Өткенде интернет форумнан бір жігіттің жазбасын оқыдым. «Бекзат қайтыс болғанда жыладың ба?», – деген түркістандық қыздың сұрағына: «жоқ» дедім. Сол кезде ол: «Тас жүрек екенсің!» деген. Бекзат Саттарханов туралы естісем, осы есіме түседі», – дейді ғаламтордың арғы бетінде отырған бейтаныс адам.
Ол қыздың орнында болсам мен де, солай айтқан болар едім. Әлі есімде, Сидней олимпиадасы. «Түркістаннан бір бала олимпиадаға қатысады екен» деген сөзді естігеніміз болмаса, Бекзаттың аты-жөнін дұрыс білмейміз. Әйтеуір сол бала шығып қалар деп теледидарға телміретінбіз. Ұмытпасам, олимпиаданың жиырма үшінші күнінде болу керек, жігеріміз әбден құм болып, «Қазақстанның қоржынына бірде-бір медаль түспеді» деп жүргенімізде, желаяқ қыз Ольга Шишигина алтын әперіп, бір серпілтті. Сосын түркістандық бала қазақтың төбесін көкке жеткізді! Тәуелсіз Қазақстанның спорт тарихында тұңғыш алтын алған қазақ – Бекзат Саттарханов болды! Сөйтіп бейтаныс баланың есімі – «олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов!» деп жатталып қалды.
Біздің ауылда бұл есім бірдемде аңызға айналып кетті. Үлкендер жағы «Не елінің баласы екен?» дейді. Бірі: «Түркістанда «жолдың астында» тұрады екен» десе, бірі: «Кәдімгі біз сияқты бірде бар, бірде жоқ болып отыратын отбасынан шыққан екен» деседі. Енді бірі: «Жолдың астының балалары бұзық болады ғой. Кішкентайынан балалармен алысып жүріп, күшті төбелесетін болғасын чемпион болып кетіпті», «Жоқ, олай емес. Серік Қонақбаев олимпиада чемпионы болғанда, жанкүйер болған анасы Бекзатты бесікте емізіп отырып, жылапты. Сол кезде «менің де балам олимпиада чемпионы болады» деген екен. Ананың сол тілегі жиырма жылдан соң орындалған ғой» деген әңгімелерді үлкеннің де, кішінің аузынан еститін болдық.
Бірақ аңыздай болған әдемі әңгімелер ұзаққа созылған жоқ… 2000 жылдың 31-желтоқсанында «Бекзат Темірланның тас жолында апатқа ұшарады» деген әңгіме төбемізден жай түсіргендей болды. Жасөспірім кезіміз ғой. Қыздардың жүрегінде енді ғана алғашқы сезім қылау бере бастаған. Бәріміз де сонда Бекзат жайында қиялмен арман құрайтынбыз. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген сөз бекер айтылмаса керек. Оның қазасы жас жүректерді қатты жаралады. Әр басылымға шыққан қазанаманы, оның фотоларын сыныбымыз түгел оқып, көз-жасқа ерік беретінбіз. Сонда айтыскер Әселхан Қалыбекова апамыз «Құшағы қатты халықпыз» деп бүкіл өкінішімізді бір ауыз сөзге сыйдырып еді.
Алайда, «Бекзат Саттархановтың жұмбақ өлімі» деген сөзді журналистердің жазғандарынан жиі көз шалып қалады. Қарапайым халық та «қасақана қолдан ұйымдастырылған авария екен ғой» дейді сосын. Ақ-қарасын біз де іздестіріп көріп едік.
Оқырмандарымызды Бекзаттың тал бесігінен, жер бесігіне дейінгі ғұмырымен таныстыруды жөн санадық. Әуелі сөз басында айтқан «Жолдың астының балалары бұзық болады ғой. Кішкентайынан балалармен алысып жүріп, күшті төбелесетін болғасын чемпион болып кетіпті» деген Бекзат жайындағы кішігірім аңызымызға келейікші. Бекзат Түркістандағы темір жолдың бойындағы жалпы жұрт «Жолдың асты» атап кеткен ықшам ауданда туып-өскен. Шыны керек, бұл аймақтың қыздарына басқа жақтың жігіттері ысқырып келмейтін, әлі де солай-ау шамасы. Сұлуларын қызғыштай қорып, өздерінің қалай төбелескіш атанып кеткенін білмей қалады Бекзаттың көшелестері. Бұл да жөн. Себебі, қарындастың арын қору – жігіттің ең үлкен намысы ғой, біле білсек. Қазір қаланың бұл ауданы «Бекзат Саттарханов ауылы» деп аталады. Екі мектебі бар. Екеуінде де Бекзат оқыған. 1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте білім алады. Алғашқы ұстазы Әсия Жүсіпова: «Кішкентай ғана сары бала қалпы әлі көз алдымда. 6 жасында қабылдап алдым. Бірінші қатардың үшінші партасына отырғыздым. Өте елгезек болатын. Дене шынықтыру сабағы мен математиканы қызығып оқитын. Жылдам, қимылы көп, бір орында тағат тауып отырмайтын. Сұрақ қоятын, ұялу дегенді білмейтін. Бұзықтық жасағанында ренжісең, «апай» деп құшақтап алатын, бірақ «кешіріңіз» деген сөзді айтпайтын», – дейді. Бекзат жоғары сыныпқа барғанда, география пәніне көбірек зейін қойыпты. Осы пәннен сабақ берген Сыздықова Тоқсұлу апайы: «Бекзат таңертең 5-6-да тұрып, 2 сағаттай жүгіріп, 8.30-дағы сабаққа үлгеріп келетін. Бірақ түстен кейін қосымша сабақтардан, сенбіліктерден «жаттығуым бар еді» деп сұратанатын. «Апай, мен Құдай қаласа, шетелдерге жиі шығатын атақты спортшы болам. Дүниежүзінің барлық елі туралы жақсы білуім керек» деп, өзін қызықтырған сауалдарды қарша борататын. Жарыстарға әр қалаға шығады ғой. Сонда бізге естелікке түрлі сувинирлер әкелетін. Сабақ бермей кетсек те, бізді ұмытпай жүретініне риза болатынмын», – деп еске алады.
Бекзат 10-сыныптан бастап Шымкенттегі олимпиадашыларды даярлау мектебіне ауысады. Жоғары сыныптарда жетекшілік еткен Қасымова Қарлығаш апайы оның басқа қалаға ауысса да, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласқанын айтады. Тіпті, 11-сыныпта мектепішілік күзгі балда «Жігіттің сұлтаны» атанады. «Шымкентте М.Әуезов атындағы университетте оқып жүргенде, менің үлкен ұлыммен бір бөлмеде тұрды. Бірде ұлым: «Мама, Бекзат олимпиадаға баратын болды. Ақ жол тілеп, қонаққа шақырып жіберейік», – деді. Сол кезде үйге қонаққа келгенде, кіші ұлым Бекзатқа: «Чемпион болып жатсаң, қол жетпей қалар. Қолтаңба қалдыршы», – деген. Сонда қойындәптерге «Бекзат Саттарханов. Олимпиада чемпионы» деп қол қойып берді. Ол өзіне сондай сенімді, максималист көзқарастағы бала болды. Алдына мақсат қойған адам бәріне жетеді. Әйтпесе, біз де балаларымызды Бекзаттай бол деп спортқа баулыдық. Бірақ ондай болмады. Оның үстіне, Бекзаттың отбасылық жағдайы аса мәз болмады. Онда «отбасын барлық қиындықтан суырып алып шықсам» деген ерекше құлшыныс болған сияқты», – дейді бізбен ой бөліскен Қарлығаш апай.
Бекзаттың өмірдегі ең жақын досы Қарасбаев Арман былай дейді: «Бекзатпен алғаш рингте таныстым. Мақсат деген ағасы оны жаттығу залына ертіп келді. Ол кезде 8-сыныпта оқитынбыз. Жасөспірім кезде жігіттердің достығы «жабайы төбелестерде» анықталады. Осындай сәттерде өзгелер қашып кеткенде, Бекзат қана жанымнан табылатын. Алғашқы махаббат сезімін де басымыздан бірге кешіргенбіз. Біздің Бекзат барлық жағынан биік болатын. Олимпиада чемпионы болмай тұрып-ақ, оған ғашық қыздар көп болды. Өйткені, ол керемет әнші еді. Дауысы қазіргі «жұлдыздардың» көбісінен артық десем қателеспеймін. Гитарамен өзінің ағалары Бағдат пен Болаттың шығарған әндерін орындағанда, қыздар маңайын үйірсектеп алатын. Бірақ Бекзат бір ғана қызға ғашық болды, қалғандарына қарындас деп қарайтын. Домбыраны да тәп-тәуір шертетін. Шынын айтсам, идеал жігіт бар болатын болса, ол – Бекзат шығар. Спортшылар әдетте білімге көңіл бөлмейді. Ол: «Білімің таяз болса, спортта да сондай таяздық көрсетесің. Рингте әрбір ұрғаныңнан нәтиже шығармасаң, қара күш далаға кетеді. Бостан бос қол сермеп боксшы болмайсың» дейтін. Жиырма жаста болса да, тым ересек көрінетін, ересек ойлайтын».
Бұдан 2 жыл бұрын анасы Сырлыкүл Шойбековамен үйінде жүздесіп, арнайы сұхбат алғаным бар. Батыр жігітті сағынғанда, әліге дейін хабарласып тұрамын. Сырлыкүл апай «Балам менің өмірде қызға ғашық болып та үлгермеді-ау… Ол ел алдындағы міндетін атқарып кетті» деуші еді көз жасына ерік беріп. Кейде «жігіттік дәуреннің қызығына түсіп, серілік жасамап па екен?» деген ой да келеді басымызға. Алайда, Бекзат жоғарыда досы айтқандай, қыздарға ерекше ілтипатпен, «қарындас» деген ұғыммен қараған. Тіпті, артық сауық құруға уақыты болмаған. Өмірде жетістікке жетуге асыққан. Гүлді жақсы көрген. Кішкентай кезінде біреудің ауласында өсіп тұрған гүлді көрсе, оны жұлмай, аялай иіскейді екен. Спортшыға салмақты қалыпта ұстап тұру оңай емес. Гемоглабин көтеру үшін анасының мейіз, кептірілген өрік пен жаңғақты еттартқыштан өткізіп, бал араластырған қоймалжыңын таңертең, түсте, кешке ас қасықпен асап тұрған.
«Бекзатпен олимпиаданың басталуына бір күн қалғаннан бастап, чемпион болғанға дейін бірге жүрдік. Бекзат боксшы ретінде тума талант болатын. Қазақстанның чемпионы болмай тұрып, олимпиада чемпионы атанды! Жас, атағы жоқ спортшыларды төрешілер көбіне тобықтан қағып жібереді. Ал біздің Бекзат төрешілердің қиянат жасауына мүмкіншілік бермеді. Оның талантына ешкім тұсау сала алмады. Бекзатты рингте көргенде, бәрінің аузы ашылып қалды. Бекзаттың ең керемет қасиеті – ол ұлтжанды, намысқой болатын. Олимпиада чемпионы болып рингтен түсе сала су ішті. Аузы томпайып, көзі жыпылықтап: «Мен бұл жеңісімді Түркістанның 1500 жылдығына, Егемен Қазастанның бақытына, ата-анама арнаймын!» деген сөзді кішкентай бала жүрегімен айта алды. Олимпиададағы бірінші кездесуінен соң Серік Төкеев екеуміз Бекзатты құттықтап бөлмесіне кірген болатынбыз. Бетінен сүйіп жатсақ: «Ағалар, мен бұл жолы өзімді дұрыс көрсете алмадым. Алдағы жекпе-жектерде от болып, лаулап жанам» деді», – деп еске алады белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай.
Бекзаттың Сиднейдегі ерлігін еске түсіріп көрейікші. Ол алғашқы жекпе-жегін румын боксшысы Бобирант Овидиу-Тибериуға қарсы өткізді емес пе? Бірінші раундта Бекзат өзіне бір жұдырық дарытпай, 4-0 есебімен алда тұрды. Екінші раундта табло 8-2 есебін көрсетті. Ал ең соңында төрешілер 14-5 есебімен бұл кездесудің сөзсіз жеңімпазы деп Бекзатты таныды. Олимпиаданың сегізінші күнінде Бекзат африкалық Матебулламен қолғап түйістіріп, 16-5 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Ал үшінші кездесу өте тартысты болды. Кезінде Грузияда жаттығып, кейін Түркияның намысын қорғаған Рамазан Палианиді 12-11 есебімен жеңді. Мароккалық Тахар Тамсаманимен Бекзат жартылай финалда жолықты. Қарсыласын 22-10 есебімен қапыда қалдырды. Бекзаттың финалдағы қарсыласы әлем чемпионы, америкалық әйгілі Рикарду Хуарес еді. Ол Сидней финалына жету жолында Атланта олимпиадасының чемпионы тайландтық Сомлук Камсингті тізерлеткен мықты боксшы болатын. Атағы алысқа кеткен қарсыласын Бекзат Саттарханов 22-14 есебімен жеңіп, Сидней Олимпиадасының чемпионы атанды! Міне, жиырма жасар жігіт қарсыластарын осылай айқын есептермен жеңіп, қазақтың атын әлемге паш етті!
Сиднейге бокстан Қазақстан құрамасын бастап барған бас бапкер Тұрсынғали Еділов: «Ол керемет адамгершілігі, ақылы бар бала еді. Әр соққысын «далаға» жібермей, есеппен ұратын. Аяқ-қолы өте жылдам болатын. Рингте сондай сұлу, сүйкімді жүретін. Намысын айтсайшы, ешкімге есе жібермейтін. Айтпақшы, бірде украиналық бір боксшыдан жеңіліп қалған болатын. Кейін онымен Мәскеуде жолықты. Ол кезде Бекзаттың қолы ауырып жүр екен, оны бізге айтпапты. Әлгі украиналық боксшымен кездесу болды. Оны жеңу, жеңбеу маңызды емес, Бекзат олимпиадаға жолдама алып қойған. Не керек, Бекзат оған ойсырата соққы беріп, жеңді. Қолғабын шешіп алғанда, қолы ісіп, қанап кетіпті. Намыстылығы ғой, қолы қанағанша жұдырықтасқан», – дейді Бекзат жайында.
Бекзат жүгіріп, жаттығып болған соң дәрігерлер оның қан қысымын өлшеп таңқалады екен. Себебі, оның қан қысымы 3-4 минутта-ақ қалыпты қалпына түседі екен. Бекзаттың бұл ерекше қасиетін бапкерлері Тұрсынғали Еділов, Александр Апачинский, Анатолий Визирякин мен құраманың дәрігері Юсуп Шамузов қана білген. Сондай-ақ, Бекзат күнделікті жаттығу кезінде аяқ-қолына ылғи ауыр зат байлап алып жүгіріпті. Жалпы спорттағы 6 жылдық ғұмырында 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен.
Бекзат Саттархановтың қазасы туралы қауесет көп. Бұл жөнінде Несіп Жүнісбайдан сыр суыртпақтап көрген едік. «Олимпиада жүлдегерлері Қазақстанның барлық қалаларында халықпен кездесті. 16-желтоқсанда соңғы аялдама – Астанаға келді. Сол кезде Бекзатты да соңғы рет көрдім. Олимпиада жүлдегерлері бізбен құшақтасып сәлемдесті. Бекзат қана жанымнан жай өте берді. Шыдамай кетіп, білегінен шап бердім. «Бекзат, ағаңды танымай қалдың ба?» дедім. Сосын маған жалт қарады да: «Жоқ, аға, сізді танмағанда…» деді де ары қарай өте берді. Сол кездің өзінде-ақ, Бекзат санасымен арғы дүниеге өтіп кеткен екен ғой. Қасақана қайғылы жағдайға ұшырады дегенге сенбеймін. Ел Бекзатты қимағаннан «суыққолдылардың ісі ме» деп қарпып қалар қармау іздейді. Қазақ «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дейді. Бір машинада 4-5 адам келе жатса да, маңдайына ажалдың оғы тиген ғана кетеді. Менің зерттеуімше, Бекзаттың өлімін ешкім ұйымдастырған жоқ. Ұйымдастырса, тағдыры ғана ұйымдастырды. «Сақтансаң, сақтаймын» дейді ғой, ең үлкен өкініш – біз батырымызды сақтай алмадық», – дейді Несіп аға. Ал ана жүрегі: «Қайғылы жағдай болатын күні Бекзат Шымкентке кетер кезінде: «Мама, тілек айтыңызшы» деді. Сонда айтқан тілегіме әлі өкінем. «Саған қазір үйлен деп айта алмаймын. Өйткені, сен халықтың алдында уәде беріп, қыруар мақсат қойдың алдыңа. Мақсатыңа жет, жолың ашық болсын. Елдің азаматы болып жүре бер!» деген едім. Кейде анасы болып «балам, үйлен» деп неге айтпадым екен деймін», – деп өкініш білдіреді.
Бекзат 31-желтоқсан күні сағат 22.00 шамасында Түркістанның Орталық алаңында «Жыл адамы» деген құрметпен марапатталады. Содан үйіне барып, анасының жоғарыда айтқан тілегін тыңдап, Шымкентке қарай достарына асығады. Жанында Данабек, Үсен деген екі жігіт болған. Түнгі сағат 23.40 шамасында Бекзат отырған көлік апатқа ұшырайды. Сырлыкүл апай: «Шынын айтайын, қызым, тіпті сол баламның қасында болған бәлелердің атын да ұмытып қалыппын. Бекзаттан айрылғанда біреуі үйге келіпті. Мен ол кезде «біреудің қаршадай балаларының аман қалғанына шүкір» деп отырғам. Алайда кейін журналистер газет-журналдарға небір түрлі әңгімелер жазғасын, олардан біртүрлі іш жиып қалдым. Содан бері мүлде хабарсызбыз. Бекзаттың қазасы туралы шындық ашылмақ түгілі, былтыр тоналған бейітінің ұрылары ұсталмай отырғанда, не дейсің?», – дейді. Бәлкім, Несіп ағаның да байламы дұрыс шығар. Тылсымға толы Темірланның тас жолында талай қыршын тағдыр қиылды, қиылып жатыр… Батыр ұлдың әкесі Сейілхан аға бірде: «Бекзат ХХ ғасырда дүниеге келді, жиырма жасында Олимпиада чемпионы атанды. Жиырма жыл ғұмыр кешті, жаңа ғасырға жиырма минут қалғанда бақилық болды», – деп толғанып еді.
Афины олимпиадасының чемпионы Бахтияр Артаев та жасындай жарқылдады. «Келесі олимпиада да тағы алтын алам» деді. Бірақ бабы келіскенмен, бағы жанбады. Сонда қайттік? Бахтиярды жерден алып, жерге салып «ұрыстық». Алдында жасаған ерлігін бір сәтте-ақ тарс естен шығардық. Бекзат шыққан тұғырынан түспей, абыройымен кетуімен де біз үшін һәм қымбат, һәм жұмбақ көрінетін шығар… Қазақ спортына өстіп айтып жүретін де аңыз керек болды, бәлкім…
Жадыра НАРМАХАНОВА
"Ақ желкен" журналы