынша, өткен жылы жалпы сәлемдемелер санының 0,004%-ы жоғалған.
«2020 жылы Қазақстанға тұрғындарымыз тапсырыс берген 8 млн-нан астам сәлемдеме жеткізілді. Оның ішінде тек 370-і жоғалды. Әрбір жоғалу фактісі бойынша компанияның қауіпсіздік қызметі тексеру жүргізеді, барлық фактілер анықталады және ҚР Заңнамасы аясында тиісті шешімдер қабылданады. Жалпы сәлемдемелер арасында бұл 0,004%-ды құрайды», - деп қорытындылады спикер.
Айта кетейік, 10 ақпанда бірқатар БАҚ-та елорда тұрғыны Илья Гришко туралы сюжет шыққан еді. Онда И. Гришко «Қазпошта» сәлемдемесінде өзі тапсырыс берген ұялы телефонның жоғалуына шағымданған.