Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының съезінде берген тапсырмаларын орындау бойынша әзірлеген шаралар кешені қаралды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын жандандыру және жолдардың салынуын арттыру туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР ИИДМ деректері бойынша, жалпы Қазақстанда 340 мың көпбалалы отбасы бар, оның ішінде қазіргі кезде 28 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 7 жыл ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтер салынады. 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынатын болады.
«Бүгінгі күні кезекте тұрған аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасылардың мәселесі толық шешілетін болады. Биыл мамыр айында біз көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерлер беруді бастаймыз», — деді Р. Скляр.
Министрдің айтуынша, бір ең төменгі жалақыдан аз кісірі бар аз қамтылған отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 20 жылға жылдық мөлшерлемесі 2%-ды құрайтын жеңілдетілген несие енгізілуде.
Аталған несие түрі келесі санаттағыларға берілетін болады:
-
4 және одан көп баласы бар көпбалалы отбасыларға;
-
Мүмкіндігі шектеулі баласы бар немесе тәрбиелеп отырған отбасыларға;
-
кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасыларға.
«2 жылда біз көрсетілген санаттағылар үшін 22,5 мың жеңілдетілген займдар беруді көздеп отырмыз. Бұл үшін 3 жыл ішінде республикалық бюджеттен жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлінетін болады», — деді Р. Скляр.
Сонымен қатар, тапсырмаларды орындау аясында жолдардың құрылысына, қалалық және ауылдық инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті желілердегі жолдарға республикалық және жергілікті бюджеттен паритетті негізде 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінуде. Қосымша қаражаттың бөлінуін ескергенде қаржыландыру көлемі 200 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы 5 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік береді.
«Жолдарды жөндеу бойынша жобалар тізбесі жасалды. Мұндағы негізгі басымдық ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған. Аталған шаралар, 2025 жылдың соңына қарай жергілікті желідегі жолдардың 95% жақсартуға жол ашады», — деді Р. Скляр.
Бұған қоса, бүгінде ҚР ИИДМ әкімдіктермен бірлесіп сумен жабдықтау және су тарту салаларында жобалар тізбесін жасады. Жыл сайын сумен жабдықтау және су тарту бойынша ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталатын 20 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінетін болады.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтау 100% қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, Р. Склярдың айтуынша, ірі қалалардың шеткі аймақтарының проблемаларын шешу үшін жыл сайын 30 млрд теңгеден 90 млрд теңге қарастырылған. Ол қала маңындағы елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартады. Биыл әкімдіктер сумен жабдықтау және су тарту, сонымен қатар жол құрылысы салаларында жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындады және іске асыруға дайын.