Осы сұрақ сан рет көтерілді, бірақ бір мәмілеге келе алмадық. Себебі «қазақтікі» дегендер де, «емес» дегендер де ұтымды уәж айта алмады.
«Қара жорға» – ата-бабамыздан қалған би. Атажұрттағы қазақтар «орыстанып, мәңгүрттеніп» кеткендіктен, бұл биді ұмытқан. Ата-бабамыздың мұрасын біз ұмытпай, жоғалтпай әкеліп, қазаққа табыстадық» дейді Қытайдан келген қандастарымыз. Ағайынның ниетінде алалық жоқ. «Қазақтың бір жоғын таптық» деп қуанып жүр. Бір жағынан, «ел-елдің бәрінде өздерінің ата-бабасынан қалған «меншікті» биі болғанда, қазақта неге болмайды?» деп соған намыстанатын да сияқты. Қазақтың қазақтығы да сол билемеуінде жатқанын, ата қазақ үшін билемегені намыс емес, билегені намыс екенін бұл бауырлар ойламаса керек. Сонымен қатар «өзі қара жорға болса, ол қалай қазақтікі болмайды» дейді ғой баяғы «қазақ қана ат мінген» деген ұғыммен. Анығына келсек, ат жалында туып, ат құлағында ойнаған ел көп екенін енді біліп жүрміз. Біле білсек, «Қара жорға» – қазақтың ата-бабасынан қалған би» дегенді айтқан адам – қазақтың ұлт ретіндегі нағыз таза қанды қасиетін, ерекшелігі мен құндылығын, тектілігін, ірілігін, қазаққа ғана тән салт-дәстүр, әдеп-ибасын білмейтін, білсе де мойындағысы келмейтін, арғы қазақты бергі қазақтың өлшемімен өлшеп жүрген адам. Ақылға салып ойлайықшы: атасы келініне, әкесі қызына, ағасы қарындасына айтатын сөзін тіке айтпай, араға шешені, жеңгені салып қана сөйлесетін қазақ; әйел заты ата-ене түгіл, ерінің бетіне тік келіп сөйлемеген, сөзін бөлмеген қазақ; әйел заты ер-азаматының алдын кеспей, қашан өтіп кеткенше төмен қарап күтіп тұратын қазақ; үйге қонақ келсе, қыз баласын бөтен үйге жөнелтетін қазақ; қыз баласы адымдап жүрсе, адыраңдап сөйлесе, қарқылдап күлсе «көргенсіз» деген қазақ; махаббаттан өртеніп бара жатса да, ата-ананың көзінше өз әйеліне «көз салып» қараған жігітті «жетесіз» санаған қазақ енді келіп кемпір, шалы, келіні, қызы, жігіті – бәрі мидай араласып, бөкселерін бұраңдатып, кеуделерін селкілдетіп, бір-біріне итіне төніп билейді екен ғой, тегі. Қазақтың өстіп есірткі ішкендей есіріп жүргенін қай ғасырда кім көріпті?! Көрмек түгіл, естіген адам бар ма екен? Қыз-келінімен жағаласып, бір еңкейіп, бір шалқайып, қара терге түсіп жүрген қазақ шалын көрген бар ма екен? Кимешегі желпілдеп, кеңкілдеп жүрген кемпір неткен сүйкімсіз?! Қазақтың ақсақалы әулиеге баланушы еді, қазақ кейуанасы қасиетке теңелуші еді. «Қара жорға» тәрк етті бәрін...
Қазақтың тарихы, шежіресі, дастаны, оның өмірінің айнасы – ауыз әдебиеті.
Арыға бармай-ақ, ХVIII-XXI ғасырлар аралығы – үш ғасырға шолу жасап қарайықшы. Ертегі, аңыз, дастан, жыр, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс. Бәрінде қазаққа тән сипаттар: жекпе-жек, күрес, атыс, жамбы ату, асық ойнау, қол күресі, көкпар, аударыспақ, жарыс, жаяу жарыс, ат бәйгесі, айтыс, шешендік өнер сайысы, өтірік өлең, тіпті қатын жарыс бар. Бірақ үш ғасыр қойнауына сүңгісең де, «биледі» дегенді кездестірмейсің. Өте көне ертегілерде «жын-перінің қыздары билеп жүр екен» деген кездеседі. (Көрдіңіз бе, жын-шайтанның қыздары ғана билеп жүр. Отбасы, үйелменімен билеп жүрген жоқ).
Сонан соң үш ғасырда қазақ жерінен қаншама жиһангез, саяхатшы өтті. Қанша шежіре, жылнама жазылды. Қазақтар (не түркілер) «Қара жорға» билеп жүр» деп неге Марко Поло, Махмуд Қашғари, әл-Фараби жазбаған? Неге қытайдың, моңғолдың жырнамасында, Орхон жазбаларында жоқ? Арыны қояйық: қазақтың 101 әнін жазып алған Затаевич неге бір биін білмеген? Неге Шоқан Уәлихановтың зерттеулерінде айтылмаған?
Жақсы, Қазақстанның қазақтары аласапырандар тұсында «байтал түгіл, бас қайғы» боп ұмытты, жоғалтты, оларға айтқызбады, оралман қазақтардың ғана «лайланбаған» ес-жадында сақталды дейік. Онда неге Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстан т.б. шетелдерден келген қазақтар білмейді? Тек қытай қазақтарының ғана есінде қалған қандай би ол?
«Қара жорғаны» ата-бабадан қалған қазақ биі деуге келмейтін бірнеше себеп бар: біріншіден, жоғарыда айтып кеттік. Қазақы менталитетке жат. Ұлттық, қазақи қасиетімізді жоққа шығарады. Екіншіден, әні, сарыны. Біресе күй, біресе ән. Шегенің ариясы. Үшіншіден, би қимылдары қазаққа келмейді. Моңғолдың, қалмақтың, якуттың билеріне келеді. Қытайда әлі күнге дейін солаң, дағұр деп аталатын аз ұлттар бар. Арғы тектері қалмақ, әлде моңғол. Солардың «буын биі» деп аталатын биі бар. «Қара жорға» – тура сол бидің көшірмесі. Қытай түсірген «Шыңғыс хан» киносында моңғол сарбаздары тура осылай билейді. Төртіншіден, лекілдеген ырғақпен білінбей тұрғаны болмаса, сөздері көркемдіктен жұрдай. «Кемпірлер жүр кеңкілдеп, шалдар да жүр қаңқылдап». Не деген сұрықсыз сөздер! «Биле, биле, жігіттер, шыққанынша тұнық тер». О заман да бұ заман, тердің тұнық болғанын кім көрген? Тер деген организмнен шығарылатын артық-ауыс керексіз, зиянды, тіпті улы заттар емес пе? Сол үшін оның жағымсыз иісі болады. Сол үшін қазақ сасық тер, арам тер, жабысқақ тер, жылбысқа тер, ащы тер, қара тер, қалау тер, суық тер десе де, тұнық тер деп айтпаған. Осындай құрақ-құрақ арзан сөзді ата-бабамыздан қалды деу қай қисынға сыяды?
Енді осы «Қара жорға» биін анда-санда жарнамалап жүрген Арыстан ақсақал жөнінде бірер сөз: Арыстан ақсақал шекесіне үкісін тағып алып эфирден бірнеше рет «Қара жорғаны» билегені рас. Ол кісі билеп қана қоймай, былай деді:
– Мен қазақтың биін тірілттім. Біз келгенше еш қазақ билемеуші еді. (Мәселе сол еш қазақтың билемегенінде болып тұр ғой). Президент маған марапат беруіне болады.
Ау, ақсақал-ау, оралман боп опық жеген жеріңіз бар ма? Алатаудың баурайына ақбоз үйді тіктіңіз. Алдыңыздан шыққан жан болды ма? Шалғынға бие байлатып, сапырып сары қымыз жұттыңыз. Бәйбіше-тоқал – қос қатынды тұттыңыз. Мұның қалай дедік пе? Осының өзі Қазақ елінің, президенттің сізге марапаты емес пе? Сахнаға шығып бес минут бұраңдаған сіз түгіл, қан майданда жан беріп, жан алып келген майдангер қарттардың марапат алмай өмірден өткені қаншама?!
Қысқасы, «Қара жорғаны» қазақтікі ету – қазақты жарылқау емес, керісінше, кемсіту...
Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, сыншы
"Жас Алаш" газеті