06 жел, 2019 сағат 15:23

2 млн адамның қолы жиналды: Олжас Сүлейменов полигон жабылған күнді еске алды

Алматыда қоғам қайраткері, ақын, жазушы Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Олжас Сүлейменовтің бастамасымен 1989 жылы 28 ақпанда ядролық қаруға қарсы қозғалыс құрылған болатын. Биыл бұл датаға 30 жыл толып отыр.

«Біздің жерімізде 1949 жылдан бастап 1989 жылға дейін 40 жыл атом бомбасының сынағы жүрді. 1989 жылдың 10 қазанында соңғы жарылыс болды. Бұл, ұлы күн болып тарихта қалды», - деді ол.

Полигонды жабу туралы қозғалыс пайда болған кезде оған 2 млн жуық адам қолдау білдірген.

«Сол кезде Жазушылар одағының алдындағы шеруді көрген боларсыздар. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейінгі бірінші шеру болды. Мыңдаған адам жиналды. Сол жерде « Невада- Семей» қозғалысы құрылды. Себебі, жер бетінде екі ядролық полигон болды. Олардың бірі Невада штатында болса, екіншісі Қазақстанның Семей қаласында екені белгілі еді. Бұлар сиам егіздері секілді. Бұған дейін біз Невада полигоны үшін күресіп келгенбіз. Бірақ, еш нәтиже болмады. Қалай Семей полигоны жабылды. Солай жер бетіндегі 5 полигон түгел жабылды», - деді ақын.

Қоғам қайраткері атом жарылыстарынан соң аутизм дертіне шалдыққан балалар көп туа бастағанын айтты. «Баласының дертінен шаршаған ата-аналарды да көрдік. Қазір Қазақстанда әр 60-шы бала дүниеге «аутизм» диагнозымен келеді. Егер сынақтар тоқтамаса әр 5-ші бала науқас болып туатын еді. Бұл жарылыстар бізге осындай ұлттық қасірет әкелді», - деді О.Сүлейменов.

Оның айтуынша, осы жетістікке жету үшін Кеңес одағының ірі әскери өнеркәсіптік кешеніне қарсы тұру керек болған. Әлбетте, екі жақтың күші тең болмаған.

«Бұл тақырып қазақстандықтардың бас көтеруіне әкелді. Сол кезде мінберлерден «кім маған қол қойылған парағын әкеледі. Сол осы ұйымға мүше болады» деген үндеу айттым. 2 млн адамның қолы жиналды. Барлық оқу орындары, университеттер, ауылдарда осы қозғалыс белсенді күш ала бастады. Миллиондаған қолды біз өкінішке орай сақтап қоймаппыз. Бұл әлемдегі ең күшті антиядролық қозғалыс болды», - деді ол.

1990 жылы мамырда Алматыда халықаралық ұйымдардың қатысуымен үлкен конференция ұйымдастырылған.

«Тек Американың өзінен 300-ге жуық делегат келді. Жапон, француз, бүкіл әлем ұлттарының өкілдері Алматыға жиналды», - деді ақын.

1991 жылы қаңтарда Нью-Йорк қаласында Жаһандық ядролық қаруға қарсы альянс құрылды.

«Осы кездесуде парламентаралық референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Әр мемлекеттің 200-ге жуық парламентіне ядролық қару керектігі туралы сауал жолданды. Олардың көпшілігі қажеті жоқтығын айтты. 1991 жылғы конференциядан соң біздің қатысушылар Нью-Йорк қаласынан Невадаға бағыт алды. «Қазақстан ядролық қаруды тоқтатты, енді біздің кезек» деген ұрандармен көшеге шықты. Жер бетінде әр елде антиядролық ұйымдар болды. Бірақ тек Қазақстанда ғана ядролық қаруға қарсы қозғалыс құрылды», - деді О.Сүлейменов.

1992 жылы полигон жабылған соң Семей облысының тұрғындары бірнеше жыл бойы белгілі бір көлемде жәрдемақы алып тұрды. Невада тұрғындарына семейліктерге қарағанда бірнеше есе көп сомада жәрдемақы берілген.