Түркістан облысында бес жасар қыз қаңғыбас иттің шабуылынан ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Оқиға Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында болған, деп хабарлайды ult.kz.
Оtyrar.kz арнасының хабарлауынша, бүлдіршін күндіз ауыл балаларымен бірге сыртта ойнап жүрген кезде ит тап берген. Қансыраған бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер дереу ота жасаған.
Ақ халаттылардың мәліметінше, ит қыздың бет тұсынан қатты қапқан. Дәрігерлер баланың өміріне қауіп жоқ екенін айтқанымен, бетінде тыртық қалуы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, шабуыл кезінде құлап қалған бүлдіршін басынан да жарақат алған.
Қазір қыздың жағдайы тұрақты, қажетті ем қабылдап жатыр.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауылда қаңғыбас ит мәселесі бұрыннан өзекті. Тұрғындар мұндай жағдайдың алғаш рет болып тұрмағанын айтып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етуде.
Сауран аудандық әкімдігі шабуыл жасаған итті анықтау жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Бір ит ұсталып, зертханаға жіберілген. Ал полиция жануардың иесін анықтауға кіріскен.
Ресми мәліметке сәйкес, ауданда биыл қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарына 6,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері 50-ге жуық ит ұсталған.