Кентау қаласының полицейлері 12 миллион теңгенің электр бағанының жабдықтарын ұрлады деген күдікпен екі адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция басқармасына жарықпен қамтамасыз ететін мекемелердің бірі белгісіз біреулердің жол бойында орналасқан электр бағанасының жабдықтарын жымқырып жүргеніне шағымданған
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 12 миллион теңгені құрады. Аталған жайтты кентаулық полицейлер ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, жедел уәкілдер тобы оқиға болған жерге бет алды. Тәртіп сақшылары 10 күн бойы қылмыскерлерді анықтау мақсатында түрлі іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицейлер күдікті деп танылған екі ер адамның ізіне түсіп, оларды полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдіктілердің біреуі Шымкент қаласының тұрғыны болса, екіншісі Түркістан қаласының тұрғыны. Сонымен қатар кентаулық полицейлер күдіктілердің жымқырған электр бөлшектерін жарты бағасына сатып жібергенін анықтады, одан түскен пайданыс өздерінің қажеттілігіне жұмсаған.
Бүгінде күдіктілер өз кінәсін толықтай мойындады. Полицейлер күдікті екеудің сотты болғанын анықтады. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жалғасуда.