Қазақ тілі – әуезді тіл. Ал әуездің өзі сөйлем құрамындағы сөздің немесе сөз тіркесінің, тұтас бір тілдік бірліктің дұрыс айтылу әуеніне жақындығын ғалымдар ашып беріп отыр. Бұл, әсіресе оның өлең-жырлар мен көркем сөйлеудің дұрыс айтылу нормасында анық байқалады. Ал көпшілік қауым орфоэпиялық нормаларды дұрыс сөйлеудің кілті деп, ал орфоэпиялық сөздікті сол нормалардың қоймасы ретінде қабылдайтыны рас. Дегенмен, сол сөздікте берілген сөздер мен сөз тіркестерін сөйлеу кезінде қалай қолдану керектігін біле бермейді.
Сөздікте берілген сөздер мен сөз тіркестері сөйлеу кезінде бір-бірімен тұтасып мағына сәйкес сөйлемге, пікір түрінде лебізге айналып шыға келеді. Сөйлемнің құрамындағы бөлшектердің тұтас алғанда мағыналық бөліктердің де атқаратын қызметі ерекше. Мысалы, «қазақ жері» орфоэпиялық нормаға сәйкес «қазағ жері» болып айтылады. Бірақ «Қазақ жерін сүйеді» дегенді кідірістің орнын өзгерту арқылы екі басқа мағынада түсінуге болады. Біріншісі «Қазағжерін // сүйөдү», ал екіншісі «Қазақ // жерінсүйөдү» болып шығады. Алғашқы сөйлемнің бастауышы «ол» деген жасырын тұлға болса, келесі сөйлемде «қазақ» екенін аңғарамыз. Ал кідіріспен ажыратылып тұрған ырғақтың ішінде қаншама сөз болмасын олар бір әуенмен, бір деммен айтылғандықтан, олардың арасына жік салмай тіркестіріп көрсеткен дұрыс деп есептейміз. Әрине, мұндай жайттардың «Орфоэпиялық сөздіктерде» қамтылмайтыны белгілі. Сонда мәтіннің орфоэпиялық жазбасын жасаудың қандай да бір жолдары бар ма деген заңды сауал туындайды.
Біздің ойымызша мәтінді екіге бөліп «өлең сөздің орфоэпиясы» және «қара сөздің орфоэпиясы» деп қарастырған жөн. Алдымен өлеңге тоқталайық. Қазіргі кезде тәжірибеде байқалып отырғандай біреулер өлеңді судыратып оқып шығады, біреулер сезімге беріліп оқиды, біреулер әр сөзден соң кідіріс жасап оқиды, біреулер мәнерлеп оқиды, енді біреулер сөзбен сөздің арасына жік салмай сірестіріп оқиды. Тіл мәдениеті туралы алғаш хабар беретін мектеп қабырғасында нормалар туралы азды-кемді түсінік беріледі, жалпы мәнерлеп оқумен таныс болсақ та, оны әркімнің әр қилы дәрежеде меңгеру деңгейін бір ауыз сөзбен түсіндіріп беру қиын. Тек анығы нормалар туралы, оның ішінде орфоэпиялық нормалар туралы әркімнің таным-түсінігі әрқалай. Қазіргі кезде кім болса да өлеңмен немесе мәтінмен жұмыс істегенде оны мәнерлеп оқып тұрмыз деп есептейді. Бірақ мәнерлеп, өлеңді нақышына келтіріп, орфоэпиялық нормаларды сақтап оқу дегеніміздің өзі не? Көпшілік мұның өзі белгілі бір заңдылық жүйесінен шығатынын және соған бағынары даусыз екенін іштей сезеді.
Мәнерлеп оқудың алғышарттарына тыныс белгілердің тек қағазда көрініс табуы ғана емес, солардың сөз ағымында да өз қызметін атқаруы, дауыс ырғағының өз орнымен көтерілуі не түсуі, қарқынның жылдамдауы не баяулауы, фонетикалық заңдылықтардың, орфоэпиялық нормалардың және тағы да сол секілді біршама заңдардың сақталуы жатуы тиіс. Осы тұрғыда «Қазақ грамматикасы» «Сөйлеу тіліндегі интонацияның жазба мәтінде көрініс табуы табиғи нәрсе және жазылған мәтінді мазмұнына қарай дұрыстап, мәнерлеп оқу да оның интонациясына байланысты. Егер оның интонациясын өзгертіп, яғни қатар тұрған сөздердің ырғақтық топтасуын, сонымен байланысты паузасын жылжытса, оның стилистикалық реңі ғана емес, сөздердің грамматикалық мағынасы да өзгеріп кетуі мүмкін» (Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002. 105-бет) деп ескертеді.
Ең алдымен өлеңнің әрбір тармағы бунаққа бөлінетіні әркімге аян. Өлеңді өлең ететін ырғақ болса, қазақ өлеңіндегі бүкіл ырғақ бунақпен үндес келеді. Іс жүзінде байқалғандай көп жағдайда өлеңді мәнерлеп оқушылар бунаққа мүлдем көңіл бөлмей жатады. Ал бунаққа дұрыс бөлініп, әр бунақтың ара жігіне кідіріс жасасақ, өлең мүлдем түрленіп өзгеше шырайға енеді. Бір жағынан айтылатын ой шұбалаңқы болмай, түйдек-түйдек тіркестердің нәтижесінде тез аңғарылады.
Мұндай буын саны тұрақты бунақтар мен бунақтардың сөз ағымында ара жігін айырудың басты белгісі кідіріс жасау. Мәтін терімінде соңғы кездері бунақтар мен ырғақтық топтардың ара жігін, жалпы кідірістерді /, //, /// – белгілері арқылы көрсету тәжірибесі байқалып отыр (Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы. –Арыс, 2004.67-бет). Мәселе орта білім беру мен арнаулы білім беру мекемесіне арналған оқулықтардан бұлар көрініс таптай отырғандығында.
Кідірістің атқаратын қызметі өлең сөзде бунақтар ара жігін ажырату болса, мәтінде сөз түйдегі арасындағы, не сөйлем араларындағы толасты көрсетеді. Мәнерлеп оқуда не көркем әңгімелеуде кідіріс жасаудың өзіндік маңызы бар. Мәтінді оқығанда дауыстың үзіліс, сәл іркіліс жасауы жай ғана кідіріс емес. Ол – әдеби мәтіннің мән-мағынасын ашып беру тәсілі болып табылады. Кідірістің мерзім мөлшері шамасына қарай кідіріс әрқалай келеді. Негізінен үшке бөлуге болады. Қысқа кідірістер ырғақтық топтардың ара жігін көрсетеді. Мұны мәтінді орфоэпиялық жағынан өрнектегенде /- белгісімен беруге болады. Шартты түрде қысқа кідірістер деп аталып отырмыз, себебі бұл таңба тұрған сөйлем бөліктері кідіріссіз айтылғанмен олардың ара жігінде әуен немесе дем өзгерісі байқалуы мүмкін.
Орташа кідірістер сөйлемдегі сөз дестелерін бөліп тұрады. Мұны мәтінді орфоэпиялық жағынан өрнектегенде //- белгісімен беруге болады. Сөйлемде бұлар қабыса байланысқан сөз тіркестерін, үйірлі мүшелерді, тіпті сөйлемнің күрделі мүшелерін басқа топтардан оқшаулап тұрады. Түптеп келгенде бұл таңба ырғақтық топтар ара жігі мен ырғақаралық кідірістің таңбасы. Арасында осы таңба тұрған сөйлем бөліктері бір-бірінен дауыс кідірісі арқылы бөлініп, әрқайсысы жеке-жеке әуен өрнегімен айтылады. Өлең мәтінінде бұл белгі бунақтар ара жігін ашу үшін қолданысса, мәтінде ырғақтық топтарды арашалап тұрады. Өлеңде буын санымен байланысты болса, мәтінде ырғақтық топтарға тәуелді болады.
Ұзақ кідіріс немесе толас, кейде логикалық кідіріс деп те аталады. Ол сөйлемнің аяқталғанын білдіреді. Сөйлем арқылы айтылған пікірге сымбаттылық әр кіргізеді. Басқаша айтқанда айтылған пікірді аяқтап, екінші ойға көшу немесе бүкіл мәтіннің бір бөлімінен екінші бөліміне көшу жайлы емеурін білдіреді. Мұны мәтінді орфоэпиялық жағынан өрнектегенде ///- белгісімен беруге болады. Жазба тілде мұндай таңба тұрған орындар сөйлем мен сөйлемнің ара жігін көрсетсе, кейде мәтіннің мұндай бөліктерін азат жолдан бастайды. Ал ол өз кезегінде көркем сөйлеудің мәнерлі тәсілі ретінде сөз мағынасын күшейтеді. Әрине, бұл жерде көркем мәтінді мәнерлеп оқушыдан мәтінде айтылатын ойды жетік білуі де талап етіледі.
Енді жоғарыда айтылған шартты таңбалар арқылы берілген кідірістің мәнін нақты мысалдар арқылы өлеңнен жеке-жеке талдап байқап көруге болады. Алдымен өлең жолдарына көз салайық:
Алда мықты жаратқан сегіз батыр,
Баяғыдан соғысып әлі жатыр.
Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып.
Кім жығары белгісіз түбінде ақыр. (Абай)
Берілген өлең жолдарын орфоэпиялық айтылу нормасы бойынша өрнектейтін болсақ төмендегідей болып шығады:
Алдамықты4 // жаратқан3 // сегізбатыр4(11)
Байағыдан4 // соғысып3 // әліжатыр4(11)
Кезеккезек4 // жығысып3 // жатыптұрұп4 (11)
Кімжығары4 // белгісіз3 // түбүнд`ақыр4(11)
Байқап отырғанымыздай әрбір бунақ аз дегенде 3, ал көп болғанда 4 буыннан тұратынын көріп отырмыз. Оны түсінікті болу үшін әрбір бунақтың соңғы жағына жоғары регистрмен көрсетіп отырғанды жөн санаймыз. Әрбір тармақ 11 буынды қара өлең өлшеміне сәйкес келеді. Ал бір бунақ ішіне енген сөздердің тұтасып бірге айтылуын – белгісі арқылы беруге болады. Жылысу құбылысы арқылы жүзеге асқан дауысты дыбыстардың түсіп қалуын ` – белгісімен таңбаланған жөн деп табамыз.
Кей жағдайларда өлеңдегі айтылатын ойдың ерекшелігіне байланысты шартты белгілердің басқа түрлері де қолданылуы мүмкін.
Енді «қара сөздің» орфоэпиялық жазбасына тоқталып көрейік. Мұнда ырғақтық топтарды мағыналық бөлшектер топтастыратыны түсінікті болып шығады.
Жазылымы:
Бір күні Қожанасыр досының үйіне келсе ол үйін тазалап жатыр екен. Қожа одан:
– Е, достым! Не істеп жатырсың? – деп сұрапты.
– Ә, Қожа екенсің ғой! Мына ескірген киім, қағаз, кітап бәрін өртейін деп жатыр едім, – дейді досы.
– Қой, достым! Киім ескіргенмен, кітап ескірмейді. Кітаптың сырты ескіргенмен ішіндегі асыл сөзі ескірмейді, – депті Қожа.
Айтылымы:
Біргүнү // Қожанасыр/ досұнұңүйүнө гелсе // ол // үйүн / тазалабжатырекен /// Қожа / одан ///
– Е /// достұм /// Неістебжатырсың? // депсұрапты ///
– Ә /// Қож`екенсіңғой /// Мына / ескіргеңDгійім / қағаз / кітап // бәрінөртөйүндебжатыредім // дейдідосұ ///
– Қой /// достұм /// Кійімескіргенмен // кітабескірмейд /// Кітаптыңсырты / ескіргенмен // ішіндег`асылсөзү / ескірмейд // депті Ғожа///
Мәтінде ырғақтар немесе ырғақтық топтарда жүзеге асатын дыбыстық игерулерді таңбалау үшін кейбір таңбаларды пайдалануға ұсыныс жасаймыз. Дыбыстар бірін-бірі айтылымы (акустикалық) және жасалымы (артикуляциялық) жағынан игереді, сирек жағдайда бұлар қоса қабат жүзеге асады. Орта білім беру оқулықтарын бұларды ілгерінді, кейінді және тоғыспалы ықпал түрінде оқытады. Дыбыстардың бірін-бірі акустикалық жақтан игеруін таңбалау үшін және белгілерін пайдалануға болады. Мұндағы бағыттаманың нұсқауына қарап қай дыбыстың қай дыбысқа әсер етіп тұрғанын аңғару қиын емес. Осы жүйені негізге ала отырып дыбыстардың бірін-бірі артикуляциялық жақтан игергенін көрсету үшін және белгілерін пайдаланамыз. Игерудің осы екі түрі қоса жүзеге асса белгісін қолдануға болады. Айтып отырған тәсілдерің тәжірибелік маңызы зор. Ықпалдардың түрлерін шартты белгілермен өрнектеу үлгілерін белгілі фонетист ғалым профессор С.Мырзабеков ұсынған болатын (Мырзабектен С. Қазақ тілі фонетикасы: оқу құралы. –Алматы: Қазақ университеті, 2004. 141-бет).
Қорыта айтқанда, мәтінді орфоэпиялық жағынан өрнектегенде түрлі шартты белгілердің қолданылуы маңызды. Мынадай тұжырымдар ұсынуға болады:
Орфоэпиялық жағынан түрленетін ең кіші бөлшек бунақ немесе ырғақ болып шығады.
Ырғақаралық шекте ешқандай фонетикалық құбылыстар жүзеге аспайды.
Мәтіндегі кідірісті дұрыс аңғару орфоэпиялық нормаларды іске асырудың тікелей тетігі.
Түптеп келгенде, жоғарыда аталған үлгілер түрлі нұсқада жоғары оқу орындары мен арнаулы орта білім орындарында оқытылып жатыр. Ендігі кезекте бұларды тұрақтандырып, ортақ бір үлгіге қол жеткізетін уақыт келді деуге болады. Біздің ұсынып отырған үлгімізді басшылыққа алудың ұтымды тұстары компьютерлік мәтін терім жұмысына оңтайлы болуында. Мұның өзі орта және орталау білім ортасына арналған әдістемелік құралдарды ұсынуға мүмкіндік береді.
Съезд Ақымбек,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің доценті
"Ана тілі" газеті