«Президенттің туыстарын танымаймын»: Ботагөз Омарова ісіне қатысты «VD Stroy Engineering» компаниясы басшысы сұқбат берді

«Президенттің туыстарын танымаймын»: Ботагөз Омарова ісіне қатысты «VD Stroy Engineering» компаниясы басшысы сұқбат берді
видеодан скриншот

«VD Stroy Engineering» компаниясының басшысы Азамат Үсімбеков өзіне қатысты айтылған айыптауларға алғаш рет пікір білдіріп, компанияның президенттің туыстарымен байланысы бар деген қауесетке жауап берді, деп хабарлайды ult.kz ulysmedia-ға сілтеме жасап. 

Тілші Азамат Үсімбековпен «VD Stroy Engineering» компаниясы туралы жарияланымдарымен байланысты журналист Ботагөз Омароваға қарсы қозғалған қылмыстық іс туралы және бизнесмен мен жұмысшылар арасындағы дау, Президент туыстарымен байланысына қатысты қауесет, және миллиондаған қаражат тұратын жобалар туралы әңгімелескен екен.

Өзін ақтөбелік құрылысшының баласымын деп таныстырған Үсімбеков бизнесін осы саладан бастап, Ақтөбеде түрлі жобалаларға ат салысқанын айтады.

«Мектептер мен зауыттар салдық. Кейін тұрғынүйлер сала бастадық. Ақтөбеде өте көп тұрғынүй салдық. Сосын бизнесіміз кеңейіп, Атырау облысында, Орал, Ақтау қалаларында құрылыс жүргіздік», – деген Азамат Үсімбеков мемлекеттік тендерлермен қатар жеке тапсырыстар да алатындарын айтты.

2014 жылдан бері «RG» компаниясымен және Ресейдің бірқатар компанияларымен жұмыс істегендерін жеткізді.

«Әсіресе пандемия кезінде ресейліктер локдаун кесірінен келе алмаған кезде өзіміз монтаж жұмыстарын, іске қосу-баптау жұмыстарын істеп, көп тәжірибе жинадық», – деді ол.

Азамат Үсімбеков 2023 жылы тамызда «VD Stroy Engineering» компаниясын Арман Жәркеевтен сатып алғанын айтып отыр. Дегенмен қанша сомаға алғанын «коммерциялық құпия» деп айтпады.

Компания басшысы «Айтпа, Ботагөз!» telegram арнасының авторы, журналист Ботагөз Омаровамен аталған компанияға қатысты жазба шыққаннан кейін танысқанын айтты.

«Шатаспасам ақпан айында таныстым. Бірінші жазба шықты, сосын екіншісі шықты, үшінші жазба шыққан кезде журналистпен байланысқа шықтым. Ол өзінің ролигінде сөйлеген «біз қарыз» деген жұмысшылармен жеке кездесу ұйымдастыруды сұрады. Сосын біз кездесіп, сөйлестік. Адамдар мені жеке және заңды тұлға ретінде өздеріне қарыз емес екенімді айтты. Бір қосалқы мердігер мен екіншісі арасында өзара дау-дамай барын жеткізді. Біз Ботагөз ханымға ешкімге қарыз емес екеніміз туралы барлық дәлелді көрсеттік», – деп отыр Азамат Үсімбеков.

Еске салсақ, бұған дейін журналист Ботагөз Омарова «көрінеу жалған ақпарат тарату» ісі бойынша сот шешімімен үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатынбыз. Ол өзінің «Айтпа, Ботагөз!» telegram арнасына жариялаған материалдында «президенттің ат қоралары» жайлы сөз қозғалған.

Үсімбековтің «VD Stroy Engineering»-ті сатып алғаннан кейін алған алғашқы жобасы дәл осы даулы болған атқора көрінеді.

Үсімбековтің сөзінше құрылыс 2023 жылы тамызда басталып, 2024 жылы мамырда аяқталған.

 «Capital Engineering» қандай да бір жұмыстарға «Ремстрой-1» компаниясын тартқан және олардың арасында қандай да бір шешілмеген дау болған. Ол дау үш жылға созылған. Бірақ біз ол туралы білмедік. Сериялы жариялымдардан кейін біз олармен кездесіп, сөйлесіп мәселені анықтай бастадық. Біз бұл істе өзара келісімге келулері үшін, келмесе заң аясында шешулері үшін  заңгерлерді, инженерлер ұсынбақ болдық. Себебі олар үшін жалақы алмаған жұмысшылар зардап шегіп жатты.

«Жұмсартып айтпасақ, бұл – бопсалау. 600 млн. теңге осындай сериялы жариялымдар арқылы алмақшы болды. Ботагөз ханымның өзі естіді. Тура мағынасында: «Өте қатты кешірім сұраймын» деп айтты. Және жазбаларды қалай өшіретінін  түсіну үшін бір тәулік ойланатынына уәде берді», – деген «VD Stroy Engineering» компаниясы басшысы өзінің ешкімге қарыз емес екеніне Ботагөз Омарованың көзі жеткенін, бірақ соған қарамастан журналист жазбаларын жалғастыра бергенін айтып отыр.

«Менің оны соттату мақсатым жоқ. Ол мұны әдейі істегенін мойындаса деймін. Егер Ботагөзді жаңылыстырса, ол туралы ашық айтсын», – дейді Азамат Үсімбеков.

Азамат Үсімбековтің бизнесін мемлекет басшысының туыстарымен байланыстыру қаншалықты шындыққа жанасады? Бұл туралы сұраққа жауап берген «VD Stroy Engineering» басшысы Президентті өмірінде көрмегенін, туыстарымен таныс емес екенін айтты.

«Мен ол кісінің саясатын қолдаймын, бірақ ол кісіні өмірімде көрмегенмін, аты аталып жатқан туыстарын да танымаймын», – деп отыр ол.