Ақсуда әйел мен екі баланы аяусыз пышақтап кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ізін суытпай әйел мен оның кәмелетке толмаған балаларын өлтірді деген күдіктіні ұстады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заттай дәлелдемелер мен қылмыс құралы тәркіленген.
«Тергеу барысында полиция күдіктінің әйелмен таныс екенін анықтады. 11 шілдеде түнгі сағат 03.00 шамасында олардың арасында жанжал шығып, 36 жастағы қала тұрғыны 35 жастағы әйелге бірнеше пышақ жарақатын салған. Шу кезінде балалар оянып кеткен. Ер адам оларды да бірнеше рет пышақпен жарақаттаған», - дейді департаментте.
Күдікті Ақсу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы ҚК 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы және 99-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізілуде.
Еске сала кетейік, 12 шілде күні сағат 11.40-та Ақсу қаласындағы пәтерлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар әйел мен 7 және 5 жастағы кәмелетке толмаған балалардың мәйіті табылған болатын.