24 нау, 2025 сағат 15:45

Қазақ киносына айтылған сын қашан түзеледі?

Фото: egemen.kz


Бүгінде қазақ кинематографиясында ала-құла дүние көбейіп кетті. Кейінгі жылдары түсіріліп жүрген кейбір көркем фильмдердің сапасы сын көтере алмай тұр. Кезінде орысша арласқан кино тіліне қанша кейісек те, енді сол тілге боқауыз сөздер қосылды. Қысқасы экранды түземесек, ұрпаққа берер тәрбиеміздің пәтуасы қалмай бара жатыр.


Отандық кейбір кино туындылардың сәтсіз сценарий мен іш пыстырарлық сюжетке негізделіп, ұлттық кино әлеміміздің тұнығын әбден лайлады. Бәрінің көздегені қомақты касса жинау. Ал сол кино арқылы ұрпақты «тәрбиелеп» жатқандарымен шаруасы жоқ.


Жуырда бұл өзекті мәселе Президент деңгейіне дейін жетіп, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысының түйткілді тақырыптарының қатарында кірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сынның бар екенін ашық айтып, санға емес сапға жұмыс істеуіміз керектігін ескертті.


«Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.
Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсіріліп жүр», – деді Президент.



Сонымен қатар кино маңызды идеологиялық құрал екенін атап өтті. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастыру қажеттігін тапсырды.


Осы мәселе бойынша белгілі журналист, соңғы кездері ұлттық киноға қатысты орынды мәселе көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжановтың пікірін сұрап-білдік. Естеріңізде болса, Ж.Әшімжанов биыл жыл басында (22.01.2022 жыл) Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына отандық кино саласының сапасына қатысты депутаттық сауал жолдаған.


«Бүгінде еліміздің отандық кино саясаты шашыраңқы болып кетті. Менің жыл басындағы депутаттық сауалымның Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағындағы негізгі оператор «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына қатысы жоқ. Мен жекеменшік кино түсіріп жүрген азаматтарға қатысты сауал жолдағанмын. Өйткені қазір киноны тек қана бизнес көзіне ғана айналдырып, оның тәуелсіздікке төндірер қатері ескерілмей, ұрпақ тәрбиесіне, мемлекеттік тілге қатысты жауапкершілігі ала-құла болып кетті. Тіпті ешқандай жауапкершілік жоқ. Жартысы орысша, жартысы бейпіл сөз, жартысы жаргон тіркестер», – деген Ж.Әшімжанов кино төңірегінде кетіп жатқан кемшіліктерге бас қатырып жатқан ешкімнің жоқтығын жасырмады.



Мәжіліс депутаты кім көрінгеннің еш сараптаусыз, бақылаусыз-ақ қалаған елінен кино түсіріп келіп, сол қойыртпағын ұрпаққа ұсынып жатқанына қынжылды.


«Әнші, күйші, спортшы, кәсіпкерлер бар, бәрі топ-тобымен ел ішінде немесе сыртқа барып қалаған фильмін түсіріп келіп жүр. Ол киноның сценарийін немесе идеологиясын, оның қоғамға, тәуелсіздікке беріп жатқан кері немесе оң әсерін талдап жатқан ешкім жоқ. Бірден әкеліп киноэкрандарға шығарып, видеохостингтерге, платформаларға жүктеп, жекеменшік телеарналардың эфиріне беріп жатыр. Тіпті қазір бала-шағамен отырып, дұрыс кино көре алмайтын жағдайға жеттік. Осыған деген алаңдаушылықты құрылтай отырысында Мемлекет басшысы орынды, әрі дер кезінде қозғады. 
Сол отырыста тиісті салаға жауапты Үкімет басшысының орынбасарлары және министр де отырды. Сондықтан алдағы уақытта осы кино саясатына қатысты оң шешім қабылданады деген ойдамын», – деген депутаттың пайымдауынша, кино бірінші кезекте бизнеске емес, тәуелсіздікке қызмет етуі тиіс.



«Ең алдымен кино өнерге, тәуелсіздікке, сосын идеологиямызға қызмет ету керек. Сондықтан құрылтайдың мінберінде Мемлекет басшысы кино өнімдерін қатаң сараптап, тиісті кеңес құруды қолға алуды міндеттеді», – дейді Жанарбек Әшімжанов.


Осы ретте тақырыпқа тұздық ретінде депутат Ж.Әжімжановтың Үкіметке жолдаған сауалы мен оған Олжас Бектеновтің берген жауабын бір шолып шықсақ.


Кино – идеология, кино – саясат, кино – керек десеңіз ұлттың қауіпсіздігі екеніне назар аударған мәжілісмен Жапония ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін ұрпақ санасы мен ұлттық болмысын дәл осы кино арқылы жүйелеп алғанын мысалға келтірді.


«Кино – бүтін ұлтты ұйытатын, сол арқылы жас ұрпақтың санасына әсер ететін күшті қару. Әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, салт-дәстүрі, діни ұстанымы, әлеуметтік жіктелісі бар. Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қоғамы шетелдік сериалдарды тамсана тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәдениеті жаулап жатқан тұста ұлттық киноға көңіл бөлудің маңыздылығы сәт сайын артып тұр», – дейді Ж.Әжімжанов депутаттық сауалында. 



Қоғам көшін бастауы тиіс кино саясаты бүгінде қоғамның жетегінде кетіп бара жатқанына қынжылған Мәжіліс депутаты найзағайдың отына нан пісіріп жатқан осы кезеңде кино бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керектігін айтады.


«Өткен жылы отандық 90 фильм прокатқа шығыпты. Соның 56-сы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы қазір күлетін кезең бе?.. Фильмдердің көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі экшн, комедиялық, ең ауыры жастардың санасына соққы беретін авторлық фильмдер. Сұраныс жоқ емес, бар! Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда сапалы өнім болмай тұр», – деген депутат салаға жауапты министрлік пен «Қазақфильм» киностудиясы жеделдетіп қолға алуы тиіс шараларды Үкімет басшысының назарына жеткізген-ді.



«Бірінші, бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру; Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру; Үшінші, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау; Төртінші, халыққа арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету; Бесінші, отандық кинолардың прокатталуына еркеше жағдай жасау керек», – деген Жанарбек Садықанұлы жауапкершілікті арттыру мақсатында «Кинематография туралы» Заңды қатаңдату бағытында бірлесіп жұмыс істеуге депутаттар әзір екенін жеткізген.


Ал Премьер-министр О.Бектенов сауалға берген жауабында қазіргі таңда алдағы он жылға «Қазақ киносының даму стратегиясын» әзірлеу жұмыстары қолға алынғанын айтады. 


«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі киноиндустрия саласын реформалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда биыл «Кинематография туралы» Заңға Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясын қолдау бойынша арнайы норма енгізілді.
Ұлттық фильм атануға үмітті киножобаларды іріктеу ережесі өзгертілді. Бұдан былай киножобалар тақырыптық, идеологиялық тұрғыдан бекітілген маңызды тақырыптарға жазылған сценарийлер арқылы іріктеледі», – деп жауап қатыпты О.Бектенов.



Сонымен қатар елімізде кинопрокатқа шығатын отандық және шетелдік фильмдерге прокаттау куәлігін беру талаптарын күшейту, фильмдердің мазмұнына мониторинг жүргізу және бағалау, фильмдерді алдын-ала қарайтын Сараптама комиссиясын құру бойынша Заңға тиісті түзетулер әзірленгенін атап өткен. 


«Осылайша фильмдер тиісті сүзгіден өтіп, идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымдар реттеліп, қазақ тілінің шұбарлануы, теріс діни ағымдардың насихатталуын азайтпақ»,  – дейді Үкімет басшысы.



Бұл ретте мемлекет қолдауымен түсірілетін барлық фильмдер қазақ тілінде түсіріледі және прокатқа екі тілде шығарылмақ. Статистикалық деректер бойынша өткен жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19%-ға жеткен (2023 жылы 16%). Бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың арта түскенін көрсетіп отыр.


Дегенмен Үкімет басшысы келтірген бұл цифрлар киноиндустрияға тек бизнес тұрғысынан ғана жұмыс істеп тұрғанын жоғарыда айттық. Сапаны осы бастан түземесек, уақыт оздырып алып, опық жеп қалмасымызға кім кепіл.



Жасұлан Бақытбек