“Мойыннан әдейі ұрған”: Қаза болған ер адамның туыстары тергеумен келіспейді

“Мойыннан әдейі ұрған”: Қаза болған ер адамның туыстары тергеумен келіспейді
astanatv.k

Алматы облысында қаза тапқан ер адамның туыстары қылмыстық істің бабымен келіспей, оны қайта қарауды талап етіп отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Астана арнасының жазуынша, қайғылы оқиға 23 ақпанда болған. Марқұмның қызының айтуынша, әкесі ауыр жараланған сәтте күдікті тарап жедел жәрдем шақырудың орнына, «келісіп алуды» ұсынған. Кейін ер адам Ұзынағаштағы ауруханаға жеткізілгенімен, қажетті медициналық көмек уақытылы көрсетілмеген. Алматыға жеткізу кезінде жағдайы күрт нашарлап, Қалқамандағы ауруханада көз жұмған.

Қазір іс «абайсызда өлімге әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Алайда марқұмның жақындары бұл баппен келіспейді.

— Қандай абайсыздық? Адамды күректің ұшымен мойын тұсынан ұру — жай ғана жарақат салу емес. Бұл — адам өлтіруге бағытталған әрекет, — дейді марқұмның қызы.

Алматы облыстық соты істің өндіріске қабылданғанын растады. Негізгі сот отырысы 21 мамырға белгіленген.

Ал Алматы облысы полиция департаменті жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақаты бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін мәлімдеді.

Ведомствоның ресми өкілі Ернар Сайдильдин күдіктінің жедел іздестіру шаралары барысында ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады. Оның айтуынша, іс материалдары қадағалаушы органмен келісіліп, сотқа жолданған.

Қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.