30 нау, 2025 сағат 11:41

Алматыда заңсыз сауда дүңгіршектері бұзылып жатыр


Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі


Алматыда заңсыз сауда дүңгіршектері бұзылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. 


Атамекен өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, енді қалада рұқсат етілмеген жерге дүңгіршек немесе жылжымалы сөре орнатып сауда жасауға болмайды. 


Алайда бұл шешім шағын кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтірмей ме? Алматыда 300-ден астам уақытша орналастырылған немесе жылжымалы сауда және қызмет көрсету нысандары бұзылды. «Ал сонда олар осы күнге дейін қалайша тұрақты жұмыс істеді? Кәсібі қалайша заңсыз деп танылды?» деген сұрақ туындайды. 


Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілі Әбілқайыр Бауыржанұлы заңсыз нысандарды бұзу жұмыстары бұрын да жүргізілгенін айтады. Алайда бұған дейін қалада дүңгіршектер мен киоскілерді қоюға болатын жерлер белгіленбей келген. Тек қала әкімдігінің қаулысы қабылданғаннан кейін ғана осындай сауда нысандарын орнатуға рұқсат нүктелер көрсетілді. Осыдан кейін нысан иелерін әкімшілік жауапқа тарту бойынша шаралар қолға алынды.   


Әбілқайыр Бауыржанұлы, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының стратегиялық даму бөлімінің басшысы:


 - Көшедегі заңсыз суданы жою жұмыс тобымен бірлесіп, заңсыз орнатылған сауда объетілерін бұзу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Жер ресурстарын басқару департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп, заңсыз орнатылған 230 сауда орындары иелеріне хабарлама табыстады. 


Алматыда күшөлшегіштер көп. Олар да сауда нысаны саналады. Егер ол заңсыз орнатылса, иесі Әкімшілік кодекстің 204-бабы бойынша жауапқа тартылады. «Жаңа қаулының кемшілігі де жоқ емес. Өйткені құжатта кәсіпкерлер мүддесі толық ескерілмеген», – дейді қалалық кәсіпкерлік палатаның заңгері. 


Еркебұлан Бейімбет, Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП бөлім басшысы: 


- Қазіргі уақытта сол қаулының негізінде 142 орын бекітілген. 142 орында 157 кәсіпкерлік субъектіге орналасуға рұқсат берілген. Осы қаулы негізінде. Қалған барлық стационарлық емес объектілер, бағанағы дүңгіршектер заң шеңберінен шығып кетіп отыр. Яғни біз палата бұл жайында алдында айтқанбыз. 


Осылайша кейбір шағын кәсіпкерлер жұмысын жалғастыра алмай отыр. Сауда жасап, қызмет көрсетіп табыс табуын ешкім шектемейді. Бірақ сол кәсіпті іске асыратын заңды орын, яғни жер болу керек. Ал әкімдік нақты көрсеткен жер жеткіліксіз. Дегенмен кәсібін жалғастыру үшін екі амал бар. 


Еркебұлан Бейімбет, Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП бөлім басшысы: 


- Екі түсінік бар. Яғни жекеменшік жерлерді алуға болады. Болмаса мемлекеттік жерлерде орналасуға болады. Мемлекеттік жерде орналасқан бағанағы дүңгіршектер заңдастыруға жатпайды. Сатып алу емес ол жерде. Мемлекеттік сатып алу арқылы 5 жылға жалға алуға болады. 


Қала әкімдігі стационарлық емес сауда нысандарын бұзу немесе көшіру жұмысын осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлайды. Қазіргі уақытта 71 нысанмен жұмыс жүргізіліп жатыр.