Фото: Pexels.com
Қазақстанда орман тәлімбақтарын құру, өрт сөндіру техникасын жаңарту және жануарларды жерсіндіру сияқты ауқымды экологиялық шаралар қолға алынуда. Экология және табиғи ресурстар министрлігі осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ормандарды қорғау және техникалық жаңарту
Ормандарды қорғау мен материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында өртке қарсы және орман өрт сөндіру техникасын сатып алуға орталық бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, жергілікті құрылымдар тарапынан 6,7 млрд теңге қарастырылды. Осы қаражатқа тракторлар, арнайы техника мен өрт сөндіру жабдықтары сатып алынып жатыр.
Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі "Қазақтелеком" компаниясымен бірлесіп енгізілуде. Бұл жүйе "Жасыл аймақ" және "Семей орманы" сияқты 24 орман шаруашылығы аумағында сынақтан өтуде.
Жаңа орман тәлімбақтары
Алты өңірде жаңа орман тәлімбақтары құрылып жатыр. Жалпы бюджеті – 21,2 млрд теңге. Әрбір тәлімбаққа 3,5 млрд теңге қарастырылған, олар жылына 6 млн көшет өсіруге қауқарлы болады. Құрылыс 2025 жылы басталады. Сонымен қатар, биоалуантүрлілікті сақтау тұжырымдамасы әзірленуде.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту
"Мерке" өңірлік паркі (86 мың га), "Арал" (471 мың га) және "Жайық орманы" (46,9 мың га) резерваттары құрылуда. Сонымен қатар, Үстірт, Қаратау және Іле-Балқаш ұлттық парктерін 648 мың гектарға кеңейту жоспарлануда.
6 ерекше қорғалатын табиғи аумақта бақылау өткізу пунктері автоматтандырылып, электрондық төлем жүйесі енгізіледі. Орманшыларға арналған білім беру орталығы да ашылады.
Экологиялық қозғалыс және жасылдандыру жұмыстары
2024 жылдан бастап Президенттің "Таза Қазақстан" бастамасы жүзеге асырылуда. Экологиялық шараларға 6 млн адам, оның ішінде 230 мың ерікті қатысты. Нәтижесінде 1,1 млн тонна қоқыс жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды.
2 млрд түп ағаш отырғызу бастамасы аясында 2021 жылдан бері 1,145 млрд ағаш егілді. Сонымен қатар, Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру мақсатында 1,1 млн гектарға сексеуіл отырғызу жоспарланған.
Қалдықтарды қайта өңдеу және экожобалар
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағытында 238 млрд теңгеге 94 жоба әзірленді. Бұл бастамалар аясында заманауи полигондар салынып, қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілуде.
Сирек кездесетін жануарларды жерсіндіру
Жолбарыстарды, құландарды және Пржевальский жылқыларын табиғатқа қайта жіберу бағдарламалары жалғасуда. Бұл шаралар Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мақсатында жүргізілуде.