06 сәу, 2026 сағат 12:13

Терезені бұзып кірген: Алматы облысында ұйымдасқан ұрылар тобы ұсталды


Фото: ашық дереккөз


Алматы облысында пәтер ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ әшкереленді. Қаскөйлер алтын бұйымдар, ақша және өзге де құнды заттарды қолды етіп, тұрғындарға 21 миллион теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды Ult.kz.


Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктілер 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап пластикалық терезелерді күшпен ашу арқылы пәтерлерге кіріп отырған.


Жедел-іздестіру шаралары барысында 20 наурыз күні криминалдық полиция қызметкерлері алғашқы топты ұстап, оларды уақытша ұстау изоляторына қамады. Тергеу барысында күдіктілердің кемінде тоғыз пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды.


Арада төрт күн өткенде, 24 наурызда тағы бір қылмыстық топ қолға түсті. Олардың үш ұрлыққа қатысы бар екені белгілі болды. Аталған топ құрамында 14 және 17 жастағы жасөспірімдердің болғаны да анықталған.


Осыған байланысты ІІМ азаматтарды сақ болуға шақырып, баспана қауіпсіздігін күшейтуге кеңес береді. Атап айтқанда, сенімді құлып орнату, терезелерге тор қою, дабыл жүйелері мен бейнебақылау құралдарын пайдалану, сондай-ақ әлеуметтік желілерде құнды заттар туралы ақпарат жарияламау ұсынылады.