16 қаң, 2019 сағат 18:06

Аида Балаева: Мемлекеттік қызметкерлердің көбі - өз ісіне адал азаматтар

Соңғы жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің жұмысы үлкен өзгерістерді басынан өткеруде. Бұл - ведомство қызметіне ойлары ерек, идеялары тың адамдардың келуімен көрініс тапқан жайт. Ауқымды жұмыстардың басы-қасында жүрген сол тұлғалардың бірі - Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева. Ол - «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы жетекшілерінің бірі. Аида Ғалымқызы NUR.KZ порталына берген сұхбатында өз карьерасы мен жеке өміріне қатысты сырларын және әлеуметтік желі, троллинг, шенеуніктер, гендерлік саясатқа қатысты ойларын бөлісті.

- Сіз - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жетекшілерінің бірісіз. Онда "кіші отанымыздың" дамуын, көркеюін, оның тарихы мен тереңде жатқан сырларын паш етуді мақсат тұтқан «Туған жер» арнайы жобасы бар. Осы орайда, туған ауылыңызда соңғы рет қай кезде болғаныңызды айтып өтсеңіз.

- Өкінішке орай, жұмыстың көптігіне байланысты туған мекеніме жиі бара алмай жүрмін. Кіші отанға соңғы рет тікелей «Туған жер» жобасына қатысты жаңалығыммен бөлісу үшін барған едім. Ол кезде мен Алматы облысы Жамбыл ауданының тарихына арналып жазылған «Қызыр қонған құт мекен» атты кітабымның тұсаукесерін өткіздім.

Ол кітапта қасиетті орындар мен ұлы есімдерге, жер-су аттарының шығу тарихына және т.б. маңызды тақырыптарға қатысты тың деректер бар. Ең алдымен, бұл жинақтың жаңа талап жас буын үшін пайдалы болғанын қаладым. Олар туып-өскен жерінің тарихын толық білсе екен деп армандаймын.

- Балалық шағыңыздағы ең аяулы сәттер есіңізде ме?

- Бала кездегі барлық сәт - аяулы, барлық сурет - жылы. Өйткені сезіміміз - шынайы, ойымыз – таза, көңіліміз – ақ кезең де – сол балауса кезіміз. Бұл – өзімізге оралатын, өзімізбен өзіміз болатын кезең.

Мен туып-өскен өлкенін тауы - асқақ, суы - мөлдір, табиғаты - көркем. Алматы мен Алматы облысында бір рет көктем мезгілінде болып, жер бусанып, күн нұрына малынған далаға қызыл-сары қызғалдақтар мен құртқашаштар текемет боп жайылар ғажайып уақытты көрген адам әр сөзімді растайтын шығар. Сол көктемдер ешқашан есімнен кетпес. Біз сол шақта бір топ бала боп серуендеуге, гүл теруге шығушы ек. Бір сөзбен айтсақ, бос уақытымыздың көп бөлігін табиғат аясында өткіздік.

- Нағыз көшбасшының қабілеттері сіздің бойыңызға сол кездің өзінде сіңіп үлгерген шығар?

- Менің ойымша, нағыз көшбасшылық қасиеттер адам бойында шынайы бәсеке бар ортаның әсерімен қалыптасады.  Адам сондай бәсекеде сыналап, шыңдала түспек. Сөйтіп, "ешкімнен кем емеспін, менің де қолымнан бәрі келеді" деген ой пайда болады. Мектеп кезінде ұстаздар біздің сыныпқа үлкен дайындықпен және аздаған үреймен келуші еді. Өйткені сыныбымыздағы шәкірттер өте дарынды, білімді және жан-жақты болатын. Біз оларды өз ізденімпаздығымызбен-ақ таң қалдырдық. Әр бала бірінен-бірі қалғысы келмей, жаңа дүниелерді тануға, білімдерін шыңдай түсуге ұмтылатын. Сол себепті оқу кезеңінің аяғында арамыздан төрт медалист шықты. Бүгінде сол ұстаздарымыз бізбен мақтанатын шығар деп ойлаймын.

- Бүгінгі күні сіз ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарып отырсыз. 20 жылдық еңбек жолыңызда әртүрлі дәрежедегі ведомстволардың басшылығында болдыңыз. Сонымен қатар Астана қаласы әкімінің орынбасары болып та қызмет атқарғансыз. Өміріңізді не себепті мемлекеттік жұмысқа арнадыңыз?

- Біздің буын Совет Одағының тарағанын көрді. Жастық шағымыз Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретінде енді-енді аяғына тұрып жатқан кезеңіне тура келді. Бұл, сөзсіз, өте қиын уақыт еді. Адамдар мүмкін болған жұмыстың бәрін істеді. Сондықтан менің мемлекеттік қызметтегі жолым жеңіл болмады деп айтуға толық негіз бар. Алғашқы қадамым Алматы облысы әкімдігінің жетекші маманы қызметін атқарушы ретінде басталған. Декреттік демалысқа шыққан маманның орнына келген кезім-тін.

Алғашында, мемлекеттік қызметтегі жұмысым уақытша деп ойладым. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмайды ғой. Кейін "уақытша" отырған жерімнен тұрақты орынға келдім. Сөйтіп, негізгі еңбек жолым басталды.

- Сіздің "аспанға апарар баспалдағыңыз" қалай басталды? Бүгінгі дәрежеге жеткізген және тұлға ретінде қалыптастырған негізгі үш қасиетіңізді атай аласыз ба?

- Бұл сұраққа мен жоғарыда жауап бердім деп ойлаймын. Ал адамды ерекшелейтін, жетістікке жеткізетін қасиеттер туралы айтар болсақ, олар: еңбекқорлық, жауапкершілік және тәртіп.

- Біздің елде тамыр-таныссыз, аға-көкелерсіз жақсы қызметке орналасып, биліктің төріне шығуға бола ма?

- Атап өткенімдей, адам баласы еңбекқор, жауапты һәм мақсатшыл болса, ол қандай да болсын қызметтің шыңына шықпақ. Оған біздің елдегі талай белді, сыйлы азаматтар мысал бола алады.

- Қазақстандық әйелдер саясатта қалай "өмір сүреді"?

- Әскердегідей (жымиып).

- Әйел адам ретінде саяси немесе гендерлік дискриминациямен бетпе-бет келген кезіңіз болды ма? Мысал үшін, ер азамат өзіңізбен бір жерде, бір деңгейде жұмыс атқара тұрып, сізден көп жалақы алып, болмаса жұмыста көп артықшылыққа, яки үстемдікке ие болды делік...

- Бәлкім. Егер мұндай түсініктер әлі күнге дейін сақталғаны рас болса, адамдар сондай сорақы оқиғалармен бетпе-бет кеп жүрген де шығар...

- Сіз "жабық адамсыз" ба?

- Жоқ.

- Әлеуметтік желімен доссыз ба? Фейсбукта 5 мыңға жуық жазылушыңыз бар. Фолловерлеріңізбен ара-тұра араласып, олардың сұрақтарына жауап беріп тұрасыз ба?

- Меніңше, Фейсбукта өзіндік шектеу болмағанда, ондағы достарым 5 мың ғана адам болмас еді. 

Тағы бір атап өтер жәйт, менің жеке аккаунтым - атқарып жүрген қызметіме ешқандай қатысы жоқ. Сол себепті маған жұмыс бабымен немесе соған қатысты сұрақ қоятындарға әдейі жауап бермеймін. Ол үшін өзге ресми алаңдар, арнайы орталар бар. Ал, жеке сұрақтарға келсек, мен көп адаммен араласып, хат жазысып тұрамын. Ой-пікірлеріммен, кеңестеріммен де бөлісіп отырамын. 

- Жазушыларыңыздың арасында есте қаларлық пікір білдіргендер, я хат жазғандар болды ма?

- Түсін түстеп нақты бірдеңе көрсете алмаймын. Дегенмен сезімдерін білдіріп, маған арнаған жыр жолдарын жіберіп жататындар да жоқ емес.

- Біздің шенеуніктер не себепті халықтан алыстап, құпия қарым-қатынас ұстанғанды жөн санайды? Қазақстандық шенеуніктің жағымсыз имиджіне қалай қарайсыз? Жалпы сондай түсініктермен келісесіз бе?

- Жоқ, келіспеймін. Елімізде шенеуніктерге қатысты көбіне БАҚ таратқан қате ақпараттардың және өзге де жаңсақ ойлардың әсерінен туған, жеке тәжірибеге негізделмеген теріс пікірлер қалыптасып қалған. Әрине, бізде де өзге елдердегідей қызметтік бабын жеке басының шаруалары үшін асыра пайдаланатындар бар. Дегенмен мемлекеттік қызметкерлердің көбі - өз ісіне адал, жөні түзу азаматтар.

- Әлеуметтік желілердегі негативті қалай қабылдайсыз? «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты сын-ескертпелер аз айтылмайды. Кей кезде адамдар мұның мән-маңызын жете түсінбейтіндей әсер қалдырады. Бұл - дұрыс ұғына алмай жатқан көпшіліктің мәселесі ме, әлде ақпараттандырудың тиімсіз жұмысынан ба?

- Бұл сауалға соншалық кесімді жауап беру әсте болмас. Цифрлы дәуірде адамдардың көпшілігі ақпараттар тасқынының әсерінен маңызды мәліметтерді сұрыптай алмай жатады. Бір жағынан алып қарасақ, «Рухани жаңғыру» секілді барлық қазақстандыққа бағытталған бағдарламада мемлекеттік органдардың ақпарат таратуы қиынға айнала бастады. Барша халықты бір мезетте қызықтырып, назарын аударту мүмкін еместігін өзіңіз де жақсы түсінесіз.

Бағдарламаны алдымен айрықша белсенді азаматтар, бизнесмендер, интеллигенция және жастардың бөлек топтары ерекше қолдады. Дегенмен де, бағдарлама қазір жаңа серпін алды, әлі де жұмыс жасауын жалғастыра түспек, сол себепті де әр күн сайын оны қолдаушылар саны артып келеді. Бұл процестің тоқтамайтынына бек сенімдімін.

- Сіз әрқашан тартымды, әсем көрінесіз. Мұның үлкен қажыр-қайратты талап ететіні әйелдер қауымына жақсы мәлім. Жеке күтімге қаншалықты көңіл бөлесіз? Опа-далап жағу, макияж жасау секілді күнделікті істерге көп уақыт жұмсайтын шығарсыз?

- Менің ойымша, әйелдердің сыртқы сұлулығы мен сән-сымбаты – ішкі әлемінің айнасы, тікелей көшірмесі. Ал, әйелдердің ішкі әлемі айналасындағылар үшін, әсіресе ер азаматтар үшін әрқашан жұмбақ болып қалуы тиіс.

- Сіздің жеке қажеттілігіңіз, киім-кешек, сырт келбет, күтім жасау отбасылық бюджеттің қанша бөлігін құрайды?

- Бұл - тұрақты шығынға жатпайды, тек қажеттіліктерге байланысты.

Сіз – бір азаматтың жары және үш баланың анасысыз. Сіздің қызметіңіз мінезіңіз бен әйел ретіндегі болмысыңызға қалай әсер етеді? Әйел заты үшін жанұялық өмірді жауапкершілігі мол қызметпен қатар алып жүру қиын емес пе?

- Бұл сұраққа мен қысқаша жауап берер ем: солай болуы тиіс.

- Олар үй шаруасына көмектесе ме? Әлде, сіз бар мәселемен өзіңіз айналысасыз ба? Үйдегілеріңізге тұрақты түрде ас әзірлеуге қолыңыз тие ме? Жұмысыңыз да аз емес, іссапарларға да жиі шығасыз...

- Үй шаруасында үнемі көмектесіп, балаларымды бағып-қағып, тәрбиелеп жүрген анама ерекше алғыс білдіргім келеді. Ол – біздің тірегіміз. Менің барлық жетістігім - сол кісінің қамқорлығы мен қолдауының арқасы.

Өзімді әлі кішкентай бала сезіне алатыным үшін бақыттымын!

Қазіргі заманда қазақстандық әйелдерге қазан-ошақ басында ғана жүріп, өз жары мен отбасына жақсы өмір сүру үшін қолайлы мүмкіндік жасап, сонымен бірге карьера құрып, басшылық қызметтер атқаруға мүмкіндік бар ма?

- Қай салада болмасын жетістікке жету үшін күні-түні қалтқысыз еңбек ету керек. Адамзатты өз әлеміне байлап алған бүгінгі «интернет дәуірінде» үй қызметіне қатысты шаруаның барлығы автоматтандырылса да, олар жанұядағы адамдардың бір-біріне деген іңкәрлігін, махаббатын және қамқорлығын ысырып тастай алмайды. Сол себепті мен жұмысымның көптігіне қарамастан, жақын да сүйікті жандар үшін үлкен сүйіспеншілікпен ас әзірлеймін.

Ал, шынтуайтына келгенде, бәрі де – жеке мәселе. Әр отбасының өз қарым-қатынасы мен заңдылықтары бар. Ең бастысы, адамдар бірге бақытты күн кешуі керек.

Соңғы рет көзіңізге жас алған кезіңіз есіңізде ме?

- Әйелдің көз жасы мен үшін таңсық емес, оның үстіне туған-туыс пен сүйікті жандарға қатысты болса.

Соңғы рет жақын адамның бейітінде тұрып жылағам...

- Саяхатқа жиі шығып тұрасыз ба? Жұмысыңызға да, отбасыңызға да көңіл бөлу үшін күшті қайдан аласыз? Медитация жасайсыз ба, спортпен шұғылданасыз ба, ән айтасыз ба, әлде құрбыларыңызбен кездесіп тұрасыз ба?

- Өкінішке орай, тығыз жұмыс кестесіне байланысты сіз айтып отырғаннан бәріне уақыт табу мүмкін емес. Демалыс күндері балаларыма уақыт бөле отырып, өзіме қажет күш жинаймын. Олар - менің қуатым, жан-жүрегім және осал тұсым.

Аударған: Ұлт порталы