02 нау, 2021 сағат 11:02

1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушылары аралас форматта оқуға көшірілді

1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардағы осыған дейін кезекшілік сыныпта оқытылып келе жатқан оқушылар аралас форматта оқуға көшірілді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Орта және жоғары білім беруге қатысты маңызды сұрақтар туралы брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Бүгінгі күні оқу процесін ұйымдастыруға байланысты өзгерістер енгізілді. Еліміздегі Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 1 наурыздан бастап 1-5 сыныптар арасындағы осыған дейін кезекшілік сыныпта оқытылып келе жатқан оқушылар аралас форматта оқуға көшірілді. Бұл – жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныптар және халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар», - дейді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта оқушылардың 47%-ы штаттық режимде, 53%-ы қашықтан оқу форматында білім алып жатыр.

«Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларға байланысты шаттық немесе қашықтан оқытатын пәндерді әр білім мекемесі өздігінше дербес анықтауға құқылы. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі негізгі пәндерді оқушылардың мектепке келуімен штаттық режимде оқытып, көркем еңбек, музыка пәндерін қашықтық форматта жалғастыруды ұсынып отыр. Осы бойынша тиісті әдістемелік ұстанымдар жасалып, білім мекемелеріне жеткізілді. Әр білім мекемесі осы оқу жылына бекітілген оқыту жоспарына байланысты өз жоспарларымен оқытуды бастады», - дейді ол.