13 жыл бойы АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы мен Нью-Йорк штатының полициясы ел тарихындағы ең жұмбақ сериялық кісі өлтірулердің бірін тергеді. 2010 жылдың желтоқсаны мен 2011 жылдың сәуірі аралығында Лонг-Айленд аралынан сегіз секс-қызметкердің мәйіті табылған. Алайда бұл қылмыстарға күдікті адам 2023 жылы бір-ақ анықталды. Ол архитектуралық бюро иесі Рекс Хойерманн болып шықты. Ол өз қылмысын 2026 жылдың 8 сәуірінде бір-ақ мойындады, деп хабарлайды ult.kz.
Ит ерткен адам
16 жыл бұрын полиция бірнеше адам өліміне байланысты қорқынышты істі тергей бастады. Кейін бұл қылмыстардың ізі 1990 жылдарға дейін барып тірелетіні белгілі болды.
2010 жылдың 1 мамырында Лонг-Айлендтегі Оук-Бич ауданында секс-қызметкер Шеннон Гилберт жоғалып кеткен. Сол түні ол клиентінің үйінен қорқып жүгіріп шығып, көршілерден көмек сұраған. Артынша 911 қызметіне қоңырау шалып, өзін біреу аңдып жүргенін және өлтірейін деп жүргенін айтқан. Осыдан кейін Шеннонды ешкім көрмеген.
911 операторы Шеннон Гилберттің біреудің көмегінен бас тартқанын естіген. Оқиға орнына келген полицейлер оның жеңгетайымен, клиентімен және көршісімен сөйлескен. Олардың айтуынша, Шеннон өзін оғаш ұстап, қатты қорқып жүрген. Кейін ол қараңғы жаққа қарай жүгіріп кеткен, содан кейін оны ешкім көрмеген.
2010 жылдың 11 желтоқсанында кинолог Джон Маллия мен оның Блю атты қызметтік иті Шеннонды іздеу кезінде Оушен-Парквей жолының маңынан адам сүйектерін тапқан. Сүйектер шіріп кеткен қапқа оралған. Осыдан кейін полиция маңайды толық тексере бастаған. Екі күннен кейін алғашқы жерден шамамен 400 метр қашықтықтан тағы үш әйелдің мәйіті табылды.

Сарапшылардың айтуынша, алғаш табылған сүйектер 2009 жылы жоғалып кеткен 24 жастағы секс-қызметкер Мелисса Бартелемиге тиесілі болған. Ал жақын маңнан Морин Брейнард-Барнс, Меган Уотерман және Эмбер Костеллоның денелері шыққан. Бұл әйелдердің бәрі 2007–2010 жылдары жоғалып кеткен.
2010 жылдың 14 желтоқсанында Саффолк округінің полициясы бұл аймақта сериялық қылмыскер болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Кейін бұл төрт әйел «Гилго төрттігі» деп аталды.
Алайда қорқынышты жәйттер мұнымен тоқтамады. 2011 жылдың наурызында сол маңнан 2003 жылы өлтірілген Джессика Тейлордың бас сүйегі мен қолдары табылды. Ал сәуір айында Гилго жағажайынан 2000 жылы өлтіріліп, денесі бөлшектелген Валери Мактың сүйегінің қалдықтары шыққан. Көп ұзамай сол жерден 1996 жылы қаза тапқан Карен Вергатаның қаңқасы да табылды. Бір сөзбен айтқанда, Маллия мен оның иті Блю маньяктың өз қолымен жасаған тұтас «зиратын» тауып алған.
Жағдайды одан сайын үрейлі еткені Валери Мактың қасында екі жасар қыздың сүйегі жатқан. 2025 жылы оның 1997 жылы жоғалып кеткен Таня Джексонның қызы екені анықталды. Кейінірек сол аумақтан азиялық жігіттің мәйіті де табылды. Оның кім екені әлі күнге дейін белгісіз.
Тергеу
Полиция бұл қылмыстардың бір-бірімен байланысты екенін ұзақ уақыт бойы анықтай алмаған. Себебі мәйіттер мен дене бөліктері әр жылдары табылған. Оның үстіне жоғалған әйелдердің бәрі секс-қызметкер болғандықтан, ол кезде құқық қорғау органдары мұндай істерге аса мән бермеген.
Тіпті кей адамдар олар басқа қалаға жұмыс істеуге кеткен болуы мүмкін деп ойлаған. Кей жағдайда туыстары да олардың жоғалғанын полицияға бірден хабарламаған.
Соған қарамастан, тергеу біртіндеп жалғасқан. Бірақ бұл істе күмәнді жағдайлар да болған.

2010–2011 жылдары табылған мәйіттердің көбі Саффолк округінен шыққан. 2012 жылы осы округтің полиция басшысы болып Джеймс Берк тағайындалды. Ол бұған дейін Нью-Йорк полициясында жүрген кезінде қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген дауға ілінген.
Кейін оны басқа аймаққа ауыстырғанымен, жаңа қызметінде де мәселелер туындаған. Берк Федералдық тергеу бюросының (FBI) бұл іске араласуына қарсы болған. Себебі федералдық агенттер өзінің заңсыз әрекетін де анықтап қоюы мүмкін деп қорыққан. Ақыры солай болды. Кейін Берктің ұсталған адамдарды ұрып-соғып, дәлелдерді қолдан жасағаны белгілі болып, қызметінен қуылған.
Лонг-Айлендтегі маньяк туралы іс тек 2022 жылы қайта қарқын алды. Сол кезде округ прокуроры арнайы тергеу тобын құрған. Ол уақытта тергеушілердің қолында күдіктіні анықтауға көмектесетін бірнеше маңызды дәлел болған. Олар ұялы телефондардың қай жерде болғанын тексерген, құрбандар кіммен байланысқа шыққанын зерттеген. Сонымен қатар кей мәйіттердің жанынан табылған шаш немесе басқа биологиялық іздерден ДНҚ сараптамасы жасалған.
Күдікті
2023 жылы тергеушілер күдіктілер қатарын бірнеше адамға дейін қысқартты. Сол жылдың 13 шілдесінде 59 жастағы архитектор Рекс Хойерманн ұсталды. Ол 1993 жылы Норт-Си ауданынан денесі табылған Сандра Костильяның өліміне күдікті ретінде танылды. Тергеушілер оның денесінен Хойерманнның шашын тапқан.
Архитектор Манхэттенде жұмыс істегенімен, Лонг-Айлендтегі Массапекуа-Парк қалашығында тұрған. Құрбандардың денелері дәл осы маңнан табылған. Хойерманн бойы 193 сантиметр, салмағы 100 келіден асатын ірі денелі адам болған. Оның өмірбаянын білген көпшілік «маньяктар дәл осындай болады» деген пікір айтқан.

Ол 1963 жылы Лонг-Айлендте дүниеге келген. Әкесі аэроғарыш саласының инженері болған. Мектепте оны бойының ұзындығы, артық салмағы және тұйық мінезі үшін қатарластары жиі мазақтаған. Бірақ ол өзін қорғай білетін адам болған. Хойерманн Нью-Йорк технологиялық колледжін архитектуралық технология мамандығы бойынша тәмамдап, кейін RH Consultants & Associates компаниясын құрған. Фирма ескі ғимараттарды қайта жөндеу, заңдық мәселелерді шешу сияқты жұмыстармен айналысқан.
«Мен архитектуралық мәселелерді шешемін. Құрылыс департаментімен келіссөз жүргіземін. Қарапайым болуы тиіс жұмыс күрделене бастаса, адамдар маған хабарласады», - деді ол.
Ол бұл сөздерді 2022 жылы YouTube-тағы Bonjour Realty арнасына берген сұхбатында айтқан.
Хойерманнның бизнесі табысты болған. Оның клиенттері қатарында American Airlines мен Нью-Йорк қаласының қоршаған ортаны қорғау департаменті болған. 1990 жылы ол Аса Эллорупқа үйленіп, кейін қызы дүниеге келген. Қызы университеттен кейін әкесінің компаниясында жұмыс істей бастаған. Көршілерінің бір бөлігі оны «үнсіз жүргенімен қауіпті адам» деп сипаттаған.
Бір көршісі Хойерманнның отын жарып тұрғанын көріп, амандасқанын айтады. Архитектор оған үрейлі көзқараспен қарап, балтаның сабын қыса түскен. Осыдан кейін көршісі оған жақындамауға тырысқан. Ал кейбіреулер оны қарапайым, сәл іш пыстыратын, бірақ зиянсыз адам деп сипаттаған.
Әріптестерінің пікірі де екіге бөлінген. Бірі оны өте білікті маман десе, енді бірі суық, тәкаппар және өзін бәрінен ақылды санайтын адам ретінде еске алған.
Маньяктың отбасы
Хойерманның әйелі мен қызы оған бастапқыда тағылған айыптарға сенбеген. Жары Аса Эллоруп жолдасына деген сенімі жылдар бойы сөнбейтінін айтқан.
«Олар оны секс-қызметкерлермен жүрген дейді. Не деген сөз? Мен күйеуімді қанағаттандырмаймын ба? Ол күн сайын үйге келіп, мен дайындаған кешкі асты ішеді. Бұл жеткіліксіз бе? Жоқ, мен оның қылмыскер екеніне сенбеймін», - дейді Хойерманның жары.

Қызы Виктория да әкесін ешқашан қатыгез адам деп ойламағанын айтқан. Оның сөзінше, әкесі оларға қол көтермеген, ашуланса тек ыдысты қаттырақ лақтыратын болған.
Соған қарамастан, Хойерманн жертөледе 279 қарудан тұратын үлкен арсенал сақтаған. Ол аңшылықты жақсы көрген. Алайда мұны оның туыстары ғана білген.
Тергеу дерегінше, шабуылдардың көбі әйелі мен қызы демалысқа кеткен кезде жасалған.
Кінәні дәлелдейтін айғақтар
Тергеушілердің айтуынша, Хойерманн бір реттік телефондар арқылы құрбандардың кемінде үшеуімен байланысқан. Костильяның денесінен табылған шаштар да оған тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтылды. Ал Морин Брейнард-Барнсты байлаған белдіктердің бірінен оның әйелі Аса Эллоруптың ДНҚ-сы табылған.
Кей қыздар жоғалар алдында олардың телефоны мен Хойерманн сатып алды делінген бір реттік телефондар бір жерде болған. Құрбандар жоғалған соң олардың туыстары мен достарына белгісіз адам қоңырау шалған. Мелисса Бартелемидің анасына әлдебіреу бірнеше рет хабарласып, соңғы сөйлесуде:
«Мен оны өлтірдім», - деп айтқан.

Ол бұл қоңырауды Манхэттеннің қақ ортасы Таймс-скверден жасаған. Дәл сол жерде Хойерманнның кеңсесі орналасқан.
Сонымен қатар Эмбер Костеллоны үйінен алып кеткен клиент Нью-Йоркте сирек кездесетін Chevrolet Avalanche пикабымен жүрген. Дәл сондай көлік Хойерманнда болған.
Хойерманн ақыры бәрін мойындады
Қорғаушылар ДНҚ дәлелдеріне күмән келтірген. Биоматериалдар пицца қорабындағы қамыр қалдықтарынан алынғаны айтылды. Адвокаттар мұны заңсыз дәлел деп атады.
Костилья денесінен табылған шаштардың түбі болмағандықтан, ДНҚ алу мүмкін емес деген пікір де айтылды.
Хойерманнның адвокаттары полиция оны бұл іске ең қолайлы күдікті ретінде қарастырғанын айтқан. Себебі ол мәйіттер табылған жерге жақын тұрған, көршілері ол туралы күмәнді пікір айтқан және үйінде көп қару сақталған.

Алайда 2026 жылдың 8 сәуірінде бұл күмәндердің бәріне Хойерманнның өзі нүкте қойды. Сотта ол Уотерман, Бартелеми, Костелло, Брейнард-Барнс, Мак, Тейлор, Костилья және Вергатаны өлтіргенін мойындады. Судья одан әйелдерді қалай өлтіргенін сұрағанда, Хойерманн сегіз рет:
«Тұншықтырдым», - деп жауап берген.
Ең қызығы, соңғы құрбан бойынша оған ресми айып тағылмаған еді. Бірақ соған қарамастан ол бұл қылмысты да өзі жасағанын мойындаған. Тергеушілер оның не үшін бұлай істегенін әлі күнге дейін түсіне алмай отыр. Хойерманн енді өмірінің соңына дейін түрмеде болады.

Сонымен қатар бұл іс бойынша әлі де жауапсыз қалған сұрақтар көп. Таня Джексон мен оның қызын кім өлтіргені белгісіз күйінде қалып отыр. Оушен-Парквей аумағынан табылған азиялық жігіттің өлімі де әлі ашылмаған.
Ал бәрінің басталуына себеп болған Шеннон Гилберттің сүйегі 2011 жылдың желтоқсанында батпақтан табылған. Тергеушілер оның суға батып қайтыс болғанын айтқан. Алайда туыстары Шеннонды да Хойерманн өлтірді деп есептейді. Бірақ оны дәлелдейтін нақты айғақ табылмаған.
Сондықтан Хойерманн қылмыстарын мойындағанымен, Лонг-Айлендтегі 30 жылға созылған жұмбақ кісі өлтірулердің құпиясы әлі толық ашылған жоқ.