27 қаң, 2024 сағат 11:25

10 автобус жүргізушісі қоғамдық көлікті мас күйде айдаған

Фото: Polisia.kz

ІІМ-де “Автобус” республикалық операциясының қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

"Іс-шараның мақсаты – жолаушылар мен багажды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің көліктік тәртібін арттыру, заңсыз жұмыс істейтін адамдарға қатысты бақылауды күшейту.

Еліміздің полицейлері бес күнде жол қозғалысын қадағалау кезінде қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 5470 жол қозғалысы ережесін бұзушылықты анықтады. Оның ішінде алкогольдік масаң күйде көлікті басқарудың 10 фактісі тіркелді.

Мысалы, Петропавлда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Volkswagen Transporter көлігін тоқтатты. Тексеру кезінде полицейлер микроавтобус жүргізушісінің мас күйде екенін анықтады. Мұны медициналық куәландыру актісі растады. Көлік арнайы автотұраққа жіберілді.

Ақмола облысында да осындай жағдай болды. Операция барысында полиция қызметкерлері Жақсы – Есіл – Бузулук автожолында Қостанай тұрғынының басқаруымен Toyota Alphard автокөлігін тоқтатты. Іс жүргізу барысында полицейлер жүргізушінің жолаушыларды жеке тасымалдаумен заңсыз айналысқанын анықтады. Сонымен қатар ер адам марихуана есірткісін қолданып, салонда болған бес жолаушының өміріне қауіп төндірді. Тәртіп бұзушыларға қатысты полиция қызметкерлері тиісті әкімшілік хаттамалар жасады" - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, қарсы жолаққа шығудың 7 дерегі, еңбек және демалыс режимін бұзуға қатысты – 29, міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзудың – 351, рейс алдындағы тексеруден өтпеудің – 123, техникалық байқаудан өтпеудің – 799, жылдамдықты арттырудың – 174, телефонды пайдаланудың – 1357, 1445 – маневр жасау ережелерін бұзу, 174 – ластаушы заттар шығарындыларының нормаларынан асып кету, 498 – жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу, жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 112 фактісі тіркелген, оның ішінде 100-і такси жүргізушілері болған.

Сондай-ақ операция кезінде тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін 23 рұқсат етілмеген автотұрақты жауып, 4 мыңға жуық қоғамдық көлікті тексеріп, 371 заңсыз түрлендірілген автобусты анықтаған. Автобус парктерінің 112 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, “Автобус” профилактикалық іс-шарасын өткізуге 9 мыңнан астам полиция қызметкері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен жұртшылық жұмылдырылды.