Атырауда шетелдік нөмірлі көліктерге тексеріс: Жүргізушілер жаппай наразылыққа шықты

Атырауда шетелдік нөмірлі көліктерге тексеріс: Жүргізушілер жаппай наразылыққа шықты
azh.kz

Атырауда шетелдік нөмірлі көлік иелері жаппай тексерулер мен айыппұлдарға қарсылық білдіріп, қаладағы автотұрақтардың біріне жүздеген көлікпен жиналды, деп хабарлайды ult.kz.

«Ақжайық» басылымының жазуынша, «Салтанат сарайы» маңына топтасқан жүргізушілер полиция рейдтерінің күшеюіне алаңдаулы екенін айтты.

Олардың басым бөлігі Армения, Грузия және Ресей тіркеуіндегі автокөліктерді тізгіндеп жүргендер.

Жүргізушілердің айтуынша, соңғы күндері қалада өзге өңірлерден келген полиция экипаждарының саны көбейіп, тексерулер жиілеген. Құқық қорғау органдары көлік құжаттарын, сақтандыру полистерін, өрт сөндіргіш пен алғашқы көмек қобдишасын мұқият тексеріп жатқан көрінеді. Бұл жағдай шетелдік нөмірлі көлік иелері арасында үлкен алаңдаушылық туғызған.

Грузиялық нөмірлі көлік иесі Әділбек Табылдиев бірнеше жылдан бері еш қиындықсыз көлік жүргізіп келгенін айтады. Енді сақтандыру рәсімдеу талаптары мен ықтимал айыппұлдар жүргізушілерді тығырыққа тіреп отырғанын жеткізді.

Наразылыққа шыққандар Атырауда мұндай ауқымды күшейтілген бақылаудың қажеттілігіне күмән келтіреді. Олардың пікірінше, қалада құқық бұзушылық деңгейі соншалықты күрделі емес.

Бейресми деректерге сәйкес, Атырауда бес мыңнан астам шетелдік нөмірлі көлік бар. Оның көбі Грузия мен Арменияда тіркелген.

Оқиға орнына полиция, әкімдік, прокуратура және ҰҚК өкілдері барғанымен, жүргізушілер нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін айтады. Әлеуметтік желілер мен ортақ чаттарда көлік иелері алдағы рейдтер мен әрекет жоспарын қызу талқылап жатыр.

Ал Атырау облыстық полиция департаменті өңірде кешенді профилактикалық шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, күшейтілген бақылау қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.

Полиция өкілдері рейдтердің криминогендік ахуалды тұрақтандыруға бағытталғанын айтып, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмейтінін ескертті.