Бүгінде қазақтың тазысы азайып кеткені және оның бірегей қасиеттері жойыла бастағаны айтылып жүр. Өзге тұрмақ, өзімізге жат бола бастаған құмай тазымызды қалай сақтап қаламыз? Көкейде жүрген осы сұрақ төңірегінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын Ult.kz тілшісі анықтап көрді.
«Kazakh tazy» жобасы аясында тазының ұлтымызға тән тұқымын Қазақстанның халықаралық аренадағы ұлттық брендіне айналдыру мақсатында жұмыстар қолға алына бастады. Былтыр Халықаралық кинологиялық федерация біздің тазымыздың қанын таза деп мойындап, соны растайтын тиісті құжатына тазыны қазаққа тән текті жануар деп мөрлеп берді.
Осы бастаманың аясында қолға алынған соңғы әрі жауапты іс-шара былтыр Астана қаласындағы «EXPO» Халықаралық көрме орталығында ұйымдастырлған. Яғни онда Қазақстан Кинологтар одағының ұйымдастыруымен иттер көрмесі өтті. Онда арнайы халықаралық комиссия еліміздің әр қиырынан келген 100-ге жуық қазақтың тазы тұқымды итін көз алдарынан жүгіртіп, құлағының көлемін өлшеп, тісін ашып көріп, біраз зерттеген-ді. Ондағы мақсат – қазақтың тазысын әлемдік деңгейде мойындап, ұлттық брендке айналдыру еді.
Сол жолғы көрмеге еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысып, XX ғасырда осы танымал ит тұқымының саны күрт азая бастағанын, тіпті, жойылудың аз-ақ алдында қалғанын айтты.
«Сондай-ақ асыл тұқымды сақтап қалу мәселесіне тиісті көңіл бөлінбеуінің салдарынан тазы өзіне тән бастапқы қасиеттерінен айрыла бастады. Осыған байланысты мемлекет қазақтың ит тұқымдарын қорғау және өсімін молайту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Қазақ итін сақтау және өсімін молайту мәселелері заңнамалық деңгейде бекітілді. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Қазақстан мен Дүниежүзілік кинологиялық қоғамдастықтың мәдени мұрасының маңызды бөлігі саналатын ит тұқымдарын сақтау үшін Қазақстан халықаралық деңгейде ынтымақтастыққа әркез ашық», – деді Е.Нысанбаев.
Ал Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры Ив Де Клерг:
«Біз қазақ тазысын мойындау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарды жинау үшін Қазақстанға келдік. Өз атымнан және әріптестерімнің атынан Қазақстан кинологтар одағына, олардың осы іске сіңірген еңбегін бағалап, процедураға барынша дайындалғаны үшін алғыс айтамын. Біз бұл тұқым туралы біраз мәліметке қанықтық», – деген еді Клерк мырза.
Осылайша, арнайы құрылған комиссия Қазақстанда бекітілген «қазақы тазы» тұқымының стандартын және елде ұсынылған иттердің санын зерттеп, біраз дерек жинап кеткен.
Сол көрменің қорытындысы бойынша Халықаралық кинология федерацияның Бас комитетінің шешімімен «Kazakh tazy» Қазақстанның ұлттық тұқымы және бренді деп танылды.
Жуырда бұл мәселе Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы төртінші отырысында да айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеті қазынамыздың қатарына кіретін тазыны халықаралық тізімге енгізе алғанымызды айта келе, аң аулайтын айрықша қасиеттері бар қазақы иттің тұқымын енді бүкіл әлем білетінін мақтанышпен жеткізді.
«Жақында мен Парижде Елисей сарайында болдым. Франция Президенті Эмманюэль Макронға сыйлаған қос тазыны көрдім. Франциялықтар тазылардың ерекше қабілетіне тәнті», – деді Мемлекет басшысы.
Десе де тазыны сырттай тамашалап, тәнті болу, оны асқан ризашылықпен ауызша мақтанып жүре беру жеткіліксіз. Тазының қандай ит екенін, оның өзге саққұлақтардан нендей қасиеттерімен ерекшеленетінін сол тазыны айналып-толғанып, күтіп-ұстап жүргендер ғана білмесе, қалың жұртшылықтың хабары шамалы-ақ. Бұрынғы сал-серілер заманындағы саятшылық та келмеске кеткелі қашан.
Сенат депутаты, белгілі журналист Бибігүл Жексенбай жуырда палата отырыстарының бірінде тазының тазалығын сақтап қалу мен танымалдығын арттыру ісіне қатысты үлкен мәселе көтерді. Депутат қазақтың құмай тазысын мәдени мұраның бір бөлігі ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейліктің маңызды символы екенін айтты.
«Мемлекет басшысы қазақ тазысын қорғау бойынша нақты шаралардың қажеттілігі туралы бірнеше рет айтты. Арнайы заң қабылданып, бірқатар мәселелер де қамтылып жатыр. Дегенмен тазы тұқымының тазалығын сақтау және оның шетелге бақылаусыз шығарылуын болдырмау үшін қосымша тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі мәселесін де мамандар көтеріп отыр», – деді Б.Жексенбай.
Фото: turkystan.kz
«Тазыны басқа тұқымдармен будандастыру оның бірегей қасиеттерін сақтап қалуға елеулі қауіп төндіреді»
Ол әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдер бірегей ит тұқымдарын қорғау үшін арнайы заңдар қабылдап алғанын жеткізді.
«Мысалы, Жапонияда акита-ину мен сиба-инуды, Түркияда кангалды, Түрікменстанда алабайды сыртқа әкетуге тиым салынған. Бұл тұқымдарды әкету мемлекеттік лицензия болған жағдайда ғана мүмкін болады. Қазақстан да бұл бағытта қатаң шараларды қолға алған жөн. Құмайды экспорттауға толық тыйым салу, не тиісті мемлекеттік органдардан арнайы рұқсат алуды міндеттеу керек», – деді сенатор.
Сонымен қатар Бибігүл Жексенбай қазақтың құмай тазысын басқа тұқымдармен будандастыру оның бірегей қасиеттерін сақтап қалуға елеулі қауіп төндіретінін ескертіп, зоолог Константин Плаховтың айтуынша, егер бұл тәжірибе жалғаса берсе, таза қанды құмай тазылар құрдымға кетуі мүмкін екеніне назар аударды.
Сондай-ақ депутаттың айтуынша, ұлттық кинологтар қауымдастығы өкілдерінің пікірінше, елімізде тазы мен төбет күні деп белгіленген 3 қыркүйек – тарихи және мәдени дәстүрлерге толығымен сәйкес келмейтінін атап өтті.
«Қазақ аңшылық мәдениетінде тазы мен төбет – тек ит тұқымы ғана емес, көшпенділердің серіктері, аңшылық пен дала өмірінің символы. Дәстүр бойынша, Қазақстанда аң аулау маусымы қараша айында, алғашқы қалың қар түскен кез – қансонарда басталады. Тазы мен төбет күнін осы кезеңге орайластырып, қарашаның бірінші жексенбісіне белгілеуді қарастырған жөн. Бұл – мерекенің аңшылық, саятшылық дәстүрлерімен байланысын күшейтеді және далалық аң аулау мен ұлттық спорт түрлерін қоса алғанда, тақырыптық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді», –дейді депутат Б.Жексенбай.
Осылайша, ол тазы мен төбет күнін дәстүрлі аңшылық маусымының ресми ашылуымен байланыстыра отырып, қарашаның бірінші аптасына ауыстыруды ұсынды. Бұл мерекенің мәнін арттырса, екіншіден қансонарда арнайы халықаралық фестиваль өткізу – қазақ тазысының бренд ретінде қалыптастыруға жол ашатынын да жеткізді.
Қазақтың тазысы туралы кино түсіру ұсынылды
Сонымен қоса, Сенат депутаты тазының құнды қазына екенін дәріптеу үшін арнайы көркем фильм түсіруді ұсынды.
«Қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты – адалдық пен жанқиярлықтың шынайы бейнесін көрсететін туынды. Бұл шығарма ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жануар мен адамның арасындағы терең байланыс пен адалдықтың мәнін ұғындыру тұрғысынан маңызды. Бүгінде әлем Жапонияның Хатикосын адалдықтың символы ретінде таниды. Алайда қазақ даласында дәл сондай адалдықтың үлгісі болған Лашын тазысының оқиғасы бар. Ол – тек бір иесіне емес, тұтас қазақы болмыс пен ұлттық рухқа адалдықтың көрінісі», – дейді Б.Жексенбай.
Осы орайда ол «Тазының өлімі» шығармасының желісі негізінде толықметражды көркем фильм түсіру – қазақ мәдениеті мен кинематографиясы үшін үлкен жетістік болып, қазақ тазысының әлемдік символға айналуына жол ашар еді деген ойын ортаға салды.