Ақтөбеде көпқабатты үйден өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды

Ақтөбеде көпқабатты үйден өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің шатыры өртеніп, ондаған адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды ult.kz.

Төтенше жағдай орнына өрттің жоғары шақырту деңгейі бойынша құтқарушылар мен арнайы техника жедел жіберілген. Өрт сөндірушілер жеткен кезде тұрғын үй шатыры ашық жалынға оранғаны анықталды.

ТЖМ мәліметінше, тілсіз жау 290 шаршы метр аумақты шарпыған. Қауіпсіздік мақсатында 50 тұрғын, оның ішінде 12 бала эвакуацияланды. Тұрғындарға арнайы автокөлік базасында жылыту пункті ұйымдастырылған.

Өртті ауыздықтауға 70-тен астам маман мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрт толық сөндірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.