ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова карантиннен кейінгі жағдай қалай өрбитіні жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Екі апталық карантин өтті. Алда тағы екі апта бар. Дәл осы карантиндік шаралар қалай жүргізілсе, алдағы шаралар да, карантинді күшейту немесе жеңілдету осыған тікелей байланысты болады» - деп жауап берді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, вице-премьер төрағалық ететін ведомствоаралық комиссия карантин шараларын жеңілдетудің түрлі нұсқасын қарастырып жатыр.
Бұған дейін спикер екі апталық карантинде сырқаттар өсімінің болмағанын мәлімдеген еді.
«23 шілдеде республика бойынша коронавирус инфекциясының 76 799 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 48 202 науқас немесе науқастардың 63 пайызы емделіп шықты. Сырқаттану тәулігіне 1 600-1 700 жағдай деңгейінде тұрақтанды. 5 шілдеде қатаң шектеу шаралары енгізілген сәттен бастап екі аптада республикада коронавирустың 21 532 жағдайы тіркелді. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану бір деңгейде қалып отыр», - деді А. Есмағамбетова.