27 қар, 2025 сағат 10:56

Елордада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды

Фото: Gov.kz

Астанада «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Сыйлық мәдениет, ғылым, медиа және спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен 20 жас дарынға табысталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Олардың қатарында халықаралық және республикалық конкурстар, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорт жарыстарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жастар бар.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзінде жастар саясаты саласында жыл санап жаңа буынды қолдауға бағытталған шаралар мен жобалар артып келе жатқанын атап өтті. Президент бастамасы арқылы жоғары білімнің қолжетімділігі артып, жас ғалымдарды қолдауға арналған грант бағдарламалары көбейді, еңбек нарығында жас мамандардың мүмкіндіктерін арттыратын жаңа жобалар іске қосылды.

Креативті индустрия, цифрлық экономика, кәсіпкерлік саласында жастарға жол ашатын бастамалар да мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр.

Лауреаттар «Ғылым», «Эстрада», «Классикалық музыка», «Халық шығармашылығы», «Спорт», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Қоғамдық қызмет», «Театр және кино», «Әдебиет» номинациялары бойынша анықталды.

2025 жылғы жеңімпаздардың қатарында танымал қазақстандық әнші Еңлік Құрарбек (Yenlik), «Славян базары-2024» халықаралық вокалдық байқауының бас жүлдегері Ерназар Жұбан, «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев бар.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын талантты жастарды мемлекеттік деңгейде қолдау мақсатында табысталады. Сыйлық ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметтегі жетістіктер мен жоғары спорттық нәтижелер үшін беріледі.

30 жылдан астам уақыт ішінде бұл сыйлықты 360-тан аса жас қазақстандық иеленген. Осыған дейін Нұрлан Өнербаев, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Денис Тен, Қыдырәлі Болманов, «МузАРТ», «Бәйтерек» топтары, Серік Ибрагимов, Әли Оқапов, Қайрат Нұртас, Димаш Құдайберген және тағы басқа көптеген өнерпаздар мен спортшылар марапатталған.