Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың арбауынан 87 жастағы зейнеткерді құтқарып қалды. Оперативті әрекеттің арқасында қарияның шамамен 1,4 млн теңгесі сақталып қалды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, оқиға Өскемен қаласында болған. Белгісіз тұлғалар өздерін құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткерді ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіруге тырысқан.
Алаяқтар телефон арқылы сөйлесу барысында егде жастағы әйелге психологиялық қысым көрсетіп, қорқыту тәсілдерін қолданған. Соның салдарынан тұрғын ірі көлемдегі қаражатынан айырылып қалу қаупіне тап болған.
Алайда Өскемен қалалық полиция басқармасының қызметкерлері дер кезінде араласып, алаяқтық әрекеттің алдын алды. Полицейлер оқиға орнына жедел жетіп, зейнеткерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оны сабырға шақырған. Сонымен қатар тәртіп сақшылары алаяқтармен телефон арқылы байланысқа шығып, олардың жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.
Құқық қорғаушылар азаматтарға банк қызметкерлері, полиция немесе өзге де мемлекеттік органдар телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтінін ескертеді. Сондай-ақ мұндай жағдайда SMS-кодтар, банк картасының деректері немесе жеке мәліметтер сұралмайтынын атап өтті.
Полиция күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.