"Төрт жасар қыздың басына 8 рет пышақ сұққан": Тұтас Кеңес одағын қорқынышта ұстаған 17 жасар маньяк туралы не белгілі

"Төрт жасар қыздың басына 8 рет пышақ сұққан": Тұтас Кеңес одағын қорқынышта ұстаған 17 жасар маньяк туралы не белгілі

Владимир Винничевский - Кеңес Одағы тарихындағы ең жас әрі қатыгез сериялық қылмыскерлердің бірі. Ол 1923 жылы Свердловск қаласында дүниеге келген. 1940 жылы сот шешімімен ату жазасына кесіліп, 17 жас 5 айында атылған,, деп хабарлайды ult.kz.

Винничевский 1938–1939 жылдары Свердловск, Нижний Тагил және Кушва қалаларында екі мен төрт жас аралығындағы балаларға кемінде 18 рет шабуыл жасаған. Оның сегізі өліммен аяқталған.

Балалық шағы

Винничевский ауқатты отбасында өскен. Әкесі қалалық коммуналдық шаруашылықта шебер болып жұмыс істеген. Ал анасы есепші болған. Отбасы Свердловск орталығындағы жеке үйде тұрған.

Сол уақыттың өлшемімен қарағанда, олардың жағдайы жақсы болған. Владимирдің өз костюмі, танк шлемі, швейцар пышағы және былғары аяқ киімі болған. Ол Свердловскідегі №16 мектептің 7-сыныбында оқыған. Сабақ үлгерімі нашар болып, бір жылға сыныпта қалып қойған. Бірақ ән айтуға қатты қызыққан.

Алғашқы қылмысы

Алғашқы белгілі қылмысын ол 1938 жылдың жазында немесе күз басында жасаған.

Төрт жасар Герта Грибанованы жеке үйдің ауласынан алдап алып шығып, бақшаға апарған. Сол жерде қызды тұншықтырып, кейін басынан ас үй пышағымен кемінде сегіз рет соққы жасаған. Соққының қатты болғаны сонша, пышақ сынып кетіп, оның бір бөлігі баланың бас сүйегінде қалып қойған.

Осы оқиғадан кейін Винничевский сынған пышақты лақтырып тастап, кейінгі қылмыстарында бұрауыш пен жиналмалы пышақ қолданған.

Қылмыстары

Винничевский қылмысты көбіне Свердловскіде жасаған. Бірақ басқа қалаларға да барып тұрған. Бір шабуылды Нижний Тагилде, тағы бірін Кушвада жасаған.

Ол ұл балаларға да, қыз балаларға да шабуыл жасаған. Тергеу мәліметінше, оның мақсаты балаларға сексуалдық зорлық жасау болған. Кейін құрбандарын тұншықтырып өлтірген, кей жағдайда суық қарумен соққы жасаған.

Бесінші құрбаны төрт жасар Боря Титов болған. Қылмыскер баланы шанамен сырғанауға шақырып, иен жерге апарған. Шабуылдан кейін қардың арасына тастап кеткен. Бірақ Боря аман қалып, тергеушілерге қылмыскер туралы алғашқы мәліметті берген. Жетінші шабуылын ол Кушвада үш жасар Катя Лобановаға жасаған. Қызды өлтіріп, мәйітін иіс шықпау үшін шұңқырға тастаған.

Кейін үш жасар Аля Губинаны ұрлап, оған бірнеше рет пышақ сұққан. Бірақ қызды тез іздеп тапқандықтан, ол тірі қалған.

Винничевский жыл мезгіліне қарай мәйіттерді жасыру тәсілін өзгертіп отырған. Қыста қар астына көмсе, жаз бен күзде шөппен, бұтақпен және жапырақпен жауып кеткен.

Ұсталу сәті

Бастапқыда полиция бұл қылмыстардың бәрін бір адам жасағанын бірден түсінбеген. Себебі шабуылдар әртүрлі қалаларда болған. Оның үстіне ата-аналар кейде полицияға бірден жүгінбеген.

Тергеушілер қылмыскер бұрын сотталған ересек адам деп ойлаған. Тіпті оны 20–25 жастағы, сырт келбеті жас көрінетін адам болуы мүмкін деп болжаған.

Тек 1939 жылдың көктемінің соңында ғана балаларға жасалған шабуылдардың бәрі бір қылмыскердің қолынан шыққаны анықталған. Сол жылы Свердловскіде полиция патрульдері күшейтіліп, 300-ден астам адам ұсталған. 1939 жылдың 24 қазанында Винничевский қылмыс үстінде қолға түсті.

Ол үш жасар Слава Волковты үйінің маңынан алып шығыа, трамваймен қала сыртына апарған. Кейін ұйқыда жатқан баланы орман жаққа көтеріп апарған.Ал полиция қызметкерлері оның соңынан үнсіз еріп отырған. Винничевский баланы тұншықтыра бастаған сәтте ұсталған. Осылайша Слава Волков аман қалған.

Тергеу мен сот үкімі

Тергеу кезінде Винничевский қылмыстарын мойындаған. Белгілі болғандай, ол жасаған шабуылдарының бәрін қағазға жазып, мәтінді шифрлап сақтап отырған.

Оның ата-анасы облыстық газетке мынадай мәлімдеме берген:

«Біз мұндай ұлдан бас тартамыз және оған ең ауыр жаза ату жазасын қолдануды талап етеміз. Мұндай азғынға кеңестік отбасында орын жоқ». 

1940 жылдың 16 қаңтарында сот Винничевскийді ату жазасына кескен. Адвокаттың талабымен оған психиатриялық сараптама тағайындалған. Сарапшылар оны ақыл-есі дұрыс деп таныған.

1940 жылдың тамызында іс қайта қаралғанымен, сот бұрынғы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Винничевский кейін Жоғарғы сотқа кешірім сұрап хат жазған. Ол қылмыстарын мойындағанымен, өмірін сақтап қалуды өтінген. Алайда кешірім берілмеді.

1940 жылдың 11 қарашасында Владимир Винничевский 17 жасында ату жазасына кесілді.