Павлодарда көлігіне ағаш бұтағы құлап зақым келген тұрғын қалалық әкімдікті сотқа беріп, істі өз пайдасына шешті. Сот шешімі бойынша жергілікті атқарушы орган 4 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 2025 жылдың қазан айында болған. JETOUR X50 автокөлігінің үстіне ағаш бұтағы құлап, көлікке айтарлықтай материалдық шығын келтірген.
Осыдан кейін көлік иесі Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен пәтер иелері кооперативіне қарсы сотқа жүгінген. Тәуелсіз бағалау қорытындысы келтірілген шығын көлемін 4 миллион теңге деп анықтады.
Сот барысында ағаш орналасқан аумақтың ортақ пайдаланудағы жер екені және мемлекеттік меншікке жататыны белгілі болды. Сондықтан жасыл желектерді күтіп-баптау міндеті тиісті уәкілетті органға жүктелгені анықталды.
— Сот ағаш бұтағының құлауы оның тиісті деңгейде күтілмегенін көрсетеді деген қорытындыға келді. Пәтер иелері кооперативі бұл іс бойынша жауапкер ретінде танылған жоқ, — делінген Павлодар облыстық сотының хабарламасында.
Сондай-ақ мемлекеттік орган өкілдерінің ауа райының қолайсыздығы мен ескерту жарияланғанын алға тартқан уәждері сот тарапынан жауапкершіліктен босататын негіз ретінде қабылданбады.
Бірінші сатыдағы сот талапты толық қанағаттандырып, әкімдік бөлімін 4 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.