15 ақп, 2019 сағат 20:01

2019 жыл – Жастар жылы

Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді мүшесі. Бүгінгі жастар – егеменді елдің ертеңгі үміті, ата-бабамыз сан жылдар армандаған тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын ұрпақ жалғасы.

Тәуелсіз мемлекетіміз жастардың рухани, мәдени білім алып, кәсіби толыққанды дамуы үшін барлық жағдайларды жасап отыр. Бүгінгі күні Елбасы Жолдауында айтылған жастар қамқорлығына қатысты көптеген іргелі жобалар жүзеге асырылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Бес әлеуметтік бастама» соның айғағы бола алады.

Елбасы әр жылдардағы өз Жолдауларында «жастар мен отбасы институтын қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс» екендігін үнемі атап көрсетеді. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін» басты назарда ұстайды.

Елбасының жастарды қолдауға қатысты айтылған ойларының көрінісі биылғы жылдың Жастар жылы болып бекітілуіне негіз болды. Иә, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Білімді, саналы ұрпақ қана ел болашағы бола алатындығын атап айтқан басшымыз бүгінгі жастарға зор міндет жүктеп отыр.

Ел үмітін ер ақтар. Сөзсіз, бүгінгі жаңа буын жас талап күш-қайраты бойында бар кезде елі, ұлты үшін қызмет жасауға міндетті. Өз Отанын әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосу - білікті, иманды, саналы ұрпақтың қолында. Елбасының жолдауында айтылған келелі идеяларды жүзеге асыруда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастары да белсене еске кірісті. Осы жоба негізінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жастар форумы» өтті.

Форумға қатысқан ҚазҰУ студенттері де Елбасы үмітін ақтауға, өз мүмкіндіктерін көрсетіп, тың бастамаларға жол ашатындығына сенім білдірді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – қазіргі таңда көптеген инновациялық жобалардың ұйымдастырушысы. Оқу ордасы сапалы бiлiм берумен қатар, студенттерді қазіргі заманға сай бәсекеге қабiлеттi маман, бiлiмдi, дарынды һәм ұлтжанды тұлға ретiнде қалыптастыру жолында жаңа жобаларды жүзеге асыруға кірісіп кетті.

ҚазҰУ доценті Саткенова Ж.Б.