Әлем назарын аударған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің екі миллионыншы келушісі тіркелді.
Ол - Орал қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ғайса Жұмалиев. 34 жастағы жас кәсіпкер көрмеге арнайы іс-сапармен келген. Бұған дейін бір мәрте көрме қонағы болған екен.
Ғайса Лондон бизнес мектебін бітірген, 5 жыл мұнай және газ секторында жұмыс атқарған. Бүгінде мұнай секторына арналған химреагенттерді өндіретін жеке компанияны басқарады.
Ол мұндай тосын оқиғаға тап боламын деп ойламаған. Ғайса Жұмалиев: "Мен өте қуаныштымын. Көрменің кіреберісінде маған екі миллионыншы келуші екенімді айтқанда не істерімді білмей қалдым. Билетті осы Астанадағы «Мега» сауда ойын-сауық кешенінен сатып алған едім. Чехия павильонын аралап үлгердім. Ендә Shell павильонына бара жатқанмын. Мені «ЭКСПО-2017» баспасөз орталығына журналистермен кездесуге шақырды. Бұл мен үшін тосынсый болды", - дейді.
«Астана EXPO – 2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бұл күннің Ұлттық компания үшін айтулы күн екенін атап өтті. "Көрмеге екі миллион адамның келгеніне бәріміз куә болып отырмыз. Негізі жалпы көрме аяқталғанға дейінгі келушілердің межесі 2 миллион деп болжанған еді. Өздеріңізге белгілі, көрменің аяқталуына әлі бір айдан астам уақыт бар. Сондықтан келушілер саны межеден әлдеқайда асатынына көзіміз жетті. Белгіленген межеге уақытынан бұрын жетуіміз Елбасымыздың ауқымды жобасының ойдағыдай іске асып жатқандығын білдіреді", - деді.