09 нау, 2021 сағат 13:55

«100 жаңа есім» жобасына қатысып жатқан арулар кімдер?

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының IV маусымына қатысып жатқан арулар туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«100 жаңа есім» тізіміне енуге үмітті арулар: 

Индира Еділбаева

Ұлттық жобаға қатысушылар арасында қазақстандық әнші Индира Еділбаева бар. Бойжеткен «Украина дауысы» (2020 ж.) және «Қазақстан дауысы» (2015 ж.) вокалдық телевизиялық шоуларының финалисі болған. Ол Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ағылшын және неміс тілдері бойынша аударма факультетін бітірген.

Ардана Ботай

Аға лейтенант Ардана Ботай – Су-30 СМ жойғыш ұшағын тізгіндейтін әлемдегі жалғыз ару. Қазақстан Әуе қорғанысы күштері құрамында қызмет атқарып жатқан жылдар ішінде ол Ан-26, L-39 және Су-30 см ұшақтарын басқаруды меңгерген. Күнделікті өмірде Ардана музыка тыңдағанды, кітап оқығанды және спортпен шұғылданғанды ұнатады.

Муза Шәймерденова

Муза бүгінде халықтың осал топтарының әлеуметтік мәселелерін шешуге елеулі үлес қосып жүр. Бірнеше жылдан бері қайырымдылықпен айналысып келеді. Жанашыр адамдардың көмегімен қазақстандық отбасыларға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, мұқтаж жандар азық-түлік, дәрі-дәрмек, жиһаз, техника және балалар арбаларын алды.

Залина Алиева

Бойжеткен - «Барт» би ансамблінің, «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі жастар қанатының және Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округінде жастар кеңесінің жетекшісі. Залина өз саласындағы үздік еріктілердің қатарына кіреді. Қазақ, шешен, орыс, араб және грузин тілдерін еркін меңгерген. Белсенді азаматтық ұстанымы және үлкен қоғамдық жұмысы үшін көптеген республикалық және халықаралық марапаттарға ие болған.

Евгения Павел

Евгения «Lider.kz» еріктілер қозғалысының үйлестірушісі. Ол түрлі қоғамдық және қайырымдылық қорларымен бірге көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүгедектерге және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға азық-түлік көмегін көрсетеді. Бүгінде «Семей Отбасы орталығы» қоғамдық қорымен тығыз жұмыс істейді. Пандемия кезінде белсенді азаматтық ұстанымын көрсетіп, супермаркеттерде мұқтаж жандарға арналған мобильді жеткізу және буып-түю топтарын құрды. Сонымен қатар, 1500-ден астам отбасын азық-түлік тауарларымен, заттармен, отынмен және көмірмен қамтамасыз етуге көмектесті. Евгения түрлі марапаттар және медальдармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Сатима Ахметқалиева

1990 жылдан Егіндікөл орталық кітапхана жүйесін басқарады. Оның басшылығымен ұйым Ақмола облысында бірнеше рет үздік болды. Адал еңбегі үшін көптеген Құрмет грамоталарымен, «Кітапхана ісінің үздігі» және «Кітапхана ісінің ардагері» белгілерімен марапатталған. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола филиалының мүшесі болып келеді.

Дина Сырғабаева

«Qareket Жақсылық Жаса» қоғамдық қорының негізін қалаушы және жетекшісі. Әлеуметтік кәсіпкерлік саласында 20 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Қызмет еткен жылдары тауарлар мен қызметтер өндірісін, сондай-ақ өткізу нарығын жолға қойды. Пандемия кезінде Қор құрған арнайы топ 3000 қолғап таратты. Дина Сырғабаева мен оның серіктестері еліміздің әр өңірінен 1 000-нан астам мұқтаж әйелді жұмыспен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, олар «Тігін және аспаздық шеберлік» онлайн-мектебін ұйымдастырды. Сыныпта оқушылар жартылай фабрикаттар дайындауды, киім мен тоқыма тігуді үйренді.

 

Бұған дейін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 4-інші кезеңіне өтінім қабылдау басталғанын жазған болатынбыз.

Өтінімдер 2021 жылдың 22 ақпанынан 15 наурызына дейін 100janaesim.ruh.kz сайтында қабылданады.