Президент Павлодар облысында жаңа әуежай ашу мәселесін пысықтауды тапсырды

Президент Павлодар облысында жаңа әуежай ашу мәселесін пысықтауды тапсырды
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін тыңдады, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесу барысында облыс әкімі былтыр және 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндады. Оның айтуынша, Павлодар облысына шамамен 1,3 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 47 пайызды құраған. Осылайша өңір инвестиция көлемі бойынша елдегі көшбасшылардың біріне айналған.

Сондай-ақ өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 триллион теңгеге жеткен. Қазақстанда өндірілетін көмір мен ферроқорытпаның 58 пайызы, электр энергиясының 42 пайызы Павлодар облысының үлесіне тиесілі екені айтылды.

Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалған. Өнім көлемі 571,4 миллиард теңгеге жетіп, 9,6 пайызға артқан. Өңірде ылғал үнемдеу технологиялары кеңінен қолданылып, картоп, күнбағыс және қарақұмықтан мол өнім алынған.

Әлеуметтік сала бойынша өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қалаларда екі мектеп, ауылдарда үш мектеп және 30 денсаулық сақтау нысаны салынған. Биыл тағы екі мектеп пен бес ірі әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, облыстағы барлық ауыл таза ауыз сумен қамтылғаны хабарланды. Үш қаладағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылып, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 96 пайызға жеткен. Өткен жылы 621 шақырым жол мен ауыл көшелері жөнделген.

Кездесуде Ертіс арқылы өтетін жаңа көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңғырту, трамвай паркін жаңарту және үшінші ГРЭС құрылысы секілді ірі жобалардың жүзеге асырылуы да талқыланды.

Президент Екібастұз қаласының әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, жаңа әуежай ашу мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырды.

– Бұл жоба өңірдің көлік-транзит әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтеді, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.