Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевты қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін тыңдады, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу барысында облыстың қаңтар-сәуір айларындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері мен алдағы даму жоспары таныстырылды.
Әкімнің айтуынша, Қызылорда облысында инвестициялық ахуал жақсарып, экономиканы әртараптандыру жұмыстары күшейген. Алдағы үш жылда өңірде жалпы құны 1 триллион 900 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл 1 триллион теңгеге бағаланған 14 ірі жобаның құрылысы басталады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен заманауи кітапхана салынып жатыр.
Инфрақұрылым бағытында Қызылорда – Ақтөбе автожолын кеңейтудің алғашқы кезеңі басталған. Ал Бейнеу – Сексеуіл тас жолының құрылысы жақын уақытта қолға алынбақ.
Өңірде жыл соңына дейін тағы 10 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Нәтижесінде халықтың 85 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді.
Бұдан бөлек, тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында биыл 2400 пәтер беру көзделген. Сонымен қатар облыста 138 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеу жоспарланып отыр. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95,5 пайызға жеткізу көзделуде.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық жағдайды жақсарту және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.