28 нау, 2025 сағат 16:55

Балаға білім ғана емес, ұлттық тәрбие де берілуі тиіс – маман пікірі

Фото: rgmedia.kz


Бірнеше жылдан бері 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Осыған орай Ult.kz тілшісі аталған бағдарламаның мемлекеттік мектептер мен жекеменшік мектептерде енгізілуін қарастырып көрді.


Жуырда өткен IV Ұлттық құрылтайда Президент Қ.Тоқаев бала тәрбиесінде білім ғана емес, ұлттық құндылықтарды сіңіру де маңызды екенін айтқан болатын.


«Бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар, тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізуі керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.


Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы Айша Бегалиева «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы барлық білім ошағына керек жоба екенін айтады. Оның сөзінше, біліммен қатар, тәрбиеге де айрықша назар аудару өте маңызды.


«Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық. Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз жайттар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адам жағдайды тіпті ушықтыруда. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отырғандай», – деді Айша Бегалиева.



Фото: gov.kz


Маманның сөзінше, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек.


«Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. Біліммен қатар, тәрбиеге де айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бұл құжатты алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы Айша Бегалиева.


Сонымен қатар, №169 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләйлім Байғазиеваның да қосары бар. Мектеп мұғалімінің айтуынша, аталған бағдарлама баланың бойына барлық ұлттық құндылықтарды сіңдіруге үлес қоса алады.


«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ата-ананың өсиетін тыңдауға, отбасы татулығы мен берекесін қадірлеуге, перзенттік парызын өтеуге тәрбиелеуге; ұлттық мұраны қастерлеуге, қазақ тілін, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, татулық, келісім, ынтымақ және ел бірлігін сақтауға, отаншылдық пен мемлекетшілдікке тәрбиелеуге; жақсылыққа, ар-ождан, намыс, жауапкершілік, мейі­рім, қамқорлық пен әділдікті ұстануға; құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған», – деді Ләйлім Байғазиева.


Баламен күнделікті жұмыс істеп жүрген маманның айтуынша, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының ерекшелігі – барлық пәнді оқытуда біліммен қатар, ұлттық тәрбие беру.


«Жат қылықтардың алдын алу мақсатында да бағдарлама ұлттық құндылықтарға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың айтуынша, осы уақытқа дейін білімге басымдық беріліп, тәрбие мәселесі жүйелі түрде қарастырылмады. Ал, шын мәнінде, тәрбиесіз білім қауіпті. Сондықтан мемлекет «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізіп, мектептерде тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлуді көздеп отыр.  Бұл – өте орынды бастама. Себебі білімді, бірақ тәрбиесіз ұрпақ – қоғам үшін үлкен қауіп. Сондықтан академиялық білім берумен шектелмей, ұлттық құндылықтарды, кісілік қасиет­ті, патриоттық рухты қалыптастыру маңызды. Бағдарлама барлық мектепте дұрыс жүзеге асса, ел болашағы жарқын болмақ деген ойдамын», дейді Ләйлім Байғазиева.


Ақбота Мұсабекқызы