Жамбыл облысында «ENVIDA AI» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды

Жамбыл облысында «ENVIDA AI» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды
ашық дереккөз

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті «ENVIDA AI» қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, жоба ұйымдастырушылары WhatsApp мессенджерінде «Еnvida ai ежедневный пассивный доход» және «Еnvida ai супер новый проект ежедневный пассивный доход» атты топтар ашып, азаматтарға тұрақты әрі жоғары табыс уәде еткен.

Ведомствоның ақпаратынша, жобаның маркетингтік жүйесі көпдеңгейлі қағида бойынша жұмыс істеген. Яғни негізгі табыс жаңа салымшыларды тарту арқылы қалыптасып отырған.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар жобаны нақты активтерге инвестиция салатын халықаралық экожүйе ретінде таныстырған.

Нәтижесінде қаржы пирамидасына 370-тен астам адам тартылған. Қатысушылар қатарында Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары бар.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға күмәнді қаржы ұйымдарына ақша салмауға және сақ болуға кеңес берді.

Сондай-ақ агенттік іске қосқан Baiqa, piramida! Telegram-боты арқылы қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге болатыны айтылды.