0-сыныпты оқытудың мәні мен мақсаты - балабақшалардағы даярлық топтарына бірыңғай бағдарламалар мен оқулықтарды енгізу. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің хабарлауынша, мектепалды даярлық сыныбын (0-сынып) енгізудің мәні өте қарапайым. Басты мақсат - балаларды бірінші сыныпқа бірыңғай бағдарлама бойынша дайындау. Оның ішінде бірінші сынып бағдарламасының бір бөлігінің (сандар мен әліпби) 0-сынып бағдарламасына ауысуы, сондай-ақ тәрбиешілердің дәрежесін бастауыш сынып мұғалімдерінің дәрежесіне дейін жеткізу. 0-сынып үшін бірыңғай бағдарлама мен оқулықтарды енгізу 2020 оқу жылының қыркүйегіне жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, бүгінде 0-сынып - балабақшадағы даярлық тобы.
«Егер де мектептің өз ғимаратында 0-ші сынып ұйымдастыруға мүмкіндігі болса, оған толықтай құқығы бар. 0-сыныпты енгізу құқығынан балабақшаларды ешкім айырған жоқ. Осылайша, 2020 жылы еліміз бойынша барлық мектептер мен балабақшаларда 0-сыныптар ашылады. Алайда қолданыстағы Білім туралы заңнамада балаларды 6 жастан 1-сыныпқа баруға міндеттейтін норма бар. Заңның аталмыш нормасына өзгеріс енгізіледі», - делінген министрлік хабарламасында.
2019 жылы, яғни былтырғыдай 1 қыркүйекте толық 6 жасқа толатын балалар 1-сыныпқа бара алады. 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толмаған балалар ата-ананың қалауымен мектепке бара алады немесе балабақшада қалуына болады. 7 жасар балалар да бірінші сыныпқа қабылданады. «Егер де бала мектепалды даярлық сыныбының бағдарламасын балабақшада меңгерсе, мектепте оны қайта оқи алмайтындығын және 1-сыныпқа баруы керектігін ескеруіміз қажет»,- дейді министрлік өкілдері.